Жаңалықтар

Басылым мен оқырман арасындағы дәнекер

Баспасөз — 2023

Сәрсенбі күні «Ақтөбе Медиа» ЖШС мен «Қазпошта» АҚ облыстық филиалы басшылары өзара әріптестік ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойып, бір топ пошта қызметкері марапатталды.

Аталған басқосу «Қазпошта» АҚ облыстық филиалының бас ғимаратында өтті. Оған «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин, «Қазпошта» АҚ облыстық филиалының директоры Шынар Нұрмұханбетова, «Ақтөбе Медиа» ЖШС директорының орынбасары Айгүл Нұркеева, облыстық «Ақтөбе» газетінің бас редакторы Сәтжан Дәрібай, сондай-ақ филиал қызметкерлері мен аудандардағы «Қазпошта» бөлімшелерінің өкілдері  қатысты.

Кездесуде «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин қазіргі таңда өңірде баспасөзге жазылу науқаны қарқынды түрде жүріп жатқанын жеткізіп, облыстық қос басылым мен «Үш таған» журналын оқырманға уақытында жеткізіп отырған пошта саласы қызметкерлеріне зор алғысын білдірді.

— Келер жылы облыстық «Ақтөбе» газеті 100 жылдық мерейтойын атап өтеді. Бұған дейін «Актюбинский вестник» газеті ғасырлық белесін тойлады. Өздеріңіз білесіздер, бүгінде қос басылымның көтеретін тақырыбы сан алуан. Мұнда тарих та, мәдениет те, рухани мәселелер де кеңінен қамтылады. Ең бастысы, оқырмандар газеттерімізден қажетті ақпаратты таба алады. Журналистердің тынымсыз еңбегімен жарыққа шыққан газет сіздер сияқты сенімді әріптестеріміздің арқасында оқырманымыздың қолына тиеді. Сіздерге облыс орталығынан бастап шалғайдағы ауылдарға дейін басылымдарымызды тұрғындарға уақытында жеткізіп, сапалы қызмет көрсетіп отырғандарыңыз үшін алғысымызды айтамыз.

Пошта қызметі — ұзақ жылдардан бері байланыс құралы ретінде өз маңызын жоймай келе жатқан сала. Осы салада еңбек етіп жүрген баршаңыздың жұмыстарыңызға сәттілік, отбасыларыңызға амандық тілеймін, — деген серіктестік басшысы бір топ пошта саласының өкіліне арнайы Алғыс хат пен естелік сыйлық табыс етті. Марапатталғандар қатарында газетке жазылу науқанында белсенділік танытқан «Қазпошта» акционерлік қоғамының Шалқар, Ырғыз, Ойыл, Байғанин, Мұғалжар, Әйтеке би аудандарындағы бөлімшелерінің қызметкерлері бар.

Бұдан кейін басқосуда сөз сөйлеген «Ақтөбе Медиа» ЖШС директорының орынбасары Айгүл Нұркеева мен облыстық «Ақтөбе» газетінің бас редакторы Сәтжан Дәрібай газет-журналдарды үйді-үйге таратып, дер кезінде оқырманның қолына жеткізетін пошташылардың еңбегі зор екенін атап өтіп, жиналғандарға ризашылығын жеткізді.

Шара соңында «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин мен «Қазпошта» АҚ облыстық филиалының директоры Шынар Нұрмұханбетова екі жақты ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойды.

Айта кету керек, қазір облыс бойынша баспасөзге жазылу науқаны жүріп жатыр. Егер сіз «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерімен «Үш таған» журналына жазылғыңыз келсе, өз тұрғылықты жеріңіздегі «Қазпошта» АҚ бөлімшесіне баруыңызға болады.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button