Жаңалықтар

Тағдырлар тоғысқан мекен

Ана үйіне — 10 жыл

Тағдырдың жазуымен қиын жағдайға түскен талай қыз-келіншекке пана болған «Ана үйі» 10 жылдығын атап өтті. Шараға облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова, «Ана үйі» жобасының жетекшісі Сәния Әренова, сондай-ақ үкіметтік емес ұйым өкілдері, волонтерлер мен орталыққа демеушілік жасап, қолдау көрсетіп келе жатқан азаматтар қатысты.

10 жылдық мерейтой «Алақай» қуыршақ театрының ғимаратында өтті. Алдымен шараға жиналғандар қызықты сайыстардың куәсі болды. Бұл жерде қоларбалар шеруі өтіп, сәбилер еңбектеп жарысты. Көпшіліктің қызығушылығын тудырған қоларбалар шеруіне балаларының  «көлігін» безендіруде қиялына ерік берген 8 ана қатысты. Бұл сайыста қазылар алқасына да шешім шығару оңай болмағаны анық. Өйткені түрліше безендірілген қоларбалар көздің жауын алады. Бірі баласының қоларбасын бесікке айналдырса, енді бірі ұлына арнап патшаның тағын жасапты.

Бір жарым жастағы кішкентай Шахзаданың қоларбасын анасы Үміт киіз үй қылып безендіріп, жобасын «Түп негізге оралу» деп атапты.

— Біз өткенді ұмытпауымыз қажет. Қандай да бір шешімі күрделі іске келгенде, ең алдымен,«бұл жағдайда біздің ата-бабаларымыз не істеген болар еді» деп ойланған жөн. Қазақта ертеде балалар үйі де, қарттар үйі де болмаған. Сондықтан мен жобамның атын «Түп негізге оралу» деп атап, қызымның қоларбасын киіз үй секілді етіп жасадым, — дейді Үміт Божымбетова.

Сайыс қатысушыларының барлығына демеушілер атынан естелік сыйлық табыс етілді.

Салтанатты шара барысында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова жиналғандарды өңір басшысы Ералы Тоғжановтың атынан құттықтап, осы уақыта дейін «Ана үйіне» қолдау көрсетіп келе жатқан ел азаматтарына алғысын білдірді.

— Кез келген бала үшін ананың алақанынан аялы, жылы ештеңе жоқ. Ешкім де өмірінің жаман болғанын қаламайды. Дегенмен тағдыр жолында түрлі қиындықтар кездесіп жатады. Сондай қиын жағдайға тап болған қыз-келіншектерді қолдау мақсатында осыдан 10 жыл бұрын елімізде «Ана үйі» өз есігін ашты. Бүгінгі күнге дейін бұл жерден сәбиін көтерген көптеген ана қамқорлық, жылу тапты. Осы жобаның жүзеге асуына қолдау көрсеткен Исламбек Салжанов мырзаға ризашылығымды білдіремін, — деді облыс әкімінің орынбасары.

«Ана үйі» жобасының жетекшісі Сәния Әренованың айтуынша, осы уақытқа дейін аталған орталықтан 6000-нан астам әйел әлеуметтік көмек алған. Бүгінгі таңда республика бойынша 18 қалада 21 «Ана үйі» бар. Онда 170 әйел тұрып жатыр.

«Ана үйін» ашудағы әуелгі мақсат елдегі жетімдікті жою, әйелдердің баласынан бас тартуының алдын алу болатын. Осы уақыт аралағында біздің қор сегіз мыңнан астам баланы жетімдіктен құтқарды.

Қазіргі таңда «Ана үйі» өзінің тиімділігін көрсетті. Бүкіл ел бойынша жаңа туған нәрестелерден бас тарту саны 69 пайызға  қысқарды. Балаларға арналған мекемелерден сәбилерді отбасыларға, оның ішінде кәсіби асырап алушы отбасыларға орналастыруға жәрдемдесу жұмыстары да нәтиже көрсетті, —  деді Сәния Әренова.

Ақтөбедегі «Ана үйі» ашылған уақыттан бастап 300-ге жуық келіншектің мекеніне айналған.

— Бүгін осы уақытқа дейін бізге көмегін аямай, қолдау көрсеткен жандарға алғыс айту мақсатында достарымыз бен серіктестеріміздің басын қосып, нәтижелерімізбен бөлісуге шақырдық. Біздің негізгі мақсатымыз — сәбиді туған анасынан айырмау. Қазір Ақтөбедегі «Ана үйінде» 6 ана тұрып жатыр. Олар бұл жерде алты ай тұра алады, — деді Ақтөбедегі «Ана үйінің» өкілі Меруерт Ахметжанова.

Кештің шымылдығын «Алые паруса» үлгілі театр ұжымы қойылыммен ашса, «Шашу» халықтық отбасылық ансамблі, Қазанғап атындағы балалар өнер мектебіжәне балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығының өнерпаздары ән-күйден шашу шашты.

Шара барысында «Ана үйіне» осы уақытқа дейін қолдау көрсетіп жүрген волонтерлер мен демеуші азаматтарға Алғыс хаттар табысталды.

Айта кетейік, 10 жылдық мерейтой аясында құны 500 теңге болатын ұтылыссыз лоторея ұйымдастырылды. Жиналған қаражат анасымен бірге «Ана үйінде» тұрып жатқан Мирон Миллердің еміне жұмсалады.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button