Жаңалықтар

Медиаторлар озық тәжірибелерімен бөлісті

Форум

Достық үйінің салтанат залында «Медиация — бейбітшілік және келісім жолы» тақырыбында облыстық форум өтті. Оған облыс аудандарындағы кәсіби және қоғамдық медиаторлар, сот, прокуратура, полиция және БАҚ өкілдері қатысты.

— Біліктілігін жетілдіру мақсатында біздің медиаторларымыз — заң ғылымдарының докторы, профессор Нейля Каирова Францияда, адвокат, кәсіби медиатор Муран Манепов Бельгияда, «Ақтөбе облысының медиаторлар кеңесі» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Алтынай Мұханова Нидерландыда білім алып келген болатын. Аталған медиаторлар бүгінгі іс-шараға өздерінің тәжірибелерімен бөлісуге жиналды, — дейді тренер-медиатор Светлана Балпейісова.

Мамандар Еуропа елдерінің тәжірибесіне сүйене отырып, медиация құралдарын дамыту және пайдалану, дауларды сотқа дейін жеткізбей шешу әдістері жайында пікір алмасты. Білімін Бельгияда жетілдіріп келген Муран Манепов ол жақта тек кәсіби заңгерлер ғана медиатор болып жұмыс жасай алатынын айтты.

Жиын барысында қоғамда жиі кездесетін тұтынушылар мәселелерін, жас отбасылар арасындағы келеңсіз жағдайларды және білім саласында кездесетін түрлі келіспеушіліктерді шешу жолдары қарастырылды. Сонымен қатар Қазақстандағы медиацияның өзектілігі, медиацияны қолдану аясы, кәсіби медиаторлардың озық тәжірибелері мен осы салада кездесетін проблемалар туралы айтылды.

 Талғат ТІЛЕУЛЕСОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button