Ұраны жалғасқан ұрпақ

Зерде
Қаншама замандар бойы көздің қырында, оқтың ұшында болып келген Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін қазіргі қазақ жұрты елін, жерін жаудан қорғап қалған батырларының есімдерін қайта жаңғыртып, ардақтап жатыр.
30 маусым-1 шілде күндері Шалқар ауданында Тілеу батыр ұрпағы, ел айбары, қорғаны болған Достан би, оның баласы Мамай батыр бастаған 30 ұлына арнап ас берілгелі отыр. Ас беру барысында баба аруағына тәу ету, Құран шығарумен қатар, «Ел үмітін ер ақтар, Ер атағын ел сақтар» атты спорттық сайыстар, «Ақырып теңдік сұраған» атты тарихи-танымдық конференция өткізіліп, «Достан би (Шекті шері)» атты спектакль ұсынылады, термеші-жыраулар ерлік жырларын толғайды.
* * *
Қалмақтарға қарсы күрестерде көзге түсіп, талай соғыстарда жеңіске жеткен Тілеу батыр XVII ғасырдың 60-70 жылдарында бүкіл елге танылған тұлғаға айналады.
Олай болатыны, Тілеу батыр бабамыз Әз Тәукені хан сайлауға қатысқан. Күлтөбеде осы хан сайлау жиынында әрі батыр, әрі би Тілеу бабамыздың сөздері өтімді болып, Тәуке ханды жақтаған.
Өзі туған өңірдің көп тарихын жырға айналдырған әйгілі Сарышолақ шайыр:
Сөзімнің жоқ қатасы,
Қабыл болған батасы,
Күлтөбеде сөз алған
Тілеу — елдің атасы, — дейді.
Осы жиында Тілеу батыр «Адамның сұңқары» атанады. Сондай-ақ Тәуке хан Тілеу батырға риза болып, оны өзінің ақылшысы, кеңесшілерінің бірі етеді.
Тілеу бабамыз бүкіл қазақтың рухани көсемі, Сопы Әзізді пір сайлауға да қатысқан.
1682-1684 жылдардағы Сайрам соғысына Тілеу батыр Батыс аймақтан әрісі Маңғыстау, берісі Бершүкір, Ұлы Борсық, Арал өңірі, Сағыз, Жем, Елек, Ойыл өзендерін жайлаған қалың елден шамамен он жеті мыңдай қол жинап, Тәуке ханның алдынан өтіп, баласы Жолдаяқ, немере інісі Қалдыбаймен бірге соғысқа келіп кіреді.
Осы Сайрам түбіндегі үш жылға созылған текетірес соғыста қолбасшы Тілеу батырдың абыройы артып, атақ-даңқы жауына үрей туғызады. Академик Мұрат Жұрынов: «Қазақ елінің алғашқы іргетасы қаланып жатқан кездегі ұлы ұрыста ерлік көрсетіп, қаза болған қазақтың ең бірінші батыры кім дегенде, мен осы Тілеу батырдың атын атау керек дер едім», — деген болатын Түркістанда болған ғылыми конференцияда.
* * *
Тілеу батырдың ұрпақтары оның бес баласынан тарайды.
Олар: Есіргеміс, Әлдеберлі, Жолдаяқ, Жақсымбет және Мөңке.
Қазіргі кезде осы бес ұлдан тараған ұрпақтар жеке-жеке ру бөліміне айналып отыр. Ал Тілеу руының түп атасы — Тілеу батыр Айтұлы бабамыз.
Осы Тілеудің бес ұлының бірі Әлдеберліден: Жалтума, Құлтума, Қалмамбет (Даулей), Құлмамбет (Тайжетер) тарайды.
Жалтумадан — Қазыбай, Тәңірберген, Қожас, Бестоқал.
Тәңірбергеннен Бәйімбет, Сәмбет, Ершімбет, Достан, Қостан, Ерке болып тарайды.
Тәңірберген де би, батыр болған. Ол Кіші жүз қазақтарының, оның ішінде Шекті тайпаларының Ресей мемлекетінің қол астына кіруіне қарсы болған, руы Жақайым Сырлыбай би бастаған топтың белсенді мүшесі болған.
* * *
Тәңірберген балаларының бірі — отыз ұлды Достан би бабамыз.
Достан би Тәңірбергенұлы шамамен 1758 жылдары Шалқар ауданы Талдықұм елді мекенінде дүниеге келген. Заманында дәулетті, қайырымы асқан бай болған.
