Жаңалықтар

Екінші ғасырға аяқ басты

Мерейтой

Өңіріміз ғана емес, жалпы еліміз бойынша ғасырлық тарихы бароқу орны өте аз. Солардың бірі — Ақтөбе гуманитарлық колледжі.

Бұл оқу орнының тарихы 1922-1923 оқу жылынан, яғни 1922 жылдың қараша айында құрылған Ақтөбе педагогикалық техникумынан бастау алады. Оның алғашқы директоры А.Афанасьев болған. Алғашқы оқу жылында 72 оқушы қабылданған.

ХХ ғасырдың 20-жылдарында қазақ ауылдарындағы білім ошақтарына мамандар даярлау мәселесі өзекті еді. Ақтөбе педагогикалық техникумы қабырғасында осы мәселеге ерекше ден қойылды. 1925-1927 жылдары техникумды Дәулетияр Имашев басқарды, сонымен қатар 1924-1929 жылдары губерниялық оқу-ағарту бөлімінде қызмет еткен Құдайберген Жұбанов, 1925 жылы Темір қаласынан Ақтөбеге көшіп келіп, губерниялық «Кедей» газеті редакторының орынбасары болған Жиенғали Тілепбергеновтер негізгі қызметтерімен қоса, осы оқу орнында оқытушы болып, сабақ берді. Құдайберген Жұбанов пен Жиенғали Тілепбергенов педтехникум ұжымының күшімен шыққан «Мұғалім» аталатын қолжазба журналға оқу процесін ұйымдастыру, т.б. мәселелер бойынша мақалалар да жазып тұрыпты.

1927-1928 оқу жылында педтехникумда қазақ қыздары үшін оқу тобы құрылып, бұл топқа 20 қазақ қызы қабылданды. Бұл кезең қауырт істердің уақыты болғаны белгілі, сондықтан тек күндізгі ғана емес, кешкі және сырттай оқу бөлімдерінің жұмыстары жандандырылды. Деректер бойынша 1925 жылы осында Ахмет Жұбанов та білім алып, ауыл мұғалімі болып еңбек еткен.

…Ал 30-жылдардың басындағы архив деректеріне үңілсек, құжаттардан Ақтөбе педагогикалық техникумы атауын таппайсыз. Дегенмен бұл оқу орны жабылып қалған жоқ, 1931 жылы оны екіге бөліп, қазақ бөлімдерін — Темір қаласына, өзге бөлімдерін Ақбұлақ елді мекеніне көшіру туралы шешім қабылданған.

1928 жылы Ақтөбе губерниясы таратылып, бірнеше округке бөлініп, ал 1932 жылы облыс болып қайта құрылғаны белгілі. Бастапқыда облыста 4 педагогикалық техникум болды: Қостанай, Федоров, Темір және Ақбұлақ техникумдары. 1933-1934 оқу жылында Темір педагогикалық техникумында 8 оқытушы қызмет етіпті.

1937 жылдан бастап оқу орны педагогикалық техникум емес, педагогикалық училище болып аталды. Бұл Темір педагогикалық техникумындағы ғана емес, сол кезде бүкіл КСРО бойынша жүргізілген өзгеріс еді.

1945 жылы, яғни 14 жылдан кейін педагогикалық училище Темірден қайтадан Ақтөбе қаласына көшірілді.

1960-70 жылдар оқу орнының кемеліне келіп, абыройы асқақтаған тұсы болды. Оқытушылар саны екі есе артты, жаңа бөлімдер, мысалы, мектепке дейінгі балалар және музыка бөлімдері ашылып, мамандар даярлай бастады. Осы кезеңде оқушылар саны да 600-ге дейін өскен.

1980 жылы училищеде барлық мамандық бойынша қазақ бөлімдері, сондай-ақ орта мектептерде еңбек пәні мұғалімдерін даярлайтын еңбек бөлімі ашылды. Оқушылар үшін 450 орындық жаңа жатақхана пайдалануға берілді.

1992 жылы оқу орнының 70 жылдық мерейтойы кеңінен атап өтілді. Ал келесі жылы педагогикалық колледж атанды. 1997 жылы оқу орны Ақтөбе мәдени-ағарту колледжімен біріктіріліп, Ақтөбе гуманитарлық колледжіне айналды.

Екінші ғасырға аяқ басқан оқу орнын әр жылдары Амантұрлы Екібаев, Рахила Сәрсенова, Әбдіғали Молдашев, Айғанша Отарбаева, Мәрия Құрманғалиева, Ниетжан Беріков, Жолдас Жалғасбаев, Ерболат Игіліков, Теміржан Бурин, Бердібек Өлмесеков,  Әкімгерей Көшербаев, Зейнолла Төлеубаев, Ералы Нұрғалиев, т.б. басқарды.

Осы уақыт ішінде оқу орнын 40 мыңнан астам түлек бітіріп шықты, олардың арасында Рәбиға Сыздықова, Бәкір Тәжібаев, Смағұл Мұқашев, Мұса Дінішев сынды танымал тұлғалар бар. Сондай-ақ ақтөбелік Кеңес Одағының Батырлары Ідіріс Үргенішбаев, Қожабай Жазықов және Федор Озмитель де осы оқу орнының түлектері.

