Жаңалықтар

Тұлғаны ұлықтау және қазақ күресі

Темірбек Жүргенов — 125

Көрнекті мемлекет және қоғамқайраткері, ұлтымыздың 1937 жылы жазықсыз атылған ардақты перзенті Темірбек Жүргеновтің туғанына биыл— 125 жыл. Осыған орай Әйтеке би ауданы қазақ күресінен республикалық турнир ұйымдастырып, мықты палуандардың басын облыс орталығында қосты.

Дәстүрге айналған дода

Турнирге Атырау, Маңғыстау, Қызылорда, Ақтөбе облыстарынан және Алматы, Астана қалаларынан 15 команда, 180 жас палуан, сондай-ақ 10 түйе палуан қатысты.

Шара қонақтары алдымен «Азаттықтың ақ таңы» мемориалды кешеніне барып, тұлға рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. Дәл осы жерде Темірбек Жүргеновтің ұлтына жасаған еңбегі мен қайраткерлік тұлғасы туралы естеліктер айтылды.

Екі күнге созылған негізгі шара Жекпе-жек сарайында өтті. Сарайдың фойесінде

Әйтеке би мен Ырғыз аудандарының музейі тақырыптық көрме ұйымдастырып, ұлтын сүйген ұлы тұлға туралы мәліметтермен бөлісті.

Шараның ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова жиналғандарды облыс әкімі Ералы Тоғжановтың атынан құттықтап, палуандарға сәттілік тіледі.

— Бүгін тағы бір тарихи, саяси-мәдени шараның куәсі болып отырмыз. Ұлтымыздың біртуар тұлғасы Темірбек Жүргеновтің туғанына 125 жыл толуына орай осындай республикалық деңгейдегі шараны ұйымдастырып отырған Әйтеке би ауданының азаматтарына ризашылығымды білдіремін. Ауқымы кең мұндай іс-шара бірліктің, ауызбіршіліктің, ортақ мақсаттың нәтижесінде ғана жүзеге асырылады. Артында есіне алар халқы барда Темірбек Жүргеновтей тұлғаның елі үшін жасаған өлшеусіз еңбегі мен тынымсыз тірлігі ешқашан ұмытылмайды. Облыс аумағында жыл сайын қоғам қайраткерін еске алуға арналған шаралар ұйымдастырылып тұрады, өңірде оның есімі берілген ауыл, бірнеше нысан бар, — деген Бұлбұл Елеусінова шараға Қызылорда өңірінен арнайы келген қонақтарға алғысын білдіріп, рақмет айтты.

Әйтеке би ауданының әкімі Дархан Ермағанбетов алаш ардақтысына тағзым ету мақсатында ұйымдастырылған турнир бұған дейін аудан орталығында 3 рет өткенін айтты.

— Бүгінгі шараның облыс орталығында республикалық деңгейде өтіп жатқандығы, ең алдымен,қолдау көрсетіп, демеушілік жасаған Әйтеке би ауданы азаматтарының арқасы.Өз мүмкіндіктерімізді бағамдап Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығына арналған турнирді Ақтөбе қаласында өткізгенді жөн санадық. Алдағы уақытта көрнекті қайраткердің атындағы турнирді халықаралық деңгейде ұйымдастырғымыз келеді, — деді Дархан Ермағанбетов.

Шараға Жүргеновтің Алматы қаласынан келген рулас інісі, дзюдодан ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Сейділдә Қалиев те қатысты.

— Ақтөбе жұртшылығы, оның ішінде Әйтеке би ауданы алаш ардақтысы Темірбек Жүргеновке арналған кең ауқымды, үлкен тәрбиелік мәні бар шара өткізді. Мұндай ауызбіршілігі бар аудан бұл турнирді халықаралық деңгейге шығара алатынына сенімдімін, — деді ол.

Екі күн бойы ақтөбеліктер еркін күрестен тамаша сайыстың куәсі болды. Жарыстың бірінші күні бозкілемге 2007-2008 жылы туған жас палуандар шықса, екінші күні өткен түйе палуандар сайысында «Қазақстан барысы» атанып жүрген нағыз мықтылар өнер көрсетті.