Орыс зерттеушісі И.Ф.Бламбергтің Санкт-Петербургте 1852 жылы шыққан «Кіші жүз қырғыздарының жері» деген кітабында «Шектінің Тілеуінен шыққан Достан биде 12 000 жылқы, 2500 түйе, 40 000 қой болған. Достан — қырғыз-қайсақ даласындағы ең бай әрі мырза адам» деген жолдар бар.
Достан бидің байлығы жөнінде Ақкетеден шыққан Жаскілең ақынның Мұрат Мөңкеұлымен айтысында:
Біздің Әлім ішінде,
Отыз ұлды Достан бар,
Көшкен күні желіде,
Ұмыт қалып боздаған
Жүз аруана, тоқсан нар
Байлық жағын сұрасаң,
Әнеки, сондай жоспар бар, — дейтіні бар.
Осы И.Ф.Бламбергтің хабарында Достанның 11 әйелі, 32 ұлы бар екендігі жазылады. Әр әйелі бір-бір ауыл болғанда, әр ауылда 20-25 шаңырақ бар екен. Бидің ауылдары балалары мен немерелерінен тұратын сақадай сай қаруланған 100 атты жасақ ұстайтыны, олардың бәрі дәулетті екені жазылған.
Сонымен қатар жоғарыда көрсетілген малды бағып-күтуде және басқа да шаруалар жасау үшін мыңға жуық шаруа адамдар жұмыс жасаған.
Орынбор генерал-губернаторы О.А.Игельстром II Екатеринаға жазған бір хатында Кіші жүз Шектілерінің арасында аса беделді би, Достан би бір мезетте 300-ге дейін атты жасақ шығара алатынын жазған. Бұның бәрі тарихшы Закратдин Байдосовтың зерттеулерінде көрсетілген.
* * *
Достан бабамызға ешбір дұшпанның тісі батпаған, айбынды адам болған. Достанның шөбересі Бекбастың Ырысқұлы біреумен айтысқанда:
Арғы атам — Тәңірберген бабам Достан,
Мал, басты патша құдай берген бастан,
Аузы бір, басы бүтін жүрген шақта,
Алдынан кесе өтпеген ешбір дұшпан, — дейді.
Достан би патшалық Ресейдің отарлау саясатына қарсы Сырым Датұлы бастаған 1783-1797 жылдардағы ұлт-азаттық қозғалысқа қатысқан. 1786 жылы Сырым Шекті еліне келгенде, көтерілісшілердің қажетіне 400 сәйгүлік берген, Сырым батырдың сенімді серігі болған. Сырым батыр Достанмен кеңесіп отырған.
Достан өзінің балаларымен Көтібар батыр бастаған көтеріліске қатысып, Арыстан, Қарағұл, Есет батырлармен қарулас болған. Достан би Көтібар батырмен замандас, сыйлас, қоныстас болып, бірге көшіп-қонып жүрген көрінеді.
Журналист, жазушы Ағлепес Нәубетияров «Актюбинский вестник» газетінде 2016 жылғы 16 қарашада (№198-199) жариялаған «Көтібар — өз заманының батыр ұлы» деген мақаласында былай деп жазады:
«Елек өзенінің жоғарғы саласындағы жерлер шектілердің көшіп-қонып жүрген жаз жайлауы болған. 1829 жылы жаз айларында патша үкіметі 80 жастағы Достан батырды өз ауылында, осы Бестамақ қонысында тұтқындап әкеткен. Ал 1831 жылы айдауда жүрген поляк-гимназист Иван Виткевичті сұлтан-правитель Жүсіп Нұралин Тілеу-Қабақ ауылына іссапарға жіберіп, сонда барғанда Көтібар ауылы Қарғалы өзеніне жақын жердегі Алабайтал қонысында отырған деп айтылады.
Бұны, Батақтың баласы Сарының інісі Мұхамедиярдың мына өлеңі дәлелдей түседі:
Біздің ел қайтушы еді Елек жайлап,
Қоңынан жарылатын бота-тайлақ.
Шектінің найза ұстаған батырлары,
Жауына аттанатын Бақтыбайлап.
…Біздің ел қайтушы еді Сазды жайлап,
Тепсеңге су шыққанша бие байлап,
Қызыл шай жез самауырын саздың суы,
Сәскеде пісуші еді-ау әзер қайнап.
Шынаяқ, алтын кесе, күміс қасық,
Сұлулар шай құюшы еді көзі жайнап.
