Жаңалықтар

Ескерткіш ашылды

Хромтау қаласында саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш ашылды.

Ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова, аудан әкімі Азамат Бекет, тарихшылар, өлкетанушылар, кітапханашылар, саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарының ұрпақтары, қала тұрғындары қатысты.

— 31 мамыр — саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай облыс көлемінде бірқатар шара өтті. Соның бірі — осы ескерткіштің ашылуы. Мұны Тәуелсіздігіміздің берекесі мен сыйы деп қабылдауымыз қажет. Соңғы үш жылда Мемлекет басшысының тапсырмасымен саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарының аты-жөндерін анықтау және оларды ақтау бойынша республикалық комиссия жұмыс істеп жатыр. Біздің өңірде де бірнеше тарихшы, өлкетанушы, жас ғалымдар осы топқа біріктірілді. Осының арқасында қаншама ұрпақ «халық жауы» аталған ата-бабасын ақтауға мүмкіндік алып отыр. Бүгінде екі жинақ шығарылды. Алдағы уақытта үшіншісін шығаруға қажетті материалдар жинақталып, әзірленіп жатыр, — деді облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова.

Хромтау ауданының әкімі Азамат Бекетескерткіш аудандық әкімдік пен Еуразиялық топ (ERG) арасындағы меморандум негізінде «Туған қала» жобасы аясында салынғанын айтса,  Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің доценті, тарих ғылымының кандидаты Дәулет Әбенов өткенге салауат айтып, ақтаңдақтар ақиқатына тереңірек мән беріп, тарихымыздың шерлі беттерін аудару — басты парызымыз екенін жеткізді. Зұлмат жылдардың құрбаны болған Әкімәлі Қаржауовтың немересі Талғат Қаржауов атасының облыстық «Кедей» газетінің штаттан тыс тілшісі болғаны, халық ақыны атанғаны туралы әңгімеледі. Облыстық кәрістер қауымдастығының төрағасы Юрий Шекрепрессия жылдары Қазақстанға неміс, поляк секілді өзге ұлт өкілдерімен бірге19 мың кәрістің жер аударылғанын айтты.

Шараға қатысушылар саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды, ал аудан орталығындағы «Нұр» мешітінің бас имамы Ерік Сұлтанов марқұмдардың рухына арнапҚұран бағыштады, халыққа жеті нан таратылды.

Ескерткіштің шымылдығын зобалаң жылдарды көптен бері зерттеп жүрген тарихшы Дәулет Әбенов пенсаяси қуғын-сүргін құрбаны Айбас Божыровтың ұрпағы Марат Айбасов ашты. Ескерткіш-белгінің қара бағанасы — қуғын-сүргін және ашаршылық жылдарындағы еліміздің қаралы күндерін, стеланың ақ түсі — Тәуелсіз Қазақстанымыздың дара жолы, ақ жолын бейнелейді. Шараға қатысушылар саяси  қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына тағзым етіп, ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Шараны аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары әнмен әрледі.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button