Жаңалықтар

Ақтөбеде су тапшылығы бар ма?

Қала

Ақтөбе қаласының Есет батыр шағын ауданының тұрғындарына соңғы тәуліктер қиын тиді. Бұл аудандағы көп үйлерде, әсіресе жоғары қабаттарда су болмады.

Ауызсуды дүкеннен сатып алып ішкеннің өзінде де, су болмаса әсіресе көп қабатты үйдің тірлігін елестету қиын. Шағын ауданның тұрғындары жан-жаққа дабыл қағумен болды.

Дүйсенбі күні өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында «Aqtobe su-energy group»АҚ басшысы Ерлан Білеев:

Бұл ауданды сумен қамтамасыз ету үшін 7 ұңғыма пайдаланылатын. Соның 4-еуі су жоқтығына байланысты тоқтап қалды, қазіргі күні үш ұңғыма ғана жұмыс істеп тұр, — деді.

Тоқтаған ұңғымаларды қайта қалпына келтіру жұмыстары әлі жүргізіліп жатыр. Олардан су енді алына ма, жоқ па — белгісіз. Дегенмен, кәсіпорын басшысының айтуынша, бүгінде шағын аудандағы барлық үйге су берілген. Ал ыстық судың тоқтатылуын қазандықтардағы жоспарлы жөндеу жұмыстарымен түсіндірді.

Ерлан Білеев қалада су тапшылығы сезіліп отырғанын айтты.

Халықтың суға деген сұранысы жылдан-жылға артып келеді. Былтыр тәулігіне 85 мың текше метр су пайдаланылса, биыл 102-106 мың текше метр су пайдаланылады. Халықтың күнделікті тұрмысынан бөлек, жасыл желек егу де көбейді, оның бәрі суды қажет етеді, — деді.

Оның айтуынша, алдағы уақытта Көкжиде су қорынан — 35 мың текше метр, Елек өзенінің айналасынан 14 ұңғыма қазу арқылы тағы да 16 мың текше метр көлемде су алу сынды жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр. Алайда су тапшылығы мәселесі алда да күн тәртібіне қойылатын секілді. Жалпы, бұл  — қазір бүкіл әлемді алаңдатып отырған мәселе. Мұндай жағдайда оны барынша үнемдеу жайын алдыңғы кезекке қою керектігі сөзсіз.

А.САРЫБАЙ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button