Жаңалықтар

Дәрігерлер отбасы

Саналы ғұмырын медицинаға арнаған, бірнеше ұрпақ осы салада еңбек еткен әулеттер арамызда аз емес. Сол қатардағы Қорғанбековтер отбасын ақтөбеліктердің біразы жақсы біледі.

Алға аудандық орталық ауруханасының негізін қалаушылардың бірі, сонда бас дәрігер болған, кейін ұзақ жылдар бойы Ақтөбе қаласындағы медицина мекемелерінде еңбек еткен Денсаулық сақтау ісінің үздігіСерғазы Қорғанбеков — көзі тірісінде талай адамның алғысына бөленген ақ халатты абзал жан. Ол кісімен 60 жылға жуық уақыт бойы отасқан зайыбы Әбила Оразалықызы да өмірін медицинамен байланыстырған.

— Жолдасым Серғазы — Әйтеке би ауданының (бұрынғы Қарабұтақ) перзенті. Ақтөбедегі медицина училищесінде, одан кейін медициналық институтта білім алған. Әр жылдары Ырғыз, Алға аудандарында жұмыс істеді. Соның ішінде  Алға аудандық орталық ауруханасына еңбегі ерекше сіңген. Сол жерде хирург, травматолог, кейіннен бас дәрігер болды. Қаладағы облыстық, қалалық ауруханаларда да бөлім меңгеруші қызметін абыроймен атқарды. Сол еңбегі ескерілген болуы керек, КСРО-ның «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталып, Қазақстанның құрметті травматолог-ортопеді атанды. 1992 жылы зейнеткерлік демалысқа шықты. Өкінішке қарай, 2021 жылы 82 жасқа қарағаншағында қайтыс болды.

Өзім де Ақтөбе медициналық институтының түлегімін. 37 жылға жуық көз дәрігері болып еңбек еттім. Еңбек ете жүріп, балаларымызға жаңа тәрбие беруге тырыстық. Тұңғышымыз Назым жолымызды қуса, ұлымыз Асқар — саясаттанушы мамандығының иесі, — дейді ардагер дәрігер Әбила Оразалықызы.

Әлгінде айтылғандай, Назым Серғазықызы — медицина ғылымдарының докторы. Анасы сынды кішкентайынан көз дәрігері болуды армандап, осы жолда бірнеше жоғары оқу орнын тәмамдаған. Қызының ұйытқы болуымен былтыр Алға аудандық орталық ауруханасының ғимаратына Серғазы Қорғанбековтің құрметіне ескерткіш тақта орнатылған.

— Әкем өмірде барында-ақ қарапайым жұртшылықтың құрметіне бөленген. Бірақ атқарушы билік, құзырлы органдағылар да ескерсе деген тілек бар. Ұрпағы ретінде біз әкемізге «Әйтеке би ауданының құрметті азаматы» атағы берілгенін қалаймыз. Осы іс оңынан шешілсе, әкемнің де рухы шат болар еді… 40 жыл өмірін медицинаға арнаған жоғары білікті дәрігер бұған лайықты деп ойлаймын. Бұл — өскелең ұрпаққа үлгі, бізге үлкен қуаныш болатыны сөзсіз, — дейді қызы Назым.

Медицина қызметкерлері күні қарсаңында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылығы сала ардагері Әбила Оразалықызын кәсіби мерекесімен құттықтап, кеудесіне салалық бірлестік атынан «Асыл дәрігер» төсбелгісін таққанын айта кету керек. Мұндай құрметті дәрігерлер әулетінің өкілі ерекше ілтипатпен қабылдаған.

Серғазы Қорғанбеков құрметті демалысқа шыққан соң кәсіпкерлікке ден қойып, өзін басқа қырынан сынап көрген. Бірақ бәрібір денсаулық сақтау ісінен алыстамай, жекеменшік дәріханалар желісін жүргізіпті. Қолы қалт еткенде музыкаға да уақыт тауып, домбыра, гитара, скрипка тәрізді аспаптарда жақсы ойнаған. Қолына қалам алып,2019 жылы жүріп өткен жолы, өмірінде кездескен адамдары туралы «Өнегелі өмір ізімен» атты кітабын жарыққа шығарыпты. Аталған ғұмырнамалық еңбекті парақтай отырып, дәрігердің арасында өлең, әңгіме жазғанына да қанық болдық. Бір сөзбен айтқанда, «сегіз қырлы, бір сырлы» азамат өзі айналысқан қай істе де кітабында жазғандай, өнегелі ізін қалдырып үлгерген. Балалары мен немерелері соны жанына медет тұтып, дәрігердің есімі әлі де ұлықталғанын қалайды.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button