Жаңалықтар

Тұрғындар көтерген мәселе: жол, жарық және көлік қатынасы

Қала

Биыл Көктем, Балауса, Жібек жолы, Заречный-4 тұрғын алаптарында жалпы саны 80-ге жуық көшеге жарық шамдары орнатылып, Ақтөбе-Орск трассасынан №46 орта мектепке дейінгі жолға асфальт төселеді. Сондай-ақ Жібек жолы тұрғын алабында жаңа спорт кешені салынады.

Бұл туралы кеше №61 орта мектеп ғимаратында Көктем, Балауса, Жібек жолы, Заречный-4, Мағаджан, Сая тұрғын алаптарының тұрғындарымен өткен кездесуде Ақтөбе қаласының әкімі Мұрат Жөребеков пен Алматы ауданының әкімі Медет Ысқақов айтып берді. Кездесуде алдымен Медет Ысқақов биыл атқарылатын жұмыстарға тоқталды.

Биыл Ақтөбе-Орск трассасынан №46 орта мектепке дейінгі ұзындығы 441 метр болатын жолға асфальт төселеді. Жоба құны — 65 409,3 миллион теңге. Жоба мемлекеттік сараптамадан өтіп, биылғы жұмыс жоспарына енгізілді. Сондай-ақ Жібек жолы тұрғын алабында спорт кешені салынбақ. Қазір жобаның құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу мақсатында бюджеттік өтінім тапсырылды. Қаражат бөлінген бойда құрылыс басталады. Көктем тұрғын алабындағы амбулаторияның да жанама құрылысы биыл аяқталады. Бұдан бөлек осы алаптағы Энергетиктер, Архитектурный, Новороссийск көшелеріндегі электр желілері қайта жаңартылады, — деді Алматы ауданының әкімі.

Өз сөзінде аудан әкімі ит аулау мәселесіне де тоқталып өтті. Мәселен, жыл басынан бері ит аулауға жауапты Ақтөбе қалалық ветеринариялық станциясы Көктем, Балауса, Жібек жолы, Заречный-4  тұрғын алаптарынан жалпы саны 378 итті ұстаған. Оның айтуынша, бұл балалардың қауіпсіздігі үшін жасалып отыр. Себебі соңғы уақытта бұл аумақтарда иесіз иттер көбейген.

Кездесу барысында сондай-ақ Медет Ысқақов осы жергілікті тұрғындарды толғандырған қоғамдық көлік мәселесін де көтерді. Оның айтуынша, жыл басынан бері тұрғындар бұл мәселеге қатысты әкімдікке жиі шағымданған.

Бұл мәселе алдағы уақытта шешімін табады. Себебі тасымалдаушы кәсіпорын «Qala Trans» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қаламызға «Golden Dragon» маркалы 100 автобус жеткізді. Осы қоғамдық көліктердің бірқатары тұрғын алаптарына шығарылуы керек, — деді аудан әкімі өз сөзінде.

Жиында тұрғындар қала әкімінен қоғамдық көлік мәселесін шешіп беруді сұрады. Себебі қазір бұл алаптардың тұрғындары жұмысқа таксимен қатынауға мәжбүр. Автобустар уақытымен жүрмейді, бірқатары жиі бұзылып, жолда қалып қояды.

Сондай-ақ кездесуде Балауса тұрғын алабының тұрғындары бірқатар көшеде электр желісінің бағаналары құлағалы тұрғанын айтса, осы аумақтағы саяжайда тұратын көпбалалы ана қыста су құбыры қатып, электр желілерінің үзілуінен жылусыз қалғанын жеткізді. Ол аудан әкімінен жауапты мекемелердің осы мәселені шешуін қадағалауды сұрады.

Бұдан бөлек Заречный-4 тұрғын алабының тұрғындары орталық көшелерге асфальт төселсе деген тілегін жеткізсе, бірқатар азамат өздері тұратын тұрғын алаптарына балалар ойын алаңдары мен тротуарлар, жарық шамдары керектігін айтты.

Жиын соңында қала әкімі Мұрат Жөребеков тұрғындарды алаңдататын мәселелердің ешқайсысы назардан тыс қалмайтынын, олардың шешілуін қатаң қадағалайтынын жеткізді.

Кездесуден соң шаһар басшысы мен қалалық бөлім басшылары тұрғындарды жеке қабылдады.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button