Жаңалықтар

Іскер ана, икемді қыз

Отбасы күні

«Бақытты отбасы» орталығында табысты кәсіпкерлер, психологтер мен бизнес-тренерлер көпбалалы аналармен кездесті.

Халықаралық отбасы күніне орай облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның қолдауыменоблыстық әйелдер күштеріальянсы, көпбалалы аналар қауымдастығы және Хромтау аудандық іскер әйелдер қауымдастығының мүшелері көпбалалы аналармен кездесу ұйымдастырды. Шарада кәсіпкерлер өз тәжірибелері негізінде бизнесте табысқа жету, қиындықтарды еңсере білу жайында ақпараттар ұсынды. Одан бөлек аналарға «Элит букет» гүлдер салонынан әдемі гүл шоғын әзірлеу, аспаздан тағам дайындау бойынша шеберлік сағаты өтті.

Сондай-ақ комиссияның қолдауымен №78 мектеп-гимназияда өткізіліп жатқан«Іскер ана, икемді қыз» жобасы таныстырылды. Өнерлі ата-аналар мен олардан тәлім алған оқушылардың қолынан шыққан бұйымдары көрме ретінде өтті. Мектеп директоры Жанар Сейітмағанбетованың айтуынша, сенбі сайын өтетін үйірмеге қазіргі таңда 112 оқушы қатысады.

Қыркүйек айында бастау алған жоба аясында қолынан іс келетін аналар өсіп келе жатқан қыздарымызға тегін сабақтар өткізіп жатыр. Осылайша оқушыларымыздың бос уақытын тиімді пайдалануына атсалысып отырған жеті анамыз бар. Олар кондитерлік өнімдер, тігін, киіз басу, шармен безендіру жұмыстары, бет әрлеуден сабақ береді. Бұл жерде айта кететіні, аналарға ешқандай қаражат төленбейді, демеушілеріміз де жоқ. Соған қарамастан, жоба біз ойлағаннан да жоғары деңгейде жүзеге асырылып келеді. Оған себеп — аналарымыздың белсенділігі мен оқушыларымыздың ынтасы жоғары болуында. Ендігі мақсатымыз — осы аналарымыздың кәсібіне қолдау көрсетіп, өз ісін бастап кетуіне себепші болу, — дейді Жанар Сейітмағанбетова.

Үйірмеге қатысушы қыздар өздерінің қолынан шыққан дәмді тағамдарын, құрақ көрпелерін, әдемі киіздерін ала келіпті.

Іс тігумен айналысып келе жатқаныма 10 жылдай болып қалды. Ал 2009 жылы тігін ательесін аштым. Қазір жастарымызға құрақ тігу, ою салу, қазақы киіз үйдің жабдықтарын тігуді үйретіп жүрмін.

Өзім көпбалалы анамын. Мектеп жасында оқитын балаларымның барлығы да іс тігуді біледі. Қазір олар үйірменің басқа бағыттарына қатысып жүр.

Кейінгі ұрпаққа пайдам тисін, олар уақытын тиімді жұмсасын деген ниетте осы жобаға өз үлесімді қосып отырмын, — дейді іскер ана ЭльмираМұратжанова.

Насиба ЗАРЛЫҚОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button