Шақырып бір-біріне бие сойып,
Қариялар қайтушы еді кеңес ойлап, — дейді (Бұндағы Сазды дегені — Сазды өзені)
Міне, осы жерлерінен айырылып қалу қаупі туған кезде Ресей патшалығының қазақтарға жасаған қыспағына қарсы жері мен тағдырына өздері ие болу үшін Көтібар, Достан батырлар бастаған шектілер Ресей отаршылығына қарсы көтеріліске шығады. Бірнеше жүз адамнан құрылған жасақтар орыстардың бекінісіне ұдайы шабуыл жасап, жылқыларын қуып кетіп, адамдарын тұтқынға алып отырған.
* * *
1808-1814 жылдары Көтібар, Арыстан, Достан бастаған 300-ге жуық қазақ жасақшыларының күн құрғатпай бекіністерге шабуыл жасап отырғанын шекара сызығының бекініс басшылары Орынбор өлкелік бекініс басшыларына хабарлап отырған.
Осы кездері әкесі Достан батырдың бүкіл іс-әрекеттерінде бірге болып, жауға жасаған барлық шабуылдар мен шайқастарына қатысып, асқан батылдық, ерлік көрсеткен Достанның баласы Мамай батыр да болды.
Мамай батыр 1780 жылдары Шалқар ауданы Талдықұм жерінде дүниеге келіп, 1860 жылдары осы өңірде қайтыс болған. Мамай сыртқы жаулармен қарсы соғыстарда және ішкі ел арасында болып тұратын қақтығыстарда асқан ерлік көрсетіп, жекпе-жек ұрыстарда айласын асырған, керемет қара күшімен танылған. Ол өз заманында Көтібар, Арыстан, Қарағұл, Жармен, Есет батырлармен қарулас болған. Жауына аса мейірімсіз, қатал, өжет, ешкімнен қорқып айылын жимаған ержүрек адам болған. Ол «жауын аяған — жаралы» деген қағиданы қатаң ұстаған.
Бірде Мамайдың анасынан: «Жеңеше, өзге балаларыңыз жөндем ғой, мына Мамайыңыз ерекше ер, өжет жауына қатал ғой, бұл қалайша?» — деп сұрайды қайнылары. Сонда Қызай әже: «Мамайға екіқабат едім, көшіп келеміз. Бір алапат шөл басты. Көш-жөнекей құдықтардан қанша су ішсем де, шөлім қанбады, қонып, жүк түсіріп жатқанда жүгіріп барып қазған құдықтан су тартып іштім де, шөлім сап басылды. Артынан құдықты аршу үшін суын сарықса, түбінде үлкен арлан қасқыр өліп жатыр екен. Мамайдың бірбеткей, жауына мейрімсіз, өжет болуы содан болса керек», — депті.
Көнекөз қариялардың әкелерінен естіп сипаттауынша, Мамай сом денелі, ірі, басына шаш шықпаған, сұсты, екі жауырыны мен төсінің арасында жылқының қара құйрығындай ұзын, қалың жалы болған көрінеді.
Мамай батырдың көріпкел әулиелігі де болған. Мазарының басына кешегі күнге дейін бала көтермеген әйелдер, сырқаты бар адамдар, жоғын жоқтаған жоқшылар түнейтін болған.
Талдықұмдық Абдол Такин ақсақал былай деп еске алады:
«Ағасы Самайдың баласы Елеместің екі әйелі болған. Осы әйелдері біразға дейін бала көтермей жүріп, бір күні Мамай атасынан бата сұрап барады. Сонда Мамай атамыз: «Қолдарыңды жайыңдар», — деп бата береді — «Бір, екі, үш,төрт, бес», — деп , алтыншы саусағын бүгіп қалады да: «Бір бала өледі-дағы, екеуің бес-бестен он бала туасыңдар», — депті. Айтқаны келіп, әлгі екі келіні бес баладан он бала туған екен.
Сол замандарда бір елдің ұрылары бірнеше үйір жылқыны барымталап қуып келе жатады. Мамайдың тамының тұсына жете бергенде тұман түсіп, қараңғылық басып, тамы жоғары көтеріліп, үстеріне төніп тұрғандай әсер етіп, қарауытып үрей туғызады.
Олар: «Астафралла, мына Мамай тірісінде де қорқынышты суық еді, өлгенде де қорқыныш туғызыды екен, бұл тегін емес, бір бәлеге ұшырармыз», — деп, жылқыларын кейін қарай қуып, тастап, қаша жөнеліпті.
Шетырғыздық Бақыт Балышев деген кісі бір үйір жылқысынан айырылып қалады да, неше күн іздеп таба алмайды. Содан «Мамай бабам тегін адам емес деуші еді, басына барып түнейінші, шапағаты тиер» деп ойлайды. Ертеңіне шын ниет етіп, Мамай бабасының басына түнеп, тілек тілейді. Ертеңгісін тұрса, жылқылары іргедегі сайдан жайылып шығып келе жатады.
