Жаңалықтар

Ақтөбе облысында экологиялық ахуалды жақсарту жұмыстары қарқынды жүруде

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов экологиялық қауіпсіздік мәселелерін қатаң бақылауында ұстап, жіті қадағалап отыр. Бүгін өңір басшысының төрағалығымен өткен жиында облыс аумағындағы өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу, залалсыздандыру бойынша жұмыстардың ағымдағы жағдайы талқыланды.

Жиынға мемлекеттік органдардың басшылары, өңірдегі ірі кәсіпорындардың және өнеркәсіптік қалдықтарды қабылдайтын және кәдеге жарату бойынша қызмет көрсететін компаниялардың өкілдері қатысты.

💬 «Экологиялық проблемалар бүгінгі таңда ең өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Облыс тұрғындары экологияға өз алаңдаушылығын білдіруде. Сондықтан, бұл мәселелерді шешу жедел әрекет етуді және барлық мүдделі органдар мен ұйымдардың қатысуын талап етеді», – деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

Ақтөбе облысында өнеркәсіптік қалдықтарды қабылдау бойынша 20 полигон бар.

Экология департаментінің басшысы Ербол Қуанов полигондарды қалпына келтіру мәселелері қазіргі таңда өзекті проблемалардың бірі екенін жеткізді.

Өңір басшысы әрбір өндірістік полигон жіті бақылауда болуы тиіс екенін атап өтті.

💬 «Облыс тұрғындарының денсаулығы мен экологиялық әл-ауқаты күн тәртібіндегі бірінші мәселе. ERG компаниясымен 85 млрд теңгеге өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасалды. Келісім нәтижесінде Ақтөбе ферроқорытпа зауытындағы №1 және 2 цехтардың газ тазарту құрылыстарын жаңарту арқылы зиянды шығарындылар 99,9%-ға азаяды деп күтілуде. Қоршаған ортаның ластануын барынша азайту мақсатында биыл өңірдің барлық ірі кәсіпорындарымен осындай меморандумдарға кезең-кезеңімен қол қою жұмыстары жалғасатын болады», – деді Ералы Тоғжанов.

Басқосу қорытындысы бойынша өнеркәсіптік қалдықтармен жұмыс істеуді бақылауды күшейтіп, өнеркәсіптік полигондарды қалпына келтіру мәселелерін шешуге бағытталған бірқатар нақты тапсырмалар берілді.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button