Бірнеше салмақ дәрежесі бойынша марапатталған жас палуандар қаржылай жүлдеге ие болды. Сондай-ақ турнирдің бас демеушісі Орынбай Жолмұратов 3 жас палуанға«Жеңіске деген жігері үшін» номинациясын  арнайы табыстады.

Жұрттың делебесін қоздырған түйе палуандар бәсекесінде  2017 жылғы «Қазақстан барысы» турнирінің жеңімпазы Еламан Ерғалиев жеңіске жетіп, жүлдеге тігілген бір миллион теңгені иеленді. «Қара бура» лақап атымен танымал, «Қазақстан барысы» турнирінің жүлдегері, маңғыстаулық Нұрдәулет Жарылғапов екінші орын алды. Екінші орынның жүлдесі —  500 мың теңге. Айта кетейік, Нұрдәулет Жарылғапов алған жарақатына байланысты финалға шыққан жоқ, жолын қарсыласына берді. Үшінші орынға тігілген 300 мың теңге қызылордалық Айбек Серікбаевқа бұйырды.

Қолдау мен демеу

Әйтеке би аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Анар Көлмырзақызының айтуынша, республикалық турнир өткізу үшін бюджеттен бірде-бір тиын бөлінбеген. Барлығы демеушілік қаражат есебінен жасалыпты.

Мәселен, турнирдің бас демеушісі «Шыңғыс» шаруа қожалығының басшысы Орынбай Жолмұратов 3 млн теңгеге жуық қаржы мен 5 жылқы беріпті.

— Әйтеке би ауданында балалары шетінен өнерлі, дарынды  Ақтасты, Толыбай деген ауылдар бар. Бұл турнирдің өтуіне атсалысудағы бір себебім —сол балалар осындай үлкен додаларға шығып, үлкен жарыстың атмосферасын сезінсін дегенім. Мен анау айтқандай бай емеспін, бірақ елдің балаларын қолдау үшін барымды салып жүрмін. Қазір сол ауылдан шыққан балалар едәуір ысылып қалды. Бүгінгі турнирде  жүлдегерлер қатарынан көрінді. Ендігі арманым, сол балалардың жарысқа қатынайтын көлік мәселесін шешіп берсем деймін. Ештеңеге қатыспаған ауыл баласына ертеңгі күні қала өміріне араласып кету қиын болады. Сондықтан олар жастайынан осындай ортаны көріп өсуі керек.

Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығына арналған республикалық турнир көппен бірге біткен іс болды. Бұл шараның өтуіне менен басқа да көптеген кәсіпкер қолдау білдіріп, демеушілік көрсетті. Сол азаматтарға мен де алғысымды білдіремін, — дейді Орынбай Жолмұратов.

Ал жарыстың демеушілерінің бірі белігілі кәсіпкер Сағындық Кішкенебаев ел азаматтарының басын біріктіріп, көпке үлгі боларлық шара өткізуде аудан әкімінің еңбегі зор екенін айтты.

— Жақсының жақсылығын айту керек. Әйтеке би жұртының әкімнен жолы болды десем, ешкім қарсы бола қоймас. Жас болса да үлкен ауданға бас болған Дархан Жанысқанұлы қашанда біздің идеяларымызды қолдайды. Бүгінгі ауқымды шараның өтуі де сол азаматтың біліктілігінің арқасы деп білемін, — деді ол.

P.S «Темір нарком» атанған Темірбек Жүргеновтің қайраткерлік тұлғасы, мәдениет, әдебиет және өнер саласын көтеруге сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Өздеріңіз білетіндей, Әйтеке би ауданының орталығы 2020 жылдан бастап Темірбек Жүргеновтің есімімен аталады. Ақтөбеде Әйтеке бидің азаматтары бірлесе өткізген ауқымды спорттық дода көрнекті мемлекет қайраткерінің есімін ұлықтауға арналған шаралардың бірі ғана. Облыс алда болатын үлкен тойға дайындалып жатыр…

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button