Міне, мұндай естеліктерді көптеп келтіруге болады.
Мамай бабамыз батырлығымен, әулиелігімен ел ішінде өте беделді, аруақты, құрметті, сыйлы тұлға болғанын Батақтың баласы, Мамайдың немересі — Мұхамедияр Ырыскелді деген ақынмен айтысқанда былай деген:
Тең бе еді сенің атаң Мамайменен,
Не керек кемшілікті жамай берген.
Олжаға Әлім болып бөліскенде,
Мамайға Тілеу-Қабақ жолын берген.
* * *
Мамай атамыз екі әйел алған.Сол екі әйелінен 9 бала болған.
Бәйбішесінен: Әлжан, Бәшей, Батақ, Наурызбай.
Әлжаннан — 8 бала, Бәшейден — 9 бала, Батақтан — 5 бала, Наурызбайдан — 2 бала. Екінші әйелінен 5 бала болған.
Достан бабамыздың 11 әйелінен тараған отыз ұлының аттарын бұрын жазғанмын, қате кеткен жері болса, ұрпақтары түзетер деп. Әзірге ешбір өзгерту, түзетулер, толықтырулар болған жоқ.
1998 жылы Достан бабаның 240 жылдығына және кесенесінің қайда тұрғызылуына орай өткізілген тойында белгілі ақын, Достан әулетіне күйеу Ертай Ашықбаев өлең жолдаған болатын:
…Түседі еске тербелісі көкке әуен қосқан күйдің,
Орда болып отау құрған отыз ұлы Достан бидің.
Достан бидің отыз ұлы отыз қылыш қайрағанда,
Не болмаса отыз үйде отыз бұлбұл сайрағанда,
Отыз керме маңдайына отыз тұлпар байлағанда,
Басқа қандай бақ болыпты балаларға бай даламда!
Отыз үйге отыз рет аққу болып қонды қыздар,
Ай, шіркін-ай, көз тимесін, міне, қанша болдыңыздар!
Қазақстан сабақ алып уақытша қатесінен,
Бір кешірім сұрар ма екен отыз ұлдың әкесінен?
Сәл демалтып доллар толы, цифр толы жоспар миды,
Жас қазақтар үлгі қылып ұстар ма екен Достан биді?
Енді, міне, биыл Достан баласы Мамай батырдың да 240 жылдығына орай Ақтаудың ақ тасынан үлкен сәулетті кесене тұрғызып, тойын өткізгелі жатыр.
Мамайдың зираты өзінің туған жерінде Талдықұм өңірінде Балғасын маңында, Тебіздің жағасына жақын жерде. Сол уақытта басына үлкен күмбезді мазар там тұрғызған. Мұндай мазарды кез келген адамға тұрғыза бермейтіні белгілі. Кезінде мазарының ішінде 1930-1940 жылдарға дейін кілем, оюлы текемет, төрінде қамшы, қылыш ілініп, босағада адалбақан болған. Кейін адамдар бұларды Құран оқып алып кеткен.
Бүгінгі күндері өткізіліп жатқан бұл шара, біріншіден, елдікті көрсететін, ата-баба рухын құрметтеп тағзым етуге, баба ұрпақтарын ауызбіршілікке, имандылыққа шақыру, рухани тәрбие беру деп ұққан жөн.
Достан бабамыздың өлер алдында жиналған балаларына айтқан соңғы өсиеті мынау болған екен:
«Баймын деп тасыма, шайқалып төгіледі,
Көппін деп астанба, алауыз боласың.
Азбын деп жасыма, білігің болсын,
Халқыңа сыйымды бол.
Береке басы — бірлікте, байлық басы — тірлікте.
Шіркін, жалған дүние-ай, өтесің де кетесің».
Осылай деп көзін жұмған екен дейді қасиетті абзал бабамыз.
Осы күндері Достан бабамыздың ұрпақтары алты-жеті атаға жетіп қалды.
Иншалла, Достан баба ұрпақтары бабасының өсиетін әлі күнге дейін орындап келеді. Ағайын арасы ашылмай, «бәріміз бір Достан бабаның әулетіміз» дейді. Осы татулығымыз, ауызбіршілігіміз ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, мәңгілік болғай.
Еліміз аман, жұртымыз тыныш, жеріміз тұтас, тұғырымыз берік болғай.
Аманғос СЕЙТМАҒАНБЕТОВ,
Шалқар ауданының құрметті азаматы, денсаулық сақтау саласының ардагері.



