Жаңалықтар

Көршіңізбен татусыз ба?

Данагүл Қазихан,

«Ақтөбе»

Ойтүрткі

Бәріміз де ауылда өстік. Қашан да ауыл десе, бір бүйрегіміз бұрып тұрады. Қаншама жерді шарлап, араласақ та, бәрібір туған жерге ештеңе жетпейді. Міне, сол ауылда бала күнімде анам жағынан туыс бір аға-жеңгеммен көрші тұрдық. Ортада үй болса да, екі отбасы жақын араластық. Әлгі нағашы ағамның менен 6-7 жас үлкен қызы, бір жас үлкен ұлы болды. Үйде жалғыз өскендіктен бе, күнде сол үйге барушы едім. Үйде ішім пысатын. Әлгі үйдегі жеңгемнің шоққа пісірген нанын сүйсініп жеуші едім. Неге екенін қайдам, бала кезде біреудің үйінен тамақ ішкенді жақсы көруші едік. Мен мектепте бірге оқитын құрбыларыма үйден тәтті тасысам, олар құрт, ірімшік алып шығатын. Жалпы сол кезде көрші-қолаң көп араласып, бәріміз бір үйдің балаларындай боп жүруші едік. Анам той-томалаққа кеткенде мені әлгі көршімнің үйіне қалдырып кететін. Кейін есейген соң өзім қала беретін болдым. Дегенмен мектеп бітіргенше көршілерімнің үйіне жиі барып, жақсы араласып тұрдым. Мен үшін көрші деген туғаныңдай болатын. Қай кезде барсаң да, дастарқаны жаюлы, асы пісірулі, бар дәмді тамағын алдыңа қоятын…

Ал қазір ше? Қазір де ауылыма жыл сайын демалыста барып тұрамын. Бірақ ауыл бұрынғыдай емес: адамдар бір-біріне суық, алдыңнан құрақ ұшып шығатындар аз. Көбі қалаға көшіп кеткен, көршілермен тек алыстан амандасып, өте шығасың. Әрине, бала кездегі бақытты шақтар енді қайтып келмесі анық. Дегенмен қазір ауыл балаларының бірінің үйіне бірі барып, көршілердің жақын араласып жатқанын көп көре бермейсің. Бүгінде ауылдың жағдайы жақсы, ауызсу да, көгілдір отын да бар. Интернет «келіп» тұр. Қазір көршілер бір-бірімен чат арқылы «араласады». Тіпті, жоғалып кеткен малды Whatsapp желісіндегі арнайы топтарға жазып сұрайды. Міне, қазіргі көршілердің жайы  осы.

Ал енді қалаға ойыссақ, бүгінде көп адам көршісінің қай рудан, қайдан көшіп келгенін біле бермейді. Таңертең жұмысқа шығарда немесе жұмыстан келген сәтте көріп қалуың мүмкін. Кейде тіпті көршімізді апталап көрмейтін кездер де болады. Бір-бірімен жақын араласпақ түгіл, 5-10 минут әңгімелесуге уақыт таппаймыз. Бәріміз бір жаққа асығып тұрамыз. Тек кейде бір үй қонаққа шақырса, дастарқан басында қауқылдасып, шуылдасып қаламыз. Онда да көп жерге үйдің үлкендерін жібергенді жөн көресің. Қалай десек те, әйтеуір, жеке тұрғын үйде тұратындар сирек болса да, жолығысып, жөн сұрасып жатады. Ал көп қабатты үйлерде тұратындардың «сыры», тіпті бөлек. Олардың көбі көршілерінің кім екенін білмейді, араласпайды, балалары бірге ойнамайды.

Қазақта «Көрші ақысы — тәңір ақысы» деген жақсы сөз бар. Жаңадан көшіп келген үйге қоныс тойын өткізуде де қазақ халқы көрші-қолаңмен танысып-білісуді мақсат тұтқан. Жаңа көршіні ерулікке шақыру да содан қалса керек. Көрші туралы қасиетті Құранда былай дейді: «Аллаға құлшылық қы­лыңдар. Оған ешкімді се­рік қоспаңдар. Әке-шешеге, туыстарға, жетімдерге, кедей-кепшіктерге, жақын көршіге, алыс көршіге, жаныңдағы жолдасыңа, қаражаты тау­сылған жолаушыларға, қол­­дарыңа қара­ғандарға (қыз­­­мет­шілерге) жақсылық жа­саң­дар. Алла дандайсыған тәкаппарларды жақсы көр­мейді» («Ниса» сүресі, 36-аят).
Сондай-ақ қазақта «Көршіні Құдай қосады» дейді. Сондықтан қалада болсын, ауылда болсын, көршіңмен жиі араласып, туған-туысыңдай болғанға не жетсін?!

Бүгінде кім болса да, қарбалас тірлікпен жүріп, жақын-жуық, ағайын-туыспен тек той-томалақ, садақаларда жүздесетін болды. Бұрынғыдай шақырмаған жерге бармайды. Үйдің үлкендері былай тұрсын, қазір балалар да көрші үйге сәлем беріп барып, әлгі біз сияқты тәтті нан «сұрап» жемейді. Бұл жерде «нан сұрау» дегенді қазіргі балалар басқаша түсінеді тіпті намыстанады. Қазір ойлап қарасақ, сол кездегі «сұрампаздығымыз» көршілер мен ағайын-туыс арасындағы жақындықтың, қимастықтың, бауылмалдықтың айғағы екен ғой.

Қашанда қуанышыңды бірге бөлісетін, қысылтаяң шақта ауыртпашылықты бірге көтерісетін көршілерің болған қандай жақсы! Ал сіз көршіңізбен татусыз ба?

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button