Жаңалықтар

Мейірім

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ,

«Ақтөбе»

Ойтүрткі

Сағат кешкі алты жарым шамасы. Жұрт жұмыстан үйіне қайтатын уақыт. Автобуста ине шаншар орын жоқ. Қыстырылып келе жатқан адамдардан маза қашты. Шамамен жеті-сегіз жастағы бала автобустағы неше түрлі иістен жүрегі айнып, қолына целлофан пакет ұстап тұр. Оған түсіністікпен қараған терезе жақта отырған біреу орын берді. Келесі аялдамадан қолына баласын көтерген жас ана кірді. Ешкім оны отырғызуға ыңғайлана қоймап еді, өзі тұрып тұрғанегде жастағы бір әйел: «Кішкентай баласы бар әйелге орын беріңіздер!» — деп жас келіншекке орын тауып берді.

Бір сәт салон ішінде тыныштық орнады. Жолаушылар өз ойымен, телефонмен әлек. Салондағы бұл тыныштықтыер адамның «Садақаларыңызды маған беріңіздер!» деген дауысы бұзды. Жұрттың бәрі дауыс шыққан жаққа қарады. Артта тұрған мен әуелі түсінбедім. Бір мезгілде «лупа» көзілдірік киген қария өзінің жетім шал екенін, бұрын музыкант болғанын, бұрын-соңды бұлай қайыр сұрап көрмегенін айта жүріп, тығылысқан адамдардың арасымен салонның ортасына қарай жүрді. Әуелі автобустың алдыңғы жағында тұрғандар, сосынортасы мен артқы жағындағылар қалталары мен сөмкелерін ақтарып, тиын іздеп, табылғанын жұрттан жылу сұраған қарияға ұстатты. Қоғамнан мейірім іздеген қарт автобусқа мінгенімен, жайғасып отырмады да, жұртқа алғысын жаудырған күйі үш-төрт аялдамадан соң түсіп қалды.

Осы ретте менің есіме Египетте түсірілген«Орны көрсетілмеген билет» («Билет без места») мультфильмі есіме түсті. «Viral fox» студиясы түсірген «Орны көрсетілмеген билет» фильмінде адамгершілік, қайырымдылық, үлкенді сыйлау сияқты қазіргі заманда азайып бара жатқан адами қасиеттер насихатталады. Аталған мультфильм2019 жылы 76-шы рет өткен Халықаралық Венеция кинофестивалінде«Үздік қысқаметражды фильм» номинациясының жеңімпазы атанды.

Байқасаңыздар, мейірім, адамгершілік, ізгілік қасиеттерін дәріптейтін қандай да бір бейнежазбалар әлеуметтік желіде ерекше қаралымға ие болып, тез таралады. Осыған қарап-ақ адамзаттың жүрегі мейірімге зәру екенін, ал қоғамның діңгегі мейірімді екенін аңғару қиын бола қоймас.

Әдеттегідей көршілер сенбілікке шыққан. Талдардың түбін әктеп, қоршауларды сырлады. Аула ішін қоқыстан арылтып, жылан жалағандай етті. Ең соңынан есік алдындағы талдар мен гүлдерді суарды. Бір кезде осы тұстан екі кішкентай бала өтіп бара жатқан, бірер минуттан соң олар қайтадан кері бұрылды. Балалардың бірі ішуге алып шыққан құтыдағы суын анадай жерде өсіп тұрған сары гүлге құйып жатты. Бақсақ, қоршауға  жақын орналасқан бақбақ өсімдігі суарылмай қалыпты. Бұл аулада тұрмаса да, ақжүрек балақай сары гүлді сусыз қалдырғысы келмеді. Бұл көрініс те қоғамның соншалықты бүлінбегенін, осындай елгезек, мейірбан ұрпақ өсіп келе жатқанын көрсетті… Көңіл соған қуанды.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button