Жаңалықтар

Ералы Тоғжанов: «Ауыл аманаты» ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға және ауылдың кешенді дамуына ықпал етеді

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында халықтың табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» ауқымды жобасының іске асырылу барысы туралы мәлімдеді.

💬 «Мемлекет басшысы ұлықтау рәсімінде ауыл мәртебесін көтерудің маңыздылығын атап өтіп, өзінің алғашқы Жарлығында ауылдарды дамыту тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырды. Былтыр Ақтөбе облысында «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру басталып кеткенін білесіздер. Негізгі мақсат – ауылды барынша сақтап қалу, екіншіден, ауыл халқының әл-ауқатын арттыру, үшіншіден, жұмыссыздықты азайту. Өңірде «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске қосудың алғашқы кезеңі 134 ауылдық округке скрининг жүргізуден басталды, оның негізінде әрбір округтің әлеуметтік-экономикалық даму жоспары әзірленді. Осылайша, облыста әлеуметтік-экономикалық дамудың үш деңгейлі толыққанды жүйесі – облыс, аудан, ауыл құрылды. Нәтижесінде біз әр ауылдың, ауданның ерекшеліктеріне орай экономикалық әлеуетін анықтадық, нақты мүмкіндіктерді, күшті және әлсіз жақтарын белгіледік. Облыс бойынша 700 мың гектар пайдаланылмайтын жер анықталды. Бұл жерлердің барлығы жыл соңына дейін қайтарылады», – деді Ералы Тоғжанов.

Әр ауылдың әлеуметтік портреті – нақты жұмыссыздардың, атаулы әлеуметтік көмек алушылардың, өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың тізімдерін және әр отбасының орташа табысын қамтиды. Сонымен қатар, тамақ өнімдерін өндіру мен тұтынудың тепе-теңдігі анықталды.

Скринингке сәйкес, Ақтөбе облысы халық тұтынатын негізгі азық-түліктің 65 түрінің 7-ін толық қамтамасыз етеді. Ішкі өндіріс есебінен азық-түліктің 45 түрімен қамтамасыз ету үлесі 1%-дан 69%-ға дейін. Облыста 13 өнім түрі мүлдем өндірілмейді.

💬 «Мысалы, өңір өз өндірісіндегі құс етімен небәрі 5,4% қамтамасыз етілген. Бұл шамамен 95% тауар шетелден немесе басқа аймақтардан әкелінеді дегенді  білдіреді. Тек құс етінің өзінен жылына өңірімізде қалдыруға болатын 11 млрд. теңге сыртқа жұмсалуда. Көкөністерге келетін болсақ, ішкі өндіріс есебінен қамтамасыз ету 40%-ға жетпейді. Жыл сайын көкөніс сатып алуға шамамен 10 миллиард теңге жұмсалады. Осы деректердің негізінде Ақтөбе облысы негізгі азық-түліктің 65 түрін өндіруді жолға қойып, жыл сайын өңір экономикасында 151 млрд теңге қалдыра алады», – деп атап өтті облыс әкімі.

Аталған мәселені шешу мақсатында «Ауыл аманаты» жобасы аясында тамақ өнімдерінің әрбір түрі бойынша өндірісті дамыту бағыттары айқындалды, жеке қосалқы шаруашылықтар іске асыратын жобалар дайындалды.

💬 «Мемлекет басшысының ауылдарды дамытуға 1 трлн теңге бөлу туралы шешімі импортқа тәуелділікті жойып қана қоймай, бүгінде азық-түлік импортына жұмсалатын қаражатты ел ішінде қалдыруға мүмкіндік береді», – деп түйіндеді Ералы Тоғжанов.

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button