Жаңалықтар

Сан қырлы сақшы

Өнеге

Темір ауданы полиция бөлімінің қызметкері  Дархан Ерназаров  «жігітке  жеті өнер де аз» деген халық қағидасын қалтқысыз ұстанатындай. Аудандық полиция бөлімінде аға лейтенант шенінде қызмет ететін ол домбыра шертіп, гитарада ойнап, жыр-термелерді нақышына келтіре орындайды, сахналық образдар жасап, өлең мәнерлеп оқылды, тіпті авторлық әндер жазып, өлең шығаратыны да бар. Сондай-ақ Дархан Ерназаров спортты жанына серік етіп, құқық қорғау органдары қызметкерлері арасындағы облыстық спорттық жарыстарда талай жүлделі орындардан көрініп, жетістіктерге жетіп жүр. Бабалар ізімен кішкентайынан ат жалын тартып мінген ол бүгінде аудандық қыз қуу, аударыспақ сияқты ұлттық ойындарға да белсенді қатысады.

Дархан шаруаға да епті. Бос уақытында қолөнер бұйымдарын жасайды, тіпті бір кездері ауласында жылыжай орнатып, бау-бақша өнімдерін өсірудің де қыр-сырын  меңгерген. Ит баптау да оның сүйікті ісі. Полициядағы алғашқы еңбек жолын кинолог маман ретінде бастаған, бүгінде оны баптаудың хас шебері.

Полицияға ең алғаш 22 жасында  кіші инспектор-кинолог ретінде жұмысқа қабылданған Дарханға Вулкан атты күшік бекітіліп беріліп, кейін төгілген тер мен еңбектің арқасында ол аз уақытта нағыз кәсіби маманға, ал Вулкан нағыз кәсіби қызметтік итке айналып, екеуі талай қылмыстың бетінашқан. Қылмыскерлерді бірден танып, тырп еткізбейтін Вулканның қатулы көзқарасы күдіктілерге қылмысын мойындатса, Дарханның мейірімді мінезі олардың түзу жолға түсуіне талай ықпал еткен.

Әкесі бала кезінен еңбекке баулыған Дархан студент болып, қалада оқып жүргеннің өзінде-ақ бос отырмай, құрылыс жұмыстары, қоғамдық автобуста кондуктор, дәмханаларда даяшы болып жұмыс істеп, ата-анасының қалтасына салмақ салмау үшін өз еңбегімен табыс тауып үйренген. Отбасының жалғыз ұлы әрі қазақы ұғымда қара шаңырақтың иесі саналатын Дархан қаладағы оқуды аяқтаған соң Ақтөбе қаласында қызметке қалуға бірнеше ұсыныстар болғанымен, туған жері Шұбарқұдықта қызмет етуді таңдаған. Полиция қатарына 2014 жылы қатардағы қызметкер ретінде қабылданған ол, дәл сол жылы Ішкі істер министрлігі өткізген «Парасатты полицей» республикалық байқауына облыс атынан қатысып, білімі мен өнерінің арқасында суырылып шығып, жүлделі үшінші орынға ие болды.

Бүгінде полиция аға лейтенанты Дархан Ерназаров Темір ауданы полиция бөлімінде жедел қызмет саласында жұмыс жасайды. Полициядағы әріптестері Дарханның ешкімге «жоқ» демейтін жомарттығын, күн-түн демей, бар-жоққа қарамай, үнемі қол ұшын созуға даяр тұратын ақкөңілділігін, нағыз еңбекқорлығын ерекше бағалайды.  Ал Дарханның жары Айдана педагогика саласында жұмыс жасайды. Жас отбасы екі ұл тәрбиелеп отыр.

Бекзат ЖАЛҒАСБАЕВА,

облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің қызметкері.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button