Спорт

Қапылысты пайдаланған Қасым

Премьер-Лига

«Қайсар»-«Ақтөбе» — 0:1

27-28 мамыр күндері 11-тур ойындары өтті. Алғашқы бестіктің мән-жайына келетін болсақ, «Астана» сырт алаңда «Атырауды» жеңе алмады (0:0). «Ордабасы» «Қызылжардың» қақпасына жеңіс голын 90+3 минутта соқты. «Қайрат» сырт алаңда «Мақтааралдан» 1:3 есебімен ұтылды.

Бұл турда «Ақтөбе» Қызылордада «Қайсармен» кездесті. Бұл жолғы жеңілісті жанкүйерлер тіпті де кешіре алмайтынын ұққан жерлестеріміз қай кездегідей де бірден шабуылға көшті. Екінші минутта-ақ «Қайсардың» қақпасына жетіп те келді. Бірақ қақпа алдында тамаша пас алған Милаш Раичкович допты тым аспандата теуіп жіберді. 29-минутта осыны тағы да қайталаған ол бірінші таймның соңында «Қайсардың» айып алаңында өтірік құлап түскені үшін ескерту қағазын алып тынды. Жалпы алғашқы 45 минут сол бұрынғыдай нәтижесіз шабуылдармен өтті де кетті. Оның есесіне әсіресе тайм соңына таман қызылордалықтар бірнеше қауіпті шабуылдар ұйымдастырды.

Екінші тайм да бірінші таймға ұқсас өтіп жатты. Тек запастан Максим Самородов пен Артурас Жулпа қосылған соң ғана жанкүйерлер әлденеге үміт арта бастағандай болды. Сол үміт алдамады. 72-минутта Максим бұрыштамадан өте шеберлікпен әуелете әрі шиыра, қақпаның алыс маңайына қарай тастаған допты топ ортасынан атылып шыға келген Әлібек Қасым шалт секіре баспен соғып голға айналдырды. Ал бұдан бұрын сол бұрыштамадан әлденеше рет жолданған доптар нәтижесіз қалған еді.

Ойынның соңына қарай «Қайсар» қауіпті шабуылдар ұйымдастырды, ал ақтөбеліктер есепті ұлғайтарлық мүмкіндіктерді пайдалана алмады.

Сонымен, «Ақтөбе» сырт алаңнан үш ұпай олжалап оралды.

Дегенмен, бұған дейін де аңғарылып жүргендей, қазір командаларға турнир кестесінің қай тұсында жүргеніне қарап баға беру қиын. Кез келген фаворит көш соңында жүрген кез келген командадан ұтылып қалуы мүмкін. Оған соңғы екі турдағы «Қайраттың» жеңілісі куә. «Ақтөбе» әзер қол жеткен мына жеңістен соң кез келген команда үш ұпайды оңай ұстатып жібере салмайтынын ұғына түскен шығар.

«Қайсар»-«Ақтөбе» — 0:1

Гол авторы: Әлібек Қасым, 72-минут.

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Стас Покатилов (қақпашы), Әділхан Таңжарықов (капитан), Лука Гадрани, Әлібек Қасым, Даниил Пенчиков, Дмитрий Яшин, Милаш Раичкович (Артурас Жулпа, 68-минут), Леонель Струмия, Андрия Филипович (Бауыржан Байтана, 46-минут), Арман Кеңесов (Максим Самородов, 68-минут), Элдер Сантана.

Бас бапкер — Андрей Карпович.

28 мамыр 2023 жыл. Қызылорда қаласы, Ғ.Мұратбаев атындағы стадион. 

*   *   *

Біздің мергендеріміз:

Максим Самородов, жартылай қорғаушы — 4 гол;

Арман Кеңесов, жартылай қорғаушы — 4 гол;

Әлібек Қасым, қорғаушы — 3 гол;

Андрия Филипович, шабуылшы — 2 гол;

Ескендір Қыбырай, қорғаушы — 2 гол;

Лука Гадрани, қорғаушы — 2 гол;

Элдер Сантана, шабуылшы — 2 гол;

Ыдырыс Умаев, шабуылшы — 1 гол;

Абылайхан Жұмабек, шабуылшы — 1 гол;

Уго Видемонт, жартылай қорғаушы — 1 гол.

*   *   *

Жерлестеріміз 11 кездесу өткізіп, 6 рет жеңді, 3 рет тең ойнады, 2 рет ұтылды.

Ұпай саны — 21. Доп айырмашылығы — 22:11.

*   *   *

Он бірінші турдан соң алғашқы үш орын иелері сол күйі қалды: «Астана» (28 ұпай), «Ордабасы» (26 ұпай), «Қызылжар» (22 ұпай) шықты.

4-5 орын иелері — 21 ұпай жинаған «Ақтөбе» мен 18 ұпайы бар «Қайрат».

6,7,8 орындарда «Атырау» (18 ұпай), «Тобыл» (17 ұпай), «Қайсар» (16 ұпай) тұр.

9-10-орынға 12 ұпай жинаған «Шахтер» мен 11 ұпайы бар «Оқжетпес» орнықты.

Соңғы төрттікте, яғни 11,12,13,14-орында қалғандар — 10 ұпайдан жинаған «Каспий» мен «Жетісу» және «Ақсу» (7 ұпай) мен «Мақтаарал» (6 ұпай).

* Басқалардан «Астананың» 2 ойыны, «Ақсу» мен «Мақтааралдың» 1 ойыны артық екенін еске саламыз.

*   *   *

12-тур ойындары:

3 маусым, сенбі

«Тобыл» — «Қызылжар»

«Қайрат» — «Оқжетпес»

«Ақтөбе» — «Шахтер»

«Астана» — «Ақсу»

«Ордабасы» — «Атырау»

4 маусым, жексенбі

«Жетісу» — «Каспий»

«Қайсар» — «Мақтаарал»

Е.АХАТҰЛЫ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button