Жаңалықтар

Абайлаңыз: жол бойында — балалар!

Брифинг

Жыл басынан бері облыста, былтырғы деректермен салыстырғанда, жол-көлік оқиғаларының саны 13 пайызға азайды. Алайда жол апатынан болатын өлім-жітім көбейген.

Жыл басынан бері жол апатынан 32 адам қайтыс болған, ал өткен жылдың тиісті мерзімінде 26 адам қапияда жол үстінде өмірден өтіпті.

Бұл жөнінде сәрсенбі күні өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтылды. Журналистермен кездесуге облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы Айдос Құлжанов пен әкімшілік полициясы басқармасының бөлім басшысы Еркін Өтеген қатысты.

Деректер бойынша жыл басынан бері тіркелген жол-көлік оқиғаларының 34,6 пайызында кәмелетке толмаған балалар зардап шеккен. Шалқар ауданында жасөспірім көлікті өз бетімен айдап кетіп, апатқа ұшырап, соның салдарынан балалар өлімі болды.

Алдымызда балалардың жазғы демалысы келеді. Осы тұста ата-аналар олардың қауіпсіздігі мәселесіне ерекше ден қоюы керек. Біріншіден, көп қабатты үйлердің ауласында, балалар көп жүретін көшеде көліктің жылдамдығы сағатына 20 километрден аспауы керек. Баланың алаңсыз келетіні белгілі.Олар жүгіріп шыққан жағдайда, жоғары жылдамдықпен келе жатқан көлік тоқтап үлгермейді. Сондықтан көлік айдағанда жылдамдықты асырмай, жан-жағына сақ болу керек. Екіншіден, балаларды да сақтыққа үйреткен жөн. Кейде подъезден екпінмен жүгіріп шыққан бала арғы жақтан келе жатқан көлікке тап болады. Ағайынды Жұбановтар көшесінде, Есет батыр шағын ауданында осындай оқиғалар тіркеліп, жаз шықпай-ақ жарақат алған балалар бар. Балаларға жол ережелерін, жолдағы қауіпсіздік тәртібін үйрету керек, — деді Айдос Құлжанов.

Сондай-ақ Ақтөбе қаласында көлік жүргізушілерінің тиісті орындарда жаяу жүргіншілерге жол бермеуіне байланысты тәртіпбұзушылықтар көп. Жыл басынан бері осындай 1 мыңнан астам оқиға тіркелген.

Жолдағы апат салдарынан болатын қайғылы оқиғаларды, тәртіп бұзушылықты азайту — полицияның ғана құзырындағы іс емес, бұл мәселе тек айыппұл салумен шешілмейді. Бұл ретте жергілікті атқарушы билік және басқа да құзырлы органдармен бірлесе жұмыс жасалады, ал ең алдымен, азаматтардың жауапкершілігі керек, — деді Еркін Өтеген.

Биыл Ақтөбе қаласында 56 бағдаршам орнатылып, 15 мектептің тұсына тосқауыл қоршаулары салынады, 19 жерге жасанды кедергілер қойылады. Сондай-ақ полиция қызметкерлері балаларға жол ережесін, жолдағы қауіпсіздікті үйрету мақсатында 500-ден астам шара өткізуді жоспарлаған.

А.САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button