Жаңалықтар

Су желісі залалсыздандырылады

Брифинг

23-24 мамыраралығында Ақтөбе қаласы және қала маңындағы елдімекендердегі ауыз су желісі залалсыздандырылады. Бұл кездегі су шай-тамаққа пайдалануға жарамайтындықтан, ақтөбеліктер су қорын алдын ала жинап қойғандары жөн. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде жылумен және сумен жабдықтау мәселелері туралы өткен брифингте «Aqtobe su-energy group» АҚ өкілдері хабарлады.

Жылыту маусымын сәтті аяқтаған сала мамандары келер қыстың қамын жазда ойлауға қайта кірісті.

— Өткен жылыту маусымында жылу желілерінің 87 әлсіз тұсы анықталды. Шұғыл шаралар қолданылып, дер кезінде жөнделді. Жылыту кезеңі аяқталған соңжылдағыдай «Ақтөбе ЖЭО» кәсіпорынымен бірлесіп жылу желілеріне көктемгі гидравликалық сынақтар жүргіздік,нәтижесінде 16 жерден ақау табылды. Қазіргі таңда тоғызы жөнделіп, қалпына келтірілді.Қалғанында жұмыстар жүріп жатыр. Қазіргі таңда Бейбітшілік даңғылындағы 22-үй мен Жанқожа батыр көшесіндегі 25-үй ыстық сусыз отыр. Жөндеу жұмыстары бір-екі күнде аяқталмақ. Жалпы инвестициялық бағдарлама аясында осы жылы ұзындығы 11,3 километр болатын су желісі мен 6,3 километрлік кәріз желісіне күрделі жөндеу жүргізілетін болады, — дейді «Aqtobe su-energy group» АҚ бас директорының сумен жабдықтау жөніндегіорынбасары-бас инженер Амангелді Боранқұлов.

Брифингте қаланың жылу желілілерінің 59 пайызы ескіргені де айтылды.

— Қаланың жылумен жабдықтау объектілерін 2023-2024 жылдар аралығындағы жылыту кезеңіне дайындау жөніндегі іс-шараларға сәйкес 17 учаскеде күрделі жөндеу және қайта жаңарту жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Оның ішінде

Әлия Молдағұлова даңғылы, Әбілқайыр хан даңғылы, 312-атқыштар дивизиясы даңғылы, қаланың ескі бөлігіндегі жалпы ұзындығы 3 906,5 метр болатын жылу желілері учаскелері бар. Сондай-ақұзындығы 258,7 километр жылу желісіне, 25 қазандыққа, 6 сорғы станциясына, 31 топтық элеватор торабына және 9 мыңнан астам бекіту арматурасына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізілмек, — дейді «Aqtobe su-energy group» АҚ бас директорының жылумен жабдықтау жөніндегі орынбасары-бас инженер Олжас Мектепбаев.

Сонымен қатар «Aqtobe su-energy group» АҚ өкілдері қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының ұйғарымына сәйкес Ақтөбе қаласындағы және Оңтүстік-Батыс-1, Жаңақоныс, Жаңақоныс-2, Қызылжар, Кірпішті, Заречный-1, 2, Құрашасай, Бауырластар-4 елді мекендеріндегі желілердің суды ұсыну және тарату жүйесі хлормен шайылатынын айтты. Залалсыздандыру жұмыстары 23 мамырда кешкі сағат 20.00-де басталып, 24 мамырда сағат 20.00-де аяқталмақ.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button