Жаңалықтар

Оқырман

  • Болған оқиға ізімен

 «ҚАЙРАН БІЗДІҢ АНАЛАР АРДЫ ОЙЛАҒАН»…

Көшпелі түркі әйелдері, оның ішінде қазақ аналары мен аруларына әсемдік, нәзіктікпен бірге батылдық, өжеттік, парасаттылық тән. Тұмар ханшайым, Қарашаш, Домалақ аналар, Айғаным, Зере, Ұлжан, кешегі Әлия мен Мәншүк, Хиуаздар, Ләззат пен Сәбира, бүгінгінің батыл қыздары сөзімізге дәлел бола алады.

Сондай өжет, батыл қазақ қыздарының бірі — менің нағашы әжем Ақшыбық Оразайқызы. Бұл кісінің ерлігі туралы кішкентай кезімнен құлағыма сіңіріп өстім. Заманында осы бір қаршадай қыздың өжеттігі елге, ауыздан ауызға тарап, таңдай қақтырған. Үлкен бір поэмаға арқау болатындай оқиғаны айтайын. Бұл туралы Оразай немересі, танымал тұлға — Ниеталы Мырзатаев ағамыз (біз Нетіш көке дейміз) өзінің шежірелі кітабында, жеңгеміз Балзия Көрпебаева ғұмырнамалық еңбегінде жазды. Бұл оқиға былай болған:

Кеңес үкіметі құрылғаннан кейін, түрікпен басмашылары Қазақ жеріне дүркін-дүркін шабуыл жасап, бейбіт ауылдарды шауып, мал-мүлкін талап, әдемі қыз-келіншектерді, бозбалаларды алып кететін болған. Ел аузында «түрікпен шапқан» деген сөз содан қалған деседі.

1925 жылы Аяққұм жақта отырған Оразай атамыздың ауылын түрікпендер шабады. Атамыз әлдеқайда жолаушылап кеткен. «Басмашылар келіп қалды!» дегенді естіп, ауылда қалғандары қыз-келіншектерді, бозбалаларды жасыра бастайды. 10 жасар Оспанды тайқазанның астына жасырып қалады. Оң жақта бойжетіп отырған Ақшыбықтың бетіне күйе жағып, емізулі баланың анасы кейпіне енгізіп, алдына бала беріп қояды. Бірақ әккі басмашылар «мынау қыз» деп алып кетеді. Аязбай атамыздың Жұпан деген әдемі келіншегін де бірге әкетеді. Артында аналары аңырап қала береді. Ақшыбық жолда қашуға талай рет оқталса да, қасындағы жерлесіне қарайлайды, өйткені Жұпан аурушаң екен. Бірнеше рет қашады да, молаға түнейді, алайда түрікпендер оларды тауып алып, Жұпанды жолға тастап кетеді. Қыз қашып кетпесін деп оны киіздің тұйығына жатқызып, өздері шетіне жатады екен. Енді Ақшыбық қыз қулыққа көшіп, олардың сеніміне кіріп, от жағып, тамақтарын пісіреді. Тамақ пісірген жерге күлше көміп қалдырады. Отын терген болып, алдыға қарай жүріп, белгі ретінде жусанды жұлып тастай берген. Бір күні өжет қыз дәретке шыққан болып, айдың астына қарай қашқан, себебі айдың астына қарай жүрген адам көрінбейді екен. Ал түрікмендер оны арт жақтан іздеп, таба алмай, боқтап-боқтап кете барған.

Өзі жоқта ауылы шабылған Оразай атамыз қызын іздеп жолға шығады. «Әке — балаға сыншы» дегендей: «Ақшыбығым аман болса, түрікпенге пенде болмас, өлер. Өлмесе, қалай да қашып шығар», — деген үмітпен бақырауық атанын мініп шығады. Ал Ақшыбық болса, қуғыншылардан сақтанып, күндіз тығылып, түнде жүріп отырған. Алыстан бір ноқатты көріп жақындағанда атанның дауысын естіп, әкесімен қауышады. Сөйтіп, қайсарлығы мен ақылдылығының арқасында өжет қыз дұшпан тырнағынан босап, ел-жұртымен қауышады.