Қазіргі басшылығы оқу орнының тарихын, оның қабырғасында қызмет еткен атақты тұлғалар мен даңқты түлектерінің өмір жолын насихаттау, жастарға өнеге ету мақсатымен «100 жылдыққа — 100 шара» акциясын жариялады, сөйтіп,өткен жылдан бері ғасырлық мерейтой аясындағы түрлі шаралар үзбей өткізіліп келеді.

Сәрсенбі күні колледжде ҚР еңбек сіңірген халыққа білім беру қызметкері, Еңбек Қызыл Ту орденінің және Ыбырай Алтынсарин медалінің иегері Айша Базарбайқызы атындағы шығармашылық-әдістемелік орталық ашылды.

Айша Базарбайқызы — 1961 жылы институт бітіргеннен бастап білім беру саласында ұзақ жылдар бойы еңбек еткен ұлағатты ұстаз. Атбасар, Шалқар қалаларында мұғалімдік қызметте болып, 1973 жылы Ақтөбе педагогикалық училищесіне жұмысқа тұрған. Зейнеттік демалысқа шыққанға дейін осы жерде алдымен физика, математика пәндерінің оқытушысы, кейіннен әдістемелік кабинеттің меңгерушісі болып қызмет етті.

Біздің оқу орнымыз барлық көрсеткіш жағынан алда, әрдайым мақтаулы болды. Алайда бір жолы әдістемелік кабинеттің ұйымдастырылмауына байланысты сынға ұшырадық. Сол кездегі басшымыз мені шақырып алып, дереу осы істі қолға алуды тапсырды. Күні-түні еңбектене жүріп, бір жыл ішінде әдістемелік кабинетті жасақтап шықтым, 11 пән бірлестігін құрдық, — деп еске алды ардагер ұстаз.

Шығармашылық-әдістемелік орталықтың ашылуына облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова келіп қатысып, құттықтау сөз сөйледі, жаңа орталықтың жұмысына сәттіліктер тіледі. Сондай-ақ ардагер ұстазды әріптестері, шәкірттері құттықтап, сый-сияпат көрсетті.

Шығармашылық-әдістемелік орталықтың бір қабырғасына Айша Базарбайқызының жиі айтатын ұлғатты сөздері, оның еңбектері, ұжыммен бірге түскен суреттері қойылыпты.

Сонымен бірге осы күні тілдер және математика бөлімінің түлектері деемтихан тапсырып жатты. Бес жылдан бері мұнда бітірушілер емтиханды бұрынғыдай ауызша емес,WorldSkills жүйесінің талабына сай тапсырады, яғни жиған білімін, ертеңгі күні өз шәкірттеріне не бере алатынын іс жүзінде көрсетеді.

Биыл колледжді 368 түлек бітіріп жатыр.

Айна САРЫБАЙ.

АРДАГЕР ҰСТАЗДЫҢ ӨСИЕТІ

Айша БАЗАРБАЙҚЫЗЫ,

ҚР еңбек сіңірген халыққа білім беру қызметкері, Ыбырай Алтынсарин медалінің иегері:

Біздің колледж — Ақтөбенің ең байырғы әрі ең танымал оқу орындарының бірі. Танымал дегенде, оны тек өз өңіріміз не елімізде ғана емес, халықаралық деңгейде танып-біледі. Өйткені біздің түлектеріміз бұрынғы КСРО-ның әр түкпірінде абыройлы маман болып, еңбек етіп жүр.

Мен осында Ысқақ Райымбергенов, Зоя Бралова, Дина Төлебаева, Қанжан Қазиева, Қанаш Жұмалин және басқа да белгілі ұстаздармен бірге еңбек еткенімді мақтан тұтамын. Біз алдымен өз мамандығымыздың, өз оқу орнымыздың абыройын ғана ойладық. Ұстаздың басты қасиеті — тазалық. Тазалық дегеніміз —өтірік айтудан, екіжүзділіктен аулақ болып, бар ғалам дүние жинаудан жарысқа түсіп жатса да, сен ондайдан өзіңді биік ұстап, адал еңбекпен, өз мақсат-мұратыңмен ғана

 өмір сүру. Біз мұны осы оқу орнында еңбек еткен алдыңғы буын аға-апаларымыздан үйрендік. Мен ұрпақтар сабақтастығы осындай қасиеттер арқылы жалғаса берсе екен деп тілеймін.

ҰШҚАН ҰЯМ

Ғайса НҰРМАНОВ,

тарих пәнінің оқытушысы:

Мен 1998-2001 жылдары осында білім алып, жоғары оқу орнын бітірген соң ұшқан ұяма қайта оралып, 18 жылдан бері өзімді оқытқан ұстаздарыммен бірге еңбек етіп келемін. Мемлекеттің қаншалықты дамығаны, алға жылжығаны, ең алдымен, білім саласынан көрінеді деседі. Расында, оқу кабинеттерінің жабдықталуы, кітапхана, интернеттің қолжетімділігі — қай жағынан алып қарасақ та, біз оқыған уақытпен салыстырғанда, колледждегі қазіргі жағдай мүлде басқа.

Бұл оқу орнының 100 жылдық шежіресі — халқымыздың тарихының ажырамас бір бөлшегі.Қазір колледждің мыңдаған түлектері әр салада жемісті еңбек етіп, аймағымыздың көркеюіне, еліміздің өркендеуіне үлес қосып жүр. Кәсіби деңгейі жоғары, мықты мамандар даярлау біз үшін қашанда басты мақсат, басты мерей болып қала бермек.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button