Жаңалықтар

Темір ауданының Кеңқияқ ауылының маңызды әлеуметтік мәселелері қысқа мерзімде шешілді 

Бүгін Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов Темір ауданының Кеңқияқ ауылына жұмыс сапарымен барды.  Сапар барысында ауыл тұрғындарымен кездесті.

Осыдан 10 күн бұрынғы жұртшылықпен кездесуінде өңір басшысы тұрғындар тарапынан  айтылған және өзінің жеке бақылауына алынған өзекті мәселелердің шешілу барысын тексерді.

Кеңқияқ ауылдық округінің аумағында өңірдің ірі мұнай өндіруші компаниялары жұмыс істейтіні белгілі. Аталған кәсіпорын өкілдері де бүгін облыс әкімінің тапсырмасымен ауылға келіп, тыныс-тіршілігімен танысты. Жер қойнауын пайдаланушылар ауылды абаттандыру, әлеуметтік мәселелерді шешу жөніндегі жобаларды іске асыруға тікелей қатысады. Бұл жобаларға барлығы 5 компания тартылады.

Ауылдың бүгінгі күнгі өзекті мәселелерінің бірі – елді мекендегі жолдардың жай-күйі. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес «Покровка-Темір-Кеңқияқ-Ембі» облыстық маңызы бар жолын жөндеу жұмыстары жеделдетілді. Аталған жол ұзындығы 111 шақырымдағы учаскеде жаңартылады. Жоба аясында осы уақытқа дейін грейдер болған Кеңқияқтың айналма жолына асфальт төселеді. Жобада жұмыс істейтін үш мердігер ұйымның өкілдері жұмыс барысын тексерген облыс әкіміне қыркүйек айында жол жұрт игілігіне беріледі деп уәде берді.

Сондай-ақ, өңір басшысы бастаған делегация 2012 жылы салынған мектеп ғимаратын тексерді. Бірінші қабатта бірнеше жыл бұрын қабырғаларында жарықтар пайда болған. Бұл мәселені ауыл тұрғындары мамыр айының басында аймақ басшысымен кездесуде көтерді.

Бүгін өңір басшысы тұрғындарға ауыл мектебіне күрделі жөндеу алдағы күндері басталатынын жеткізді. Жұмыстар демеушілік қаражат есебінен жүргізіледі.

💬 «Кеңқияқ ауылына осыдан 10 к.н бұрынғы жұмыс сапарымда халықпен кездесуде көптеген өзекті сұрақтар көтерілді. Содан кейін мен ауылдағы мәселелерді шешу үшін қайта келемін деп баршағызға уәде бердім. Мектепті қарап шықтық, уақыт жоғалтпас үшін жөндеу жұмыстары бюджеттен тыс қаражат есебінен жүргізілетін болады. Тұрғындар үшін жол мәселесі де өзекті. Биыл ауылдың 14 көшесіне асфальт төселеді»,деді облыс әкімі.

Айта кетейік, осыған дейінгі жиында тұрғындар оқушылардың мектепке қиындықсыз қатынауына автобус бөлуді сұрады. Көп уақыт өтпей олардың тілегі орындалды. Салтанатты жиында облыс әкімі жаңа автобустың кілтін ұстаздарға табыс етті.

💬 «Біз бірнеше жыл көз жасымызды тауысып, айтып келген мәселелер бүгін шешімін тауып отыр», – деп қуанышын білдірді барша ата-ана.

Е. Тоғжанов ауылішілік жолдарды жөндеу жұмыстарының барысын, сондай-ақ ауыл тұрғындары спорт нысандарына айналдыруды ұсынған екі қараусыз қалған ғимаратты аралап, тексеру қорытындысы бойынша біреуін бұзу, ал екіншісін күрделі жөндеу бойынша шешім қабылданды. Үстіміздегі жылы елді мекенде дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайда болады, оның базасында Кеңқияқ және Саркөл ауылдарының балаларына арналған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі ашылады.

💬 «Сіздер бұл мәселені өткен кездесуде көтердіңіздер. 30 жыл бойы қараусыз қалып, пайдаланылмаған ғимаратта дене шынықтыру-сауықтыру кешенін ұйымдастыруға сұрадыңыздар. Мұны біз бюджеттен тыс қаражат есебінен жүргізіп сіздердің игіліктеріңізге береміз. Сондықтан барлық ірі компания басшылары бүгін осында»,деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

Ауыл үшін тұрғын үй қорының ескіру мәселесі өзекті. Тұрғындар көпқабатты үйлердің жертөлелері жылдар бойы кәріз суымен толып, шатырлардан су ағатындығына шағымданды.
Облыс әкімі Корпусная көшесіндегі №23 үйдің жай-күйімен таныссты.

💬 «Бұл үйдің әр пәтерінде бес баладан тұрады. Шатырдан жыл сайын су ағады, біз оны өз қолымызбен жөндейміз. Жыл сайын әкімдікке барамыз – ешқандай көмек жоқ. Сіз келісімен мәселелер шешіле бастады. Сіз бізге келе жатқаныңызды естігенде қуанамыз, өйткені сонда ғана бірдеңе жасала бастайды. Қазірдің өзінде нәтижелер бар – көрші үйде жертөле сорылып жатыр, бұған дейін ештеңе жасалмаған. Біз өз жертөлемізді өз күшімізбен тазарттық, енді біздің проблемамыз – шатыр»,деп үй тұрғындарының бірі облыс әкіміне жүгінді.
Аталған үйдін мәселесінің шешімі де көпке созылмады. Мамырдың 22 жұлдызында бюджеттен тыс қаражат есебінен шатырды ауыстыру және қасбеттерді жөндеу жұмыстары басталатыны айтылды.

Ауылды абаттандыру жұмыстарыда жанданады. Атап айтқанда, 11 аулада асфальт төсеу, балалар мен спорт алаңдарын орнату жоспарлануда.

Елді мекеннің ақсақалы Дат Елтезеров ауыл тұрғындары атынан ауылдың жылдар бойы жергілікті атқарушы орган тарапынан шешімін таппаған басты мәселелерге назар аударылғанына алғысын білдіріп, ақ батасын жаудырды.

💬 «Сіз бізге жақын арада қайта келеді деп сенген жоқпын. Сұрақтар күрделі, оңай шаруа емес, бірақ соған қарамастан Кеңқияқты дамытуға көп қаражат бағыттап отырсыз. Тіпті демеушілерді де өзіңіз таптыңыз.  Бұрын бізге де көп уәде берілді, бірақ уәделер сол күйінде қалды. Мен мұнда 50 жылдан астам уақыт тұрамын және осы уақыт ішінде үйлерге жөндеу жүргізілген жоқ. Сөзіңізде тұрғаныңызға және бастамаларыңызды жүзеге асырып жатқан компанияларға да көп рақмет», деді Дат Елтезеров.

«Ауылды көгалдандыру қажет. Саябақ керек. Бұл мәселеге біз әлі ораламыз, құзіретті мекемелерге тапсырма бердім. Жол бойындағы қоқыс полигонын ауыстыру қажет. Ақсақалдар және қоғамдық кеңеспен ақылдасатын боламыз. Жолдың бойында мұндай полигон болмауы керек», – деп қорытындылады Ералы Тоғжанов.

Д.АЙДАР. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button