Міне, әжеміздің ерлігі осындай оқиғамен белгілі. Ол кісі кейін Төлеу баласы Шоқпыттың Мұханбетсадық деген баласына ұзатылып, Әбілқай есімді ұл (бала кезінде қайтыс болған), Зәкила, Зәпира есімді қыздарды өмірге әкелген. Түрікпеннің тырнағынан құтылғанмен, тағдырдың жазуынан құтыла алмай, 30-ға жетпей қайтыс болған. Зәкила — менің анам, 75 жасында өмірден озды. Зәпира апам да анасы секілді өмірден ерте озды. Әкелері майданнан оралмады. Анам жетімдіктің зардабын көрген. Нағашысы Оразай жиенінің болашағын ойлап, інісі Амантайдың баласы Омарға берген. «Ақшыбығымның көзі» көз алдымда жүрсін деген. Оның үстіне менің әкем де жас кезінен сауатымен, мінезімен көзге түскен, болашағынан мол үміт күттірген. Шүкір, ата-анам жақсы өмір кешті, ұрпақ өсірді.

Оразай атам 90-ның үстінде жасады. Атамыздың ұрпақтарының ішінде ғалым да, педагог те, дипломант та, дәрігер де, қажы да бар. Алла атамыздың жанын жәннаттан етіп, ұрпақтарына есендік нәсіп еткей!

Гүлнара АМАНТАЕВА,

ардагер-ұстаз.

Байқадам ауылы,

Шалқар ауданы.

 

  • Ұстаз үлгісі

БІЗДІ «АЙШАНЫҢ ҚЫЗДАРЫ» ДЕЙТІН…

Ақтөбе гуманитарлық колледжінің (бұрынғы педагогикалық училище) ғасырлық белесі қарсаңында осы байырғы оқу орны қабырғасынан түлеп ұшқанымыз ойымызға оралып, бойымызды ерекше мақтаныш сезімі билейді. Біз 1983-1987 жылдары ұстазымыз Айша Базарбайқызының тәлімінен төрт жыл тәрбие алдық, ол біздің өмірімізге мәңгі азық болды.

Айша апайымыздың үйі оқу орнының жатақханасына жақын болды. Ол күндіз-түні бізді көзінен таса еткен жоқ. Қатаң талап қойды. Біз сол талап үдесінен шыға білуге ұмтылдық. Көрген жерде жұрт бізді Айшаның қыздары дейді. Апайдың жүріс-тұрысы, парасат-пайымы, киген киіміне дейін биік мәдениет пен тектілік үлгісін білдіріп тұратын.

Сүйікті ұстазым Айша Базарбайқызының Құдай қосқан жары Бекет Есенжолов ағаның өмірден өткен хабарын естіп, досым Ақалтын екеуміз ол үйдің шаңырағына бас сұғып, көңіл айтып шықтық. Сол жолы апай бізге тамаша сый жасады. Ол Бекет аға қаламынан туған «Жүректе тұнған жазбалар», «Жадымдағы жаңғырықтар», Айша апайыма арналған «Өмір жолы өнеге» атты кітаптар болатын.

Мен үшін өмірдегі ең үлкен сый — кітап. Кітаптарды бас алмай оқып шықтым. Үйімнің төріне әкеліп қойдым. «Жүректе тұнған жазбаларында» Бекет аға өзі шыққан ортасы, ата-анасы туралы баяндайды. Аға өзіне қандай лауазымды қызметтер ұсынса да, ата-ана талабына қарсы шықпағанын жазады. Есімінің Бекет аталуының өзі бір үлкен тарих. Мектеп бітіруі, Айша апайымен танысуы, бірге өткізген студенттік жылдар, алғашқы еңбек жолдары, өмірге балаларының келуі, оларға есім берудегі үлкен жауапкершілік — бәрі-бәрі оқыған жанды одан сайын қызықтыра түседі.

Мен 1987 жылы педучилищені аяқтап, еңбек жолымды №61 теміржол орталау мектебінен бастадым. Осы жылы Бекет аға да Батыс Қазақстан теміржолы оқу орнының басшысы қызметіне кіріскен  екен. Ол теміржол мектептерінің қайта өрлеуіне еңбек етіп, үлкен үлес қосқан. Бір кездері өзіме білім берген, тәлім-тәрбие берген, мен үшін ең қымбат жан Айша апайымның жары Бекет аға басқарған білім басқармасына қарасты мектепте жұмыс жасағанымды кейінірек білсем де, соны өзіме мәртебе санадым.

