Жаңалықтар

208 бейнекамера аздық етіп тұр

Көшпелі отырыс

Кеше облыстық полиция департаментінде Ақтөбе қалалық мәслихатының заңдылық, құқықтық тәртіп, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару мәселелері бойынша тұрақты комиссияның көшпелі отырысы өтті.

Жиында учаскелік полиция инспекторларының жай-күйі, Ақтөбе қалалық жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және цифрлық технологиялар орталығының жұмысы, сондай-ақ қауіпсіздік мәселелері қаралды.

— Қазіргі таңда Ішкі істер министрлігі үлкен өзгерістерді қолға алып жатыр.  Облыста жасалған қылмыстардың басым бөлігі, яғни 80 пайызы қалада тіркелгендіктен, бақылау мен алдын алу жұмыстарына айрықша көңіл бөлінуі керек.  Осы сәтті пайдалана отырып, қалалық мәслихат депутаттарына облыс орталығында небәрі 208 бейнекамераның барын айтқым келеді. Бұл өте аз. Салыстырмалы түрде айтсам, көршілес Атырау облысында 7 мың, ал Қызылордада 5 мың бейнекамера орнатылған. Ал біздегі 208 камераның 25-30-ы күн сайын істен шығады, оны біздің қызметкерлер жөндейді. Қала әкімі бұдан хабардар. 3 мың бақылау құрылғысы қойылады деген жоспар бар. Бейнекамера полицейлердің жұмысын жеңілдетумен қоса, қоғамдық тәртіпті де күшейтеді. Өйткені камераны көргеннен-ақ жүргізушілер бірден жол ережесін сақтайды. Ақтөбеде  жол-көлік оқиғасы да азаймай тұр. Егер камера мәселесі шешілсе, бұның алдын алар едік. Тағы бір мәселе — учаскелік инспекторлардың қызметтік көлігі тозып тұр. Әрі оны өздері жуады. Комиссия мүшелері осы мәселелерді атқарушы билік өкілдеріне жеткізсе екен, — деді облыстық полиция  департаментінің бастығы Абай Жүсіпов.

Басқосуда кеш жүргізіліп жатқан көгалдандыру жұмыстары, шұрық-тесік жолдар, т.б. мәселелер көтерілді.

Комиссия отырысына қалалық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, учаскелік полиция инспекторлары, мемлекеттік мекемелер қызметкерлері, т.б. қатысты.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button