Жаңалықтар

Алпыс түп көшет екті

Есет батыр тұрғын алабындағы аллея жеміс ағаштарымен толықты. 15 мамыр — Халықаралық отбасы күніне орай «Отбасы ағашы» акциясын өткізген ақтөбеліктер бұл жерге 60 түп алма мен өрік көшетін екті. Шараға Ақтөбе қаласының әкімі Мұрат Жөребеков те қатысты.

15 мамыр көп елде Отбасы күні ретінде аталып өтіледі. Бұл күн 1993 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының қарарымен бекітілген болатын. Отан отбасынан басталады. Сондықтан халықаралық деңгейде аталып өтілетін атаулы күнді мәнді әрі мағыналы етіп өткізген жөн. Есет батыр тұрғын алабының тұрғындары «Отбасы ағашы» акциясын өткізіп жатыр. Бұл, біріншіден, қаланың көркеюіне үлес қосу, екіншіден, өсіп келе жатқан жас ұрпаққа — үлгі, тәрбие. Акцияға қатысып жатқан отбасыларға алғысымды білдіремін. Барлық ақтөбеліктерді Халықаралық отбасы күнімен құттықтаймын! — деді қала әкімі.

Ағаш егу акциясына Есет батыр тұрғын алабының 2-шағын ауданында тұратын Пазылбековтер отбасы ерте келді. Алты бала тәрбиелеп отырған Нұрхан мен Жұлдыздың отау құрғандарына 10 жылдан асыпты.

Ағаш егіп, үй тұрғызу, ұрпақ өсіру — ер жігіттің мойнындағы үш міндет деп білемін. Сондықтан бүгінгі шараға балаларымызбен бірге қатысуды жөн санадық. Ата-анасымен бірге жасаған игі іс балалардың есінде қалады. Өскенде «мына ағашты ата-анаммен бірге егіп едім» деп айта жүреді. Керемет емес пе? Бұл аллеяға күнде келеміз. Алдағы уақытта өзімізбен бірге су ала келіп, еккен ағашымызды күтіп-баптайтын боламыз, — деген Нұрхан Пазылбеков мұндай шараның балалардың отбасына, туған өлкесіне деген сүйіспеншілігін арттыратынын айтады.

Ақерке САТЫБАЛДЫ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button