Ағаның ізбасары, қара шаңырағының иесі — Арманы — металлургия маманы болса, менің де үлкен ұлым Алмат осы салада еңбек етіп жатыр.

Бекет аға мен Айша апай балаларының тәрбиесіне үлкен мән берген екен. Жазбадағы «Біздің балаларымыз» деп аталатын бөлімде перзенттерінің жақсы есім иеленуі мен жақсы маман болып шығуына бағыт бергенін көріп отырып, ойланып қаласың. Тұла бойы тұңғышы, тың өлкесінде іңгәлап өмірге келген Ләззаты — инженер-мұнайшы,  Арманы — металлург, Ардағы — дәрігер, Анары — фармацевт маманы. Балдай тәтті немерелер мен шөберелер есімінің өзінде үлкен тәрбиелік мән бар.

Ең бастысы, Айша апай біз үшін биік адамгершілік пен қарапайымдылықтың үлгісі болды.

Ұстаздардың ұстазы болған ол өзінің алған білімі мен тәжірибесін қоғам игілігіне арнаған, сол жолда жемісті еңбек еткен жүрегі жылы жан. Өмірде азаматына жақсы жар, ұрпағына аяулы ана, немере-шөберлеріне сүйікті әже болған ұлағаты мол ұстаз есімі біз үшін қашанда қымбат.

Лиза ТЫНЫШБАЕВА,

Білім беру ісінің үздігі,№3 Қарауылкелді орта мектебінің тарих пәні мұғалімі,

Байғанин ауданы.

 

  • Болашақ

ЖУРНАЛИСТ БОЛҒЫМ КЕЛЕДІ!..

Адам өміріндегі ең маңызды әрі жауапты сәттердің бірі — мамандық таңдау. Өйткені бұл шешім сенің алдағы өміріңнің қандай болатынына әсер етеді.

Менің ойымша әр адам өз түйсігіне сеніп, жүрек қалауымен болашақ мамандығын таңдауы керек. Осының бәрін түсіне отырып, мамандық таңдауға мен де барынша құлшына кірістім.

Менің таңдаған мамандығым —  бала кезімнен алдыма қойған мақсатым, қиялымда кеңге жайған асқақ арманым — журналист болу. Арман алға жетелейді деседі. Мен журналист боламын деген ойға бекінгеннен бастап көп оқуға, ерінбей ізденуге, сауатты да көркем жазуға, дұрыс сөйлеуге тырысып келемін. Мен қоғамға пайдалы, жаһандық аренада танымал қазақ журналисі болғым келеді. Қазақ еліндегі журналистика саласының беделін әлемдік деңгейдегі елдермен теңестіруге өз үлесімді қоссам деймін.

Журналист болғым келеді… Бұл ой маған ғайыптан не болмаса ата-анамның айтуымен келген жоқ. Қазіргі жүректегі «журналист боламын» деген жалын оты бала кезімнен тұтанып, жүрегімнің түкпірінен орын алған болатын. Бала күнімде «Балапан» телеарнасында өзіммен қатар жастағы балалар бағдарлама жүргізіп жатқанда зер салып, қызығада, қызғанада қарайтынмын. «Шіркін, менде Астана қаласында тұрғанда «Балапан» арнасына кастингке барушы едім» деп бала жүрек талай қиялға берілетін. Бір күні жергілікті телеарналардың бірінде балалар мен жасөспірімдерге арналған бағдарламаға тележүргізішілікке кастинг болатынын көріп, бірден бағымды сынап көрмекке бардым. Жүз баланың ішінен мені таңдап, анама қоңырау шалып құттықтағанда жүрегім жарылып кете жаздады. Түсірілім кезінде тележурналистика саласының кадр сыртындағы қыр-сырын өз көзіммен көрдім. Бұл тәжірибе маған одан әрі журналистикаға деген қызығушылығымды арттыра түсті. Мен арманыма бір табан қадам жасағандай болдым.

