Жаңалықтар

Оқушылардың жазғы демалысы қалай ұйымдастырылады?

Брифинг

Биыл облыста 155 145 оқушыға тиімді жазғы демалыс ұйымдастырылмақ. Осы мақсатта 394 миллион теңге бөлініп отыр.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру» тақырыбында өткен баспасөз конференциясында облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова айтты.

Жылдағыдай еліміздің 3 өңіріндегі — Ақмола, Алматы, Түркістан облыстарындағы «Бөбек» сауықтыру орталықтарындағы сауықтыру шараларына 246 оқушы барады. Сонымен қатар спорт, мәдениет, денсаулық саласы бойынша да балаларға демалыс ұйымдастырылады. Денсаулығы нашар балаларға жаздық сауықтыру шаралары қаралған. Облыс көлеміндегі «Дару» клиникасында, «Ана мен бала денсаулығын қорғау», «Ақбөбек» секілді орталықтарда 8437 бала ем алады. Республикалық деңгейде балаларға арналған санаторийлер мен орталықтарда  394 бала демалады

Жазғы демалыс күндері 10 мыңнан астам бала спорттық шаралармен қамтылмақ. Мәселен, жаз бойы 6300 ақтөбелік оқушы суда жүзудің алғашқы дағдыларын меңгеретін болады. Ал 840 жас спортшы жаздың бір мезгілін Қобда ауданы Егіндібұлақ оқу-жаттығу лагерінде өткізбек.

19528 оқушы облыс аумағындағы қосымша білім беретін 49 ұйымның жанынан құрылған жазғы алаңдар мен үйірмелерге баруға ниеттеніп отыр. Мектеп жасындағы 17683 бала облыс аумағына, сондай-ақ Астана, Түркістан, Шымкент, Алматы, Көкшетау қалаларына киелі, көрікті жерлермен танысу үшін туристік саяхатқа шықпақ. Тарихи-өлкетану музейінде жаз айларында мектеп оқушыларына тегін экскурсиялар жүргізіледі. Айтпақшы, қалада оқитын 5300 балаға аудандық әкімдіктердің қолдауымен өңір аумағындағы 8 бағыт бойынша бір күндік экскурсия ұйымдастырылады.

«Атамекен» студенттік құрылыс және «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары биылғы еңбек маусымында облыс бойынша 2 мың жасты,

оның ішінде жасы 16-17-дегі 400 мектеп оқушысын жұмыспен қамтымақ. Сонымен қатар «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен «Жаздық жолдама» әлеуметтік жобасы аясында 1460 ауыл баласы «Шұғыла» лагерінде демалады. Жазғы каникулдың кезінде «Кітап фестивалі-2023», «Бақытты бала-2023» халықаралық ашық вокалдық балалар фестиваль-байқауы, Muzik_fest шаралары да өтетін болады.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button