Жаңалықтар

Ералы Тоғжановтың жергілікті өндірушілермен кездесуінде тамақ өнеркәсібін дамытудың өзекті мәселелері талқыланды

Бүгін Кәсіпкерлер палатасында Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың тамақ өнеркәсібі өкілдерімен кездесуі өтті.

2022 жылдың қорытындысы бойынша өңірде азық-түлік өндірісінің көлемі 79,9 млрд. теңгені құрады. Сүт, ұн-жарма, нан-тоқаш, макарон және кондитерлік өнімдерін, өсімдік майларын өндіруде ең жоғары көрсеткіштер байқалады.

Сонымен қатар, аталған саланың дамуын ынталандыруға мүмкіндік беретін бірқатар проблемалар көтерілді.

💬«Мемлекет басшысының шағын және орта бизнесті жан-жақты қолдау тапсырмасына сәйкес, ағымдағы жылдың 4 айының қорытындысы бойынша Ұлттық жоба аясында облыста 272 жоба қолдау тапты.
Облысымыздағы шағын және орта бизнес субъектілерінің 87,8 мың бірлігінің 138-і тамақ өнеркәсібі саласында қызмет атқарады. Онда 7000-нан астам адам жұмыс істейді. Бұл ретте өңірдің әлеуеті толық көлемде пайдаланылмайды.
Ауыл халқының әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында «Ауыл аманаты» жобасы іске асырылуда, 1200 азаматтан өтінімдер қабылданды, 805 мақұлданды. Оның ішінде жаңадан бастаған кәсіпкерлерден 600-ден астам өтінім түсті. Жобалар іске қосылғаннан кейін оларға қаланың ірі сауда желілерінде өнімдерін өткізуге көмек береміз. Мемлекет тарапынан қолдау тұрақты негізде көрсетіледі»
, – деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

Азық-түлік өндірушілерінің мүдделерін қорғау мәселелері қаралған жиында кәсіпкерлер бірқатар мәселелер көтерді. Оның ішінде жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алу шеңберінде, сауда желілерінде өнімді өткізуге байланысты сұрақтар, бизнесті жүргізу үшін инфрақұрылымды тарту, өнімді өткізу үшін коммуналдық базарларда орындардың болмауына қатысты мәселелер бар.

💬«Басымдық жергілікті өндірушілер мен олардың өнімдерінің сатылымына беріледі. Оларды сауда орындарымен қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдап, өткізуге жәрдемдесу қажет, облыс аумағында жұмыс істейтін компаниялар отандық өндірушілерді қолдауға тиіс. Осы бағыттағы жұмысты жандандыру керек», – деп өңір басшысы мемлекеттік органдардың басшыларына тапсырма берді.

Жиын соңында Ералы Тоғжанов бизнестің даму әлеуеті жоғары екенін, алайда бұл үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ететін және оны барынша тиімді етуге мүмкіндік беретін жедел шешімдер қабылдау қажеттігін атап өтті.

Д.АЙДАР. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button