Мен нағыз журналист болу үшін қазірден бастап қаладағы түрлі іс-шараларға жиі қатысамын, ондағы адамдармен танысып, өзіме шығармашыл орта қалыптастырып жүрмін. Көп оқимын. Тілімді, сөздік қорымды кеңейтуден жалықпаймын. Тәжірибе жинау үшін Ақтөбе қаласындағы «Тандем» радиосында жасөспірімдерге арналған бағдарлама да жүргізіп көрдім.

«Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап…» деп Абай атамыз айтқандай, талмай еңбектеніп жүрмін.

Менің ең сүйікті ақпарат құралым — басылымдар, газет-журналдар. Әрдайым газет-журналдарды оқи отырып, әр тақырыптағы мәселелерді зерделеп, ой елегінен өткізіп отырамын. 93 жылдық тарихы бар, балалар мен жасөспірімдерге арналған «Ұлан» газетінде мақалаларым жарияланып тұрады. Әртүрлі тақырыптар мен өзекті мәселелер туралы жазып, қоғамның дамуына өзімнің кішкене де болса үлесімді қосқым келеді.

Ащы болса да, шындықты жақтайтын, шындық үшін күресе білетін, өз ісімнің маманы болғым келеді. Кім біледі, мүмкін, менің бүгінгі арманым ертеңгі болашағым болар?!

Диана ӘДІЛХАН,

№6 мектеп гимназиясының 10-сынып оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

 

  • Асылдың сынығы

ШЫРАҒЫҢ СӨНБЕЙДІ, САПАР!..

Аспан көктен нұрын мол төгіп тұрған.Мал шаруашылығымен айналысқан қазақ ауылдары жарыса көшіп,жайлауға әлдеқашан шығып болған. Қаһары қатты қыстың үскірік желі мен шыдамыңды тауысатын түні лезде ұмытылып,кең көсілген қырдың жазира жазының жадырай толысқан ең бір жайдары шағы бұл.Көздің жауын алатын әртүрлі қызғалдақтар жайқалып,ырғала билеп,тіршілік жұмағы суы бал, шөбі шүйгін,күні күлімсіреген жазғы жайлаудың жайлы күні еді.Туған жер топырағы ана емшегіндей иіп,қыр өңірі құлпырып,ерекше бір шырайға енген. Өгіз арбамен көшіп келе жатқан арба үстінде шыр етіп,екі шекесі торсықтай ұл дүние есігін ашты. Жас нәрестенің дүниеге келуін жақсылыққа балап, «көш көлікті болсын» айтып,Сапар есімін берді.

Сүлеймен әулие мен Ұштап ана — елге елеулі,сыйлы да құрметті, ұлттық құндылықтарды берік ұстаған,салт-дәстүрге шын берілген,дүниетанымы жоғары,ойлары өрісті адамдар-тын.Осындай отбасының тәрбиесін көрген Сапар да қанмен келген қасиеттен сусындап,тектінің тұяғын тайдырмай,уызына жарып өсті.

Алдында апа-ағалары бар Сапар ерке болып өсті.Құмсайда таудан төмен қарай құлдилап,асыр салатын.Әдемі шана,коньки мен шаңғы Сапарда ғана болды.Мақтаншақ емес,елгезек Сапарды балалар Сапан деп жұмсартып айтатын.Қасындағы достарынан ештеңе аямайтын,ақкөңіл баланы бәрі жақсы көрді.Мектепті жақсы оқыды,тәртіпті оқушы болды.Алматыдағы политехникалық институтқа оқуға қабылданды.Жастықтың қызуымен,үйленген соң оқуды аяқсыз қалдырды.

Кеңшарда машина руліне отырды,егіс алқабында,сауда саласында еңбек етті.Анау бір жылдарда жуа екті.Қайда жүрсе де, адалдық пен еңбекқорлықтың үлгісін көрсетті.

«Адамдардың пайдалысы — адамдарға пайда келтіргендер» депті Омар Хайям.Кеңшар тарап,адамдар абыржып қалған тұста Сапар үлкен кооператив құрды,үлес алуға мұрындық бола жүріп,кейіннен басқа да шаруа қожалықтарының құрылуына жол ашты, техникалар мен шөп шабатын агрегаттарды алып қалды.

Сапар әкесі Сүлейменнің түнек үйін салды.Жеміс ағаштарын егіп, айналасын гүлге орауды қолына алды. Түнек үй бүгінде халыққа қызмет етіп отыр.

