Жастарға арналған семинар

«Ауыл аманаты» жобасына жастарды көптеп тарту үшін осы бағытта жұмыс істейтін орталық барлық ақпаратты жеткілікті түрде жеткізіп, түсінік жұмыстарын жүргізуге тиісті. Сол себепті жоба аясында аудандық жастар ресурстық орталықтарыныңбасшыларына арналған кәсіпкерлік және қаржылық сауаттылық бойынша семинар өтті.
Облыстық әлеуметтік кәсіпкерлік басқармасы ғимаратында өткен семинарды «Quttymeken» қоғамдық қоры ұйымдастырды.
— Біздің қор жылдың басында құрылды. Содан бері «Ауыл аманаты» жобасын кеңірек насихаттап жүрміз. Бұған дейін облыстың барлық ауданын аралап, 300-ден астам ауылға бардық. Үш бағытта тегін оқытып, семинарлар өткіздік. Несие алған жастармен кездесіп, жоспарларымен танысып, ой-пікірлерін тыңдадық. Ұсыныстарын жазып алдық. Қазіргі таңда жастар ресурстық орталығының басшыларымен тығыз байланыстамыз. Бұл семинарда қордың жетекшілері мен мүшелері және облыс орталығындағы қаржыгерлер мен кәсіпкерлер арнайы шақырылып, өздерінің тәжірибесімен бөлісті. Жобаға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды, соңғы жаңалықтарды талқылады, — дейді облыстық«Quttymeken» қоғамдық қорының мүшесі Ақнұр Көздібай.
Семинарға облыстың барлық аудандағы жастар ресурстық орталықтарының басшылары мен өкілдері жиналып, жобаға қатысты өзгерістер мен толықтырулар туралы толық ақпарат алды. Сонымен қатар облыстағы бірқатар кәсіпкер жастармен кездесіп, пікірлесті.
— Бұл семинарда жергілікті жастарға «Ауыл аманаты» жобасы туралы ақпараттандырудың тиімділігін үйрендік. Біздің аудан жастарының жобаға қатысуда белсенділігі жоғары. «Ауыл аманаты» жобасына 20 жас құжатын тапсырды. Құжаты мақұлданған жастар құс өсіру, картоп егу, ауылшаруашылығы саласындағы басқа да кәсіп түрлерін ашып, жүргізе бастады.
Ауданда 14-35 жас аралығында 6 мыңға жуық жас бар. Олардың дені «Дипломмен ауылға», «Жастар практикасы» және «Жасыл ел» жастар бригадасы бойынша жұмыспен қамтылады. Дегенмен өзін-өзі тұрақты жұмыспен қамтығысы келетін жастар өте көп. Ал «Ауыл аманаты» жобасы жұмыссыз жастарға жақсы мүмкіндік беріп отыр. Біз семинарда үйренгенімізді ауыл жастарына жеткізетін боламыз, — дейді Ойыл аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Жангүл Ізғарина.
Самат НАРЕГЕЕВ.