Мақсат — ішкі туризмді насихаттау

Марафон
«Nomad run» ультрамарафонының қатысушылары Ақтөбеге келіп жетті. Марафоншылардың ендігі мақсаты — бір ай ішінде 7 жарым мың шақырымнан астам жолды еңсеру.
Сәуірдің 25-інде елімізде алғаш рет «Nomad run» ультрамарафоны бастау алғаны белгілі. Жорыққа шыққандар 18 қала мен 100-ден астам елді мекенді жаяу жүгіріп өтеді. Бүгінде спортшылар 15 қаланы артқа тастаған.
Ультрамарафон қатысушысы 33 жастағы Медғат Демежан жолдағы қиындықтарымен бөлісті.
— Жорыққа шыққандардың жалпы саны — бесеу. Үлкен қашықтыққа жүгіру арқылы салауатты өмір салтын ұстануды насихаттап жүрміз. Өзім Семей қаласында күзетші болып жұмыс жасаймын. Жолда қиындық боларын сездім. Алайда «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, достармен бірге бар қиындықты еңсердік. Ауа райының қолайсыздығы да әсер етпей қоймады. Ақтөбеге жауын-шашынның салдарынан кешігіп жеттік. Ең бастысы, осы ультрамарафон арқылы жастарға Қазақстанның көрікті жерлерін көрсетіп, ішкі туризмді насихаттағымыз келеді, — дейді ол.
Аталған ультрамарафонның авторы — 42 жастағы Марғұлан Ермағанбетұлы. Ол — Қатон-Қарағай-Ақтөбе арасындағы үлкен қашықтықтағы жолды жалғыз жүгіріп өткен марафоншы. Одан бөлек 42 жастағы Дмитрий Каптел, 55 жастағы Меңдібай Әлімғазинов, 34 жастағы Тоқтар Ғалымжан сынды спортшылар мен спорт шеберлері жорықты сәтті аяқтауды жоспарлап отыр. Астанадан басталған марафон 25 мамырда Ақтау қаласында қорытындыланады.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.



