Ғасырлық басылым және оқырман

Бас редактор бағаны
«Ең әуелі сөз болған». Адамзатқа көктен түскен киелі төрт кітаптың бірінде осылай дейді. Адам баласын аздырмау үшін, ізгілік жолынан шығармау үшін сөз керек болған шығар. Біздің айуаннан артықшылығымыз да осы. Сөзге жығыламыз, тоқтаймыз. Адамзаттың соңғы пайғамбарына түскен Құранның да алғашқы сөзі «оқы» деп басталады. Бұл да саналы тіршілік иесінің оқудан ешқашан жерінбеу керектігін көрсетсе керек. Бағзы заманнан бері халықты би-шешендеріміз, ақындарымыз сөзбен тәрбиелеп, сөзбен рухтандырып келді. Рухани тәрбиені тасқа басылған кітаптан алды. Заман ілгерілеп, қоғам ауысқанда тәрбие қайнары өзгеріп, жаңа құндылықтар пайда болды. Бірақ сөз өзгерген жоқ.
Баспасөз, оның ішінде қазақ баспасөзі елді ақпаратпен қамтамасыз етумен қатар, ағартушылық қызметті де қоса атқарып келеді. Жарық көргеніне келесі жылы 100 жыл толатын «Ақтөбе» газеті де облыстың жылнамасына айналғалы қашан. Қонышына қыстырып алып оқитын қойшыдан бастап, еңбеккер мен жұмысшының, мұғалім мен дәрігердің, ел зиялысы мен оқығанының айнымас серігі болды. Әлі де солай.
Өмірімізге ентелеп интернет кіргенде дабыл қаққан көрегендердің байбаламына онша құлақ қоймағанымыз рас. Әлеуметтік желі деген ұғымның сөздік қорымыздан орын алғанына да көп бола қойған жоқ. Жаңаға еліккіш жұрт жаппай соған ойыса бастағанда әлемдік баспасөздің бір сәт аңтарылып қалғаны шындық. Алайда мұның да бір өткінші құбылыс екендігіне дау жоқ. Мысал келтірейік: Eurasian Center for People Management» компаниясының жоба менеджері, саясаттану ғылымдары кандидаты Айман Жүсіпова: «Қазақстандықтар әлеуметтік желілерде, форумдар мен блогтарда жарияланған ақпаратқа талғаммен қарайды. Пандемия кезінде халықтың ақпараттық сауаттылығы артты, оқыған, естіген ақпаратын сүзгіден өткізіп, қайта тексеруге машықтанып келеді. Мәселен, арнайы жүргізілген сауалнама нәтижесі оған қатысқан азаматтардың 16,54 пайызы жарияланған ақпаратқа толық сенеді, 12,22 пайызы мүлдем сенбейді, 65,28 пайызы кейде сенетінін көрсетті», — дейді. Яғни жақсы мен жаманды, шындық пен жалғанды, дұрыс пен бұрысты ажырату үшін сенімді ақпарат көздері қажет. Сондай басылымның бірі — 100 жыл бойы өңір шежіресін жазып келе жатқан «Ақтөбе» газеті. Облыстық басылым ұжымы оқырманға әсірелемей, рейтинг қумай шынайы ақпарат ұсынумен қатар, газеттің түрлі саланы қамтып, оқылымды болуы үшін еңбек етіп келеді. Соңғы жылдары қоғамдағы түрлі мәселелер сөз болып, оқырманмен ой бөлісетін «Ойтүрткі» айдарын аштық. Онда қозғалған кейбір жайлар облыс басшылығының назарын аударып, өз шешімін тапты. Оқырман ықыласы да жақсы. Қарапайым жұрт өз ой-пікірін, ықыласын, жетістігін, қуанышы мен мұңын айта алатын «Оқырман» айдары «ақтөбеліктерге» жақсы таныс. Облыс бойынша ең шалғай ауылдарға дейін таралатын бірден-бір газет біз болғандықтан елдегі ағайынға арнап «Ауыл» қосымшасын беріп тұрамыз. Онда ауылдағы ағайынның өмірі қамтылады, жетістігі мен мұқтажы айтылады. Өнер ұжымдары мен адамдарына арналған «Мәдениет», ақ халатты абзал жандандың «Шипа» қосымшасы бар. Ұстаздарға арнайы «Білім» қосымшасын аштық. Онда мұғалім еңбегін барынша көрсетіп, білім саласына қатысты барлық жаңалықты жариялауға тырысып жүрміз. Енді ұстаздарымыз «Ақтөбе» газетіне ешкімнің қолқалауынсыз, өз еріктерімен жазылады деген ойдамыз. Бұл қосымшада оқушылар өмірі де қамтылады. Ал талантты, кішкентай оқырмандарымызды «Балдырған» беті әрдайым күтеді.
Тасқа басылған тарих өшпейді. 100 жылдан бері Ақтөбе жылнамасын жазып келе жатқан газет материалдары мемлекеттік мекемелерге құжат ретінде де қабылданады. Мұғалім-дәрігердің, тағы басқа мамандық иелерінің жетістіктері ретінде саналатынын былай қойғанда, түрлі әлеуметтік мәртебе алу кезінде газет материалдарының пайдасы тиеді екен.
Қазір осы жылдың екінші жартыжылдығына баспасөзге жазылу науқаны жүріп жатыр. «Ақтөбе» газетінің бағасы да тым қымбат емес, қуанышқа әрқайсысымыз-ақ бере алатын байғазы мен көрімдіктің ақшасындай ғана. Ұрпақ ауысса да, дәстүр бұзылмай, басылымға 100 жылдан бері серік болып келе жатқан тұрақты оқырмандарымыз мерейтой қарсаңында бізбен бірге болады деп сенеміз. Айғайлап адастырмайтын, жаманатпен қорқытпайтын, болғанды анықтап, байсалды жеткізетін дұрыс сөзді оқыңыз! Ғасырлық жылнаманы бірге жазайық, құрметті оқырман!
Сәтжан ДӘРІБАЙ.