Жаңалықтар

Ақтөбе облысында тарих және мәдениет ескерткіштерін қалпына келтіру мәселелері талқыланды

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың Қазақстан мен Өзбекстанның жетекші реставраторларымен кездесуінде тарих және мәдениет ескерткіштерін қалпына келтірудің ғылыми және әдіснамалық мәселелері талқыланды.

Басқосуға профессор, Шығыс елдерінің халықаралық сәулет академиясының корреспондент-мүшесі Серік Әжіғали, Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясының Өнертану институтының сәулет бөлімінің меңгерушісі, сәулет докторы, профессор Мавлюда Юсупова, «Реставраторлар одағы» қоғамдық қорының мүшесі Қанат Тұяқбаев, бірқатар отандық реставрациялық компаниялардың басшылары және т.б. қатысты.

Кездесу барысында тың пікір, ұтымды ойлар айтылып, сәулет саласының мамандары бірқатар ұсыныстар білдірді.

Серік Әжіғали Ақтөбе облысының тарих және мәдениет ескерткіштерінің жинағын дайындау және өңірлік ғылыми-зерттеу орталығын құру қажеттігіне назар аударды.

💬«Қалпына келтіру жұмыстары ғана емес, зерттеуге де көңіл бөлу керек. Ақтөбе топырағында халықтық сәулет өнерінің бірегей ескерткіштері жеткілікті, бірақ толық есеп жүргізетін бізде жинақ жеткіліксіз. Ал олсыз біз толықтай ескерткіштер жүйесін көре алмаймыз, тіпті соңында оларды жоғалтып алуымыз мүмкін. Сондай-ақ, ғылыми-зерттеу орталығы қамтамасыз ете алатын білікті мамандар жиналған зерттеу ұжымы қажет», – деді профессор.

Мавлюда Юсупова толыққанды электронды мәліметтер базасын құрудың маңыздылығын атап өтті.

Өңір басшысы ғалымдардың барлық ұсыныстары мен бастамалары назарға алынатындығын жеткізді.

💬«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тарих беттерін зерттеуге және оны насихаттауға көп көңіл бөлу қажеттігін атап өтті. Мен сіздің ұсыныстарыңызды тыңдап қана қоймай, оларды іске асыруға, аймақтың тарихи-мәдени мұрасын зерттеу және сақтау жөніндегі жұмыстарға барынша жәрдемдесуге, заманауи археологиялық жабдықтармен қамтамасыз етуге дайынмын. Биыл өңірде ауқымды ғылыми-археологиялық экспедициялар басталғанын атап өткім келеді. Жобаға Түркия, Венгрия және Еуропа ғалымдары тартылды. Біз ғалымдар үшін барлық жағдайды жасауға дайынбыз», деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

Айта кетейік, бүгін Ақтөбеде «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында «Ақтөбе облысындағы 2023 жылғы ғылыми-реставрациялау жұмыстарын талқылау, талдау және сараптау» тақырыбында ғылыми-әдістемелік кеңес өтуде.

Кеңестің мақсаты – биылғы ғылыми-реставрациялау жұмыстары жүргізілетін облыстың тарих және мәдениет ескерткіштерінің тарихи, сәулеттік-көркемдік келбетін сақтауды қамтамасыз ету мәселелерін талқылау. Атап айтқанда, Алмат тамы, Оңалбек ата, Қызылтам, Едіге, Қыз Әулие, Көк мешіт, Досжан хазірет мешіті мен медресесі сияқты ескерткіштерді археологиялық зерттеу, қалпына келтіру және консервациялау мәселелері қаралады.

Кеңес отырысына Өзбекстан, Қырғызстан, Алматы, Қызылорда және Түркістаннан келген тарихшы ғалымдар, реставраторлар, сәулетшілер қатысуда.

Д.АЙДАР. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button