Зұлмат жылдар жаңғырығы

Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналғанАқтөбе қаласындағы «Азаттықтың ақ таңы» стеласында еске алу шарасы өтті.
Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш арыстары мен нәубет жылдарда бақилық болғандардың рухына тәу еткен жиналғандар әуелі бір минут үнсіздікпен еске алды.
— Қазіргі таңда саяси қуғын-сүргін құрбандарын зерттеу, олардың қилы тағдырын зерделеу мақсатында арнайы комиссия жұмыс істейді. Соның өкілдігі біздің облыста да бар. Жергілікті атқарушы биліктің қолдауымен бұл комиссия 9 бағыт бойынша іс атқарады. Оның ішінде Ұлы Отан соғысы кезінде тұтқынға түскен азаматтарды зерттеу ісі де бар. Ұзын саны 30-дан астам тарихшы, әлеуметтанушы, басқа да мамандар бұған жұмылдырылған. Бұрын-соңды жабық болған қорларға да қол жеткіздік. Нәтижесі алдағы уақытта белгілі болады, — дейдітарихшыРахым Бекназаров.
Шара барысындақуғын-сүргін құрбаны Әкімәлі Қаржауұлының немересі Күләш Маралқызы сөз алып, атасы жайлы тебірене сөз қозғады.
Соңында мемлекеттік мекемелердің, үкіметтік емес ұйымдардың, сондай-ақ жоғары және орта арнаулы оқу орындарының өкілдері ескерткішке гүл шоқтарын қойып, құрбандарға тағзым етті.
Айбек СЕРІКҰЛЫ.