Спорт ардагеріне құрмет

Еркін күрес
Ойыл балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде спорт ардагері, самбодан КСРО спорт шебері Ерболат Есниязовтың 75 жасқа толу мерейтойына орай еркін күрестен жасөспірімдер арасында облыстық ашық турнир өткізілді.
Турнирдің ашылу салтанатында аудан әкімі Асқар Қазыбаев мерейтой иесін құттықтап, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқаны үлесі үшін «Ауданға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін табыс етті.
Сондай-ақ шарада Ерболат Есниязовқа еркін күрестен бірнеше дүркін әлем чемпионы, ардагерлерге арналған күрес бөлімінің жаттықтырушысы, Қазақ спорт және туризм академиясының құрметті профессоры Қуаныш Қазтұрғанұлы «Спорт ардагері» төсбелгісін табыстаса, спорт ардагері Құнанбай Тұрашұлы шәкірттері атынан ат мінгізді.
Мерейтой иесі өзіне құрмет көрсеткен азаматтарға алғысын айтып, ризашылығын жеткізді.
Екі күнге созылған облыстық ашық турнирге жалпы саны 200-ге жуық спортшыдан тұратын 8 команда қатысты. Тартысқа толы турнирде 12 салмақ дәрежесі бойынша күрескен палуандар арасында оза шапқандары Ойыл ауданы әкімдігінің Мақтау қағазы және медальмен марапатталды.
Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл ауданы.



