Жаңалықтар

Жазасын өтеушілер жалақы алады

Ашық есік күні

Темір тордың ар жағында да табыс бар. Аты суық болғанымен, түрме тәртіппен қатар, еңбекке де тәрбиелейді. Жазасын өтеушілерді жұмыспен қамту — ең басты мәселелердің бірі.  Осы орайда облыс әкімдігі облыстық прокуратурамен бірлесіп Ашық есік күнін өткізді.

Шараның мақсаты — сотталғандарды еңбекке тартып, әлеуметтік оңалту. Сонымен қатар кәсіпкерлердің қатысуымен түзеу мекемелеріндегі бос тұрған өндіріс ошақтарын тиімді пайдаланып, кәсіп көздерін көбейту.

Ашық есік күні аясында қаладағы №8 КА-168/2 түзеу мекемесіне облыстық Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің бастығы Руслан Оразбаев, облыс прокурорының бірінші орынбасары Қуандық Рахметов, бірқатар басқарма қызметкерлері мен кәсіпкерлік саласының өкілдері келіп, түрме ішіндегі өндіріс ошақтарын аралады.

Аталған мекемеде 6 цех бар. Темірден жасалатын түрлі тұрмыстық заттар, ағаш өңдеу мен  тігін алаңы, құрылысқа қажетті тастар шығаратын орын және наубайхана жұмыс істейді. Қазіргі таңда бұл жұмыстарды жеке кәсіпкерлер «Иващенко, ЖШС «Бат -04групп»» ЖК Арнур»» «Мумбасов» «Архан » және т.б.жеке кәсіпкерлер жүргізіп жатыр. Шараға жиналғандар жазасын өтеушілердің жұмыс барысын көріп, өндіріп шығарған тауарларымен танысты. Жұмысшылардың жалақысы жұмыс көлеміне қарай төленеді. Әр цехта әртүрлі: 40 мың теңгеден басталып, 140 мың теңгеге дейін алады. Олар жалақыларын отбасыларына жіберіп отырады. Мекеме ішінде арнайы дүкеннен керек затын  сатып алады.

Мұнда әр зат сапалы дайындалады.  Тапсырыстар қабылдайды. Жазасын өтеушілердің айтуынша, еңбек жағдайы қанағаттанарлық. Он жылға бас бостандығынан айырылған Юрий Елизаров 6 жылын өтепті. Қазір құрылыс тастарын шығаратын цехқа жетекшілік етіп жүр.

Жұмыс істесең, уақыт тез өтеді. Біздің цехта 15 адм жұмыс істейді. Айлығымыз 60-75 мың теңге аралығында. Азғана ақша алып қалып, қалғанын үйге жібереміз. Мұнда көп қажеттілік жоқ. Тамақ тоқ. Құрылысқа киетін арнайы киімдермен қамтамасыз етті. Бізге тапсырыс көп болса, жалақымыз да өсе береді, — дейді ол.

Ал тігін цехы учаскесінің жетекшісі Нұрсұлтан Өтемұратов жақсы жұмыс істегендерге жалақымен қоса сыйақы берілетінін айтты.  Цехтағы 13 адам тігін ісін шебер меңгерген. Олардың түрлі сөмкелері мен арнайы киімдері фирма өнімдерінен кем емес.

Мекемеде 700-дей адам жазасын өтеп жатыр. Қазіргі таңда оның 259-ы жұмыспен қамтылған. Шағын және орта бизнес өкілдері мекемемен байланыс орнатып, өнімдерін шығаруға болады. Жылыжай, техника жөндейтін алаң, тағы басқа да бағыттарды жандандыру керек. Егер келісіп жатса, бос ғимараттар мен жер береміз,  — дейді сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру бөлімінің бастығы Жеңіс Сарин.

Мекемеде бірнеше мамандыққа даярлайтын колледж бар. Онда 8 ай оқып, арнайы маман иесі атанып, жұмысқа қабылданады.

С.ЖҰБАНҒАЗИН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button