Кәсіби әдеп немесе деонтология

Нұрмұханбет ДИЯРОВ,
«Ақтөбе»
Ойтүрткі
Алдымызда ақ халатты абзал жандардың кәсіби мерекесі күні жақындап келеді. Біз нақ осы сәтте әлемдегі ең ізгілікті мамандық иелеріне алғыс-сезімімізді, ақжарма тілектерімізді білдіргіміз келеді. Өйткені олар — адам жанының арашашысы. Бір жерің ауырса, бір Аллаға сыйынып, әуелі дәрігердің алдына баратының ақиқат. Өйткені оған
сенесің, сенің тағдырыңның тетігі сол кәсіп иесінің қолында тұрғанына күмәнсіз қарайсың.
Осы бағытта әңгіме қозғағанда дәрігердің кәсіби әдебіне тоқталмай өте алмаймыз. Бұл дегеніңіз, шынын айтқанда, дәрігердің ұстанымы. Алдына үміт артып келген сырқат адам мен оны емдеуші дәрігер арасында сенім орнамай, алдан жарық сәуле көрінбейді. Емдеу кезіндегі дәрігер мен науқастың қарым-қатынасының моральды-этикалық мәселелерін ғылымда деонтологияның маңызды тармағы ретінде қарастырады. Деонтология — дәрігердің өнеге, әдеп жиынтығының бірі ретінде қабылданады.
Осыдан он шақты жыл бұрын ҚР еңбек сіңірген дәрігері, жоғары категориядағы денсаулық сақтау ұйымдастырушысы, денсаулық сақтау ісінің үздігі Ізбасқан Аймағамбетов ағамыздың «Деонтология немесе дәрігердің адами пішіні» атты мақаласын оқып шыққанбыз. Сонда ол,«Дәрігердің жай ғана жұбату сөзі сиқырлы сауықтыру күшін бере алады, керісінше, иландыру күшін білмейтін немесе білгісі білмейтін дәрігердің сырқатқа қатал да суық үкімі шын мағынасында өлім әкеледі. Егер дәрігермен әңгімелескеннен кейін сырқат адам жанына жеңілдік сезінбейтін болса, ол дәрігер емес» дегені бар-ды.
Осы ретте бір замандасымыздың мына әңгімесі ойға оралады: «Бірде жас дәрігер қызға қаралып, ол қан қысымына байланысты дәрі белгілеп, оны үзбей екі ай ішетінімді айтты. Сосын таза ауада көбірек жүріп, ішетін тамаққа мән беруім қажеттігін жеткізді. Жылы сөзіне қуанып, «Айналайын, екі айдан кейін дәрі ішуді тоқтатамын ба?» дедім. Ол бірден «Ағай, енді дәріні өмір бойы ішесіз!» деді біртүрлі салқын қалыппын. Менің де жүрегім мұздап кетті. Басқаша айтуына болмас па еді…».
Ежелгі грек философы Сократ айтқан екен «Жанды емдемей, тәнді емдей алмайсың» деп. Әдетте сырқат адам тән саулығын жазар деп сеніммен келгенде, оның жан дүниесін жарақаттап жіберетін кездер кездесіп қалатынын қалайша жасырамыз?!
Медицина ғылымдарының кандидаты, профессор, білікті хирург Сәубет Келімбердиевпен сөйлескенімізде ол «Мен өз шәкірттеріме, ең алдымен кішіпейіл болыңдар деп айтып отырамын. Алдыңа келген адамды тыңдай білу, оны түсіну, ішіне ену — үлкен өнер. Ол саған сенгеннен кейін ашылады, күдіктен арылады. Яғни дәрігер мен сырқат жанның арасына кері байланыс орнауға тиіс», — деп өзінің өмір тәжірибесімен бөлісті.
Тарих тағылымына көз салсақ, Гиппократ өзінің атақты «антында» дәрігер ұстанымының моральдық-этикалық және адамгершілік нормаларын белгілеп береді. Оның ұлылығы бәрінен адамгершілікті алға шығаруында, ол адамды табиғаттың тәжі деп санаған.
Ұлы ғұлама Ибн Сина медицина туралы ойын былайша түйіндеген екен: «Дәрігердің үш қаруы бар. Бірі — пышақ, екіншісі — шөп, үшіншісі — сөз».
Танымал дәрігер, ұлағатты ұстаз, академик Намаз Ізімбергенов өзінің 1994 жылы Алматыдағы «Қазақстан» баспасынан шыққан «Хирургиядағы деонтология» кітабында осы жайды өрістетіп айтады.
Көрнекті жазушы, өзі де дәрігер, кезінде Мәскеу университетінің медицина факультетін бітірген Антон Чехов осыдан жүз отыз жылдың ар жағында «Медицина — адамның адамшылдығын әрдайым сынаушы сала» деп жазған екен. Сондай-ақ оның замандасы әрі өзі қызметке барған емдеу орнының меңгерушісі, доктор П.А.Архангельский естелігінде жазушы-дәрігердің сырқаттарға ерекше бір мейірбандықпен қарайтындығына мән береді.
Сондай жылы көзқарас, жүрек жылуыңыз сіздің бойыңызда бар ма, құрметті дәрігер!



