Жаңалықтар

Мейірім мен шапағаттың мекені

Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратында халықаралық отбасы күніне орай облыстық аналар кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.

«Берік отбасы — мемлекет тірегі» тақырыбында өткен жиынға ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және  отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия мүшесі, ҚХА Аналар кеңесінің төрайымы Назипа Шанаи, Қазақстан Халқы Ассамблеясының республикалық аналар кеңесі төрағасының орынбасары Баян Ақатай, облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусіновақатысты.

— Отбасы — шағын мемлекет. Ол — тәлім мен тәрбиенің, үлгі мен өнегенің, мейірім мен шапағаттың мекені. Десек те қоғамда әсіресе көпбалалы отбасылар арасында отбасылық-тұрмыстық зомбылық, жұмыссыздық, тұрмыстың төмендігі жиі кездеседі.Бұл мәселелердің бәрін тұрақты бақылауында ұстап отырған Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес былтырдан бастап отбасы және гендерлік саясат Тұжырымдамасы қолға алынып,мемлекет және қоғамдық институттар тарапынан отбасылардың жағдайын көтеру жөнінде кешенді шаралар қабылданып жатыр, — деді Бұлбұл Елеусінова.

Елордадан осы жиынға арнайы келген Нәзипа Ыдырысқызы сөзін «Мемлекет үшін салауатты, тату-тәтті, берекелі отбасыдан артық байлық бар ма?» деп бастады.

— Отан отбасынан басталады. Ал ұлттың мәдени кодын, яғни рухани болмысынсақтау үшін тал бесіктен басталатын тәрбиеге аса көңіл бөлу қажет. Байқасаңыздар, бүгінгі таңда отбасы мүшелері арасында өзара түсіністікжоғалып барады. Дені смартфонға байланған, ата-ананың кейбірі баласының жағдайын sms арқылы емес, сөйлесу арқылы білудің маңызын түсіне бермейді.Осыдан кейін баланың тәртібі де нашарлай бастайды. Әлеуметтік зерттеулерге сүйенсек, орыс мектептерінде бірінші сынып оқушылары электронды темекі пайдаланады екен, қазақ мектебінде бұл жаман әдетке әуестену үшінші сыныптан басталады, — деді Нәзипа Шанаи.

Одан соң сала мамандары тақырып аясында отбасындағы зорлық-зомбылық, балалардың құқығы мен қауіпсіздігі, бала тәрбиесі, ата-ана рөлі туралы сөз қозғады. Мәселен, ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы, полиция майоры Ақгүл Қасанғалиеваның айтуынша, күйеулері ұрып-соққан әйелдерден полиция қызметінің 102 нөміріне 3 мыңға жуық қоңырау түскен. Оның 1800-іне ғана әкімшілік хаттамалар толтырылған. «Әйелдердің дені отбасын сақтап қалу үшін өтініштерін кері алып жатады. Алайда шаңырақтың шырқы көп ұзамай қайта бұзылады. Мұндай деректер көп», — дейді инспектор. Қазақстан Халқы Ассамблеясының республикалық аналар кеңесі төрағасының орынбасары Баян Ақатай синтетикалық есірткі мен балалардың жүйке жүйесінің бұзылуы туралы баяндама оқыды. Шара барысында облыстық аналар кеңесінің атқарған жұмысына да шолу жасалды. Аналар кеңесінің барлық ауданда филиалы бар, мұнда мыңнан астам ана белсенді жұмыс істейді. Сондай-ақ «Шолпы», «Ана мейірімі», «Құрақ көрпе» секілді бірқатар үйірмелер мен клубтар, орталықтар жұмысы жолға қойылған. Түптеп келгенде бәрінің де мақсаты — ұрпақ тәрбиесіне атсалысу, отбасы құндылықтарын сақтау.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button