Жаңалықтар

Тарихта қалған тұлға

Есімі — ел есінде

М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінде  Парламент Мәжілісінің бірінші төрағасы, экономика ғылымдарының докторы, профессор Марат Оспановты еске алуға арналған кеш өтті.

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерінің есімін кейінгі ұрпаққа ұлықтауға арналған мазмұнды шараға облыс әкімі Ералы Тоғжанов, Марат Тұрдыбекұлының зайыбы Бақыт Оспанова, қарындасы Майра Оспанова, Парламент Мәжілісінің депутаты Ғалымжан Елеуов, медицина университетінің ректоры Әсет Қалиев және профессор-оқытушылар құрамы қатысты.

Жиналғандар алдымен оқу орнының бас ғимаратында орналасқан Марат Оспановтың бюстіне гүл шоқтарын қойып, университет жанындағы құрылысы енді басталып жатқан аллеяға ағаш екті.

«Жарқ етіп аққан бір жұлдыз» атты ғалымды еске алу кеші Аққағаз Досжанова атындағы конференц-холлда өтті. Оспановтың жарқын бейнесін еске алушылар үшін бұл жерде «Тарих толқынындағы тұлға» атты фотокөрме мен «Марат Оспанов: Ұстаз. Саясаткер. Ғалым» атты кітап көрмесі қойылған. Ал негізгі шара «Марат Оспановтың жүрек кодексі» деректі фильмімен басталды.

— Тәуелсіз Қазақстанның мемлекет болып қалыптасуына ерекше еңбегімен үлес қосқан тұлғалар бар. Солардың ішінде Марат Оспановтың есімін ерекше атап өтуге болады.Ол еліміздің саяси өміріне белсене араласқан жауапкершілігі жоғары, шыншыл азамат еді.

Оның артында ірі ғылыми еңбектер, игі істер, естеліктер қалды.

Бүгінде 65 жылдық тарихы бар республикамыздағы беделді осы жоғары оқу орны ағамыздың есімімен аталады. Бүгінде Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университетінің түлектері  еліміздің түкпір-түкпірінде жемісті қызмет етіп жүр. Университет беделді халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты дамыта отырып, отандық медицина ғылымында тың жаңалықтар ашуға бағдарлануға тиіс, — деген облыс әкімі ғалымның жары Бақыт Ахметқалиқызына ерекше ықыласын білдіріп, гүл шоғын табыс етті.

Сондай-ақ шара барысында  облыс әкімі бірқатар азаматқа «Марат Оспанов атындағы» төсбелгіні табыстады.

Ақтөбеге арнайы келген Бақыт Оспановаөз естеліктерімен бөлісіп, университет ұжымына алғысын білдірді.

— Бұл жер мен үшін естелікке толы, өте ыстық мекен. 1971 жылы осы университетті аяқтап, үлкен өмірге қанат қақтық. Марат Тұрдыбекұлымен де осында танысқан болатынбыз. 2000 жылдан бері бұл оқу ордасына Марат Оспановтың есімі берілді. Жыл сайын еске алу шаралары өтеді. Жаңадан келген студенттерге не үшін ол кісінің есімі берілгені туралы айтылады. Марат Тұрдыбекұлыбұл білім ордасында 20 жылдай сабақ берді, кафедра жетекшісі болды. Оның есімін, елі үшін еткен еңбегін ұмытпайтынүлкен ұжым бары қуантады, — деген Бақыт Оспанова он жылдан астам уақыттан бері Марат Оспанов атындағы қор жұмыс жасап жатқандығын және соның қолдауымен түрлі шаралар ұйымдастырылып келе жатқанын айтты.

Айта кетейік, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінде ғалымды еске алуға арналған шаралар 12 мамырда басталған болатын. Онкүндік аясында халықаралық турнир, кітап көрмесі, фотокөрме ұйымдастырылыпты.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button