Жаңалықтар

Тұрмыстық зорлық — қоғам дерті

«Әйелді ұрма, сағы сынады, баланы ұрма, бағы сынады» деген ата-бабамыз әйелді де, баланы да ұрмай-соқпай-ақ ақылмен басқара білген. Сондықтан отбасы берекесін кетірмей, татулықта ұстау — есті азаматтар ескеріп жүретін жайт.
Өмір болған соң ыдыс-аяқ сылдырламайтын отбасы жоқтың қасы. Мұндайды қазақы менталитет жұртқа дабыра қылмай, отбасы-ошақ қасындағыны сыртқа шығармайтын.
Қазір отбасындағы кикілжіңнің құқық қорғау қызметкерлерінің көмегінсіз шешілетіні кемде-кем.
Тұрмыстағы зорлық-зомбылықты болдырмау мақсатында 2009 жылы «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» Заң қолданысқа енді. Әрине, әйелдерге қатысты зорлықтың орын алуына ер-азаматтардың алкагольге тәуелді болуы — ең негізгі фактор. Соның салдарынан отбасылардың шаңырағы бұзылып, балалар зардап шегеді, тіпті кей жағдайларда ауыр қылмыстардың орын алуына әкеледі.
Бұл бағытта өңірде тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зәбір көргендерге арналған қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне қарасты сыйымдылығы 50 орындық «Ақтөбе қаласының тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған орталығы» КММ жұмыс істейді. Сондай-ақ 20 орындық «Мәлика» қоғамдық бірлестігі әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық және психологиялық қызметтер көрсетеді.
Орталықтардың мәліметтеріне сәйкес мұнда жыл басынан бері тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен 33 әйел 76 баласымен жүгінген. Оның ішінде 5 адамның құжаттары рәсімделді. 11 адам жұмысқа орналастырылды, 53 адамға медициналық көмек көрсетілді, 16 бала тегін балабақшаға орналастырылды және 21 адам отбасымен қайта табысты.
Тұрмыстық қиын жағдайға тап болғандар «Ақтөбе қаласының тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған орталығы» КММ (8(771)119-51-79) мен «Мәлика» қоғамдық бірлестігінің (8(707)986-34-60) сенім телефондарына хабарласуға болады.
Қазақ халқында әйелдің орны ерекше. Ана деп құрметтеп, қарындас деп еркелетіп отырған. Ер-азаматтың тірегі, қамқоршысы болған әйелдер қамыққанда — сүйеу, тарыққанда — тіреу, қам көңілге жұбаныш бола білген. Сондықтан әр отбасында отбасының берекесі, әйел затының қамқоршысы болуға тиіс ерлердің «жұдырыққа емес», Абай атамыз айтқандай, «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүректің» пәрменімен әрекет қылғаны абзал деп санаймыз.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button