Жаңалықтар

Жаңа еңбек маусымын бастады

Жасыл ел

Мамыр айында «Жасыл ел» жастареңбек жасақтары биылғы, яғни ХІХ еңбек маусымын бастап кетті.

Мамырда «Атамекен» студенттік құрылыс отрядтары мен «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының қатарында облыс бойынша 266 жас жұмысқа орналасты. Олардың жартысына жуығы Ақтөбе, Қобда және Шалқардағы Үлкен Борсық орман шаруашылықтарында еңбек етіп жүрсе, тағы бір бөлігі облыс орталығындағы құрылыс жасақтарына және қаланы абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстарына тартылған.

Ал жаңа еңбек маусымының ресми ашылуы өткен сенбіде облыс орталығындағы Триатлон паркінде өтті. Осыған орай ұйымдастырылған салтанатты жиынға облыстық мәслихат төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева қатысып, облыс басшылығы атынан жаңа еңбек маусымында жастарға сәттіліктер тіледі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа Жолдауында: «Қоршаған ортаны қорғау және экологиялық даму — еліміз үшін алдыңғы кезекте тұрған мәселе» — деп атап өткен еді. Біз «Жасыл ел», «Атамекен» жасақтары қатарындағы жастарымыздың осы іске үлес қосуда әрдайым алдыңғы шепте болатынына сенімдіміз. Жаңа маусымда облыста2 мың жас жұмыспен қамтылмақ. Оларға төленетін айлықтың мөлшері де өсті. Ал еңбек маусымының қорытындысы бойынша ең үздік деп танылған 100 жасқа облыс әкімі атынан Астана қаласына саяхаттауға тегін жолдама беріледі.  Халқымызда «Ағаш ек, гүл ек — туған жерді түлет» деген қанатты сөз бар. Туған жерді түлету жолындағы еңбектеріңіз жемісті болсын, — деді Гүлқасима Сүйінтаева.

Жиында «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары мен «Атамекен» студенттер отрядтары» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Нұржан Шаңғытбаев сөз сөйлеп, жастардың жаңа маусымға дайын екенін жеткізді. Сондай-ақ «Жасыл ел» жасағының сапында ұзақ жыл еңбек еткен Гүлнұр Зарлықова да құттықтау сөз сөйледі.

Жиынға қатысқан 300-ден астам жас алдымен Триатлон паркі мен оның айналасын қоқыстан тазалап шықты, соңынан арнайы шақырылған жас әншілердің концертін тамашалап, би биледі. Салтанатты шара отшашумен аяқталды.

Нұржан Шаңғытбаевтың айтуынша, былтыр «Атамекен» және «Жасыл ел» жасақтарының қатарында облыста 1230 жас еңбекпен қамтылса, биыл олардың саны 2 мыңға дейін көбейіп, еңбекақы мөлшері 120-130 мың теңгеге көтерілген. Бұл жасақтарға 16-35 жас аралығындағы жастар тартылады. Жұмыстар үш бағытта жүргізіледі: көгалдандыру, абаттандыру және құрылыс. Құрылыс жұмыстарына 18 жастан асқан жастар ғана жіберіледі.

Биылғы маусымда жастардың жартысынан астамы —1,2 мың адам — орман шаруашылықтарына, яғни көгалдандыру жұмыстарына тартылмақ.

Сонымен бірге аталған жасақтар сапындағы жастар «Таза қала — таза жағалау», «Бұлақ көрсең, көзін аш», «Менің атаулы ағашым» сынды экологиялық акцияларға да қолдау көрсетіп келеді. Өткен жылы ақтөбелік жастар республика бойынша еңбек маусымын сәтті қорытындылап, «Үздік жасақ», «Үздік жетекші», «Үздік штаб» номинацияларында жеңімпаз атанған еді, биыл да сондай табыстарға жетуді көздеп отыр.

А.САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button