Сапар туған жерін сүйді,табиғатты аялады. Олхалық әндерін тыңдайтын,өзінің де  әдемі даусы болатын,сыршыл,ақынжанды еді, шидің биін,құстардың әртүрлі үнін тамашалайтын.

Колумбиялық жазушы Габриэль Гарсиа Маркестің: «Ақшаңыз көбейсе, қайырымдылық жасаңыз.Ол тағдырдың сізге бұйыртқан ең жақсы сыйы» деген сөзін үнемі айтып жүретін.  Ағайын-туысқа қамқор еді,жүрегі өте жұмсақ болатын.Көзі тірісінде зекет берді.Ауылдағы сырқаттанған, жоқ-жітікке көмек беруге дайын тұрды.Қазақтың  салт-дәстүрін қатты құрметтейтін.Наурыз,шеке,көңіл шай беру сынды қонақтықтарды ұмытпайтын,қонақжай еді. Әр батасы бір қойлық болатын.Көршілермен жақсы сыйласты.Анау бір жылдары сайлау комиссиясында болды.Дауыс ұрлауға,жоғарыдағылардың пәрменіне қарсы шығып,шындық үшін шырылдағаны үшін келесі жолы комиссиядан қуылғанын да көргенмін.

Сапар өмірге құштар болатын.Көп мақсаты бар еді.Алайда «63 жастан қорқамын» дегенді көп айтатын. Ажал құрығынан ешкім құтылмайды.Өмір бар жерде өлім бар.Сапар өмірден өтетінін сезгендей еді, бірақ білдіртпеді.Дайындалды,тазарды.Тіпті тіс арасындағы тастарын да алдырды.Алқызыл,шырайлы еді,сол қалпында өмірден озды.Дерт тәнін қинаса да,сыртқа білдіртпеді.Қайсар рухын қарсы қойып,сырқаттың салқынын өткізбеді.Қалын сұрай келген жұрттың бәріне өзін бірқалыпты көрсете алды.

Фарид деген ұстаздан шәкірттері: «Тақсыр,осы Ғайса пайғамбарды ағашқа шегелеп,тәнін азаптап жатқанда неге қиналған дыбысы шықпады? Аюб пайғамбардың денесін қырық жыл құрт жегенде ол да қыңқ деп үн қатпады.Біздің денемізге кішкене дерт тисе,неге жанымыз көзімізге көрінеді?» — дейді.Фарид жанындағы өсіп тұрған жаңғақтың піспеген бір жасылын алып, шәкірттеріне ұстатады да: «Мына жаңғақтың ортасындағы дәнін бүлдірместен шағып бере аласыңдар ма?» — дейді.Шәкірттері мұның мүмкін емесін айтады. «Алпіскен жаңғақтың дәнін бүлдірместен шаға аласыңдар ма?» — деп сұрайды ұстазы. «Әрине,піскен жаңғақтың жөні бөлек», — дейді шәкірттері жамырап.

«Әне көрдіңдер ме?Жаңғақ піскен кезде оның қабығы мен дәні іштей бөлініп тұрады.Тек сыртқы көзге ғана тұтас болып көрінеді.Ал шикі кезінде сырты да, іші де жұмсақ болады.Сол сияқты рухани ұстыны әлсіз адамдар шикі жаңғақ сияқты күй көшеді.Тәніне түскен ауырлықты жанына да дарытып алады. Ал рухани болмысы кемел адам тәнінде болып жатқан дертті жанына жуытпайды», — дейді ұстазы. Әрине,бұл айтуға ғана оңай,оған мықты жігер,толық төзім,бекзат болмыс қана төтеп бере алады.

Сапар ағаш отырғызды,балаларына жақсы тәрбие берді.Балалары жақсы істерін жалғап,елге қызмет етіп жүр.Ұлдары Саян,Ерлан,Нұрлан,қызы Ақгүл әулет жолын жалғап,биіктерден көрініп жүр.

Зымырап өтіп жатқан уақыт.Сапардың да дүниеден өткеніне жеті жыл болыпты.Әттең,тірі болғанында жетпіске толатын еді. Орны опырайып тұр,жарқын бейнесі есімізде! Розадай жан жарың барда,Сапар,шырағың сенің сөнбейді, жақсы дос!

Саламат ШАҢҒАЛА,

Қаратал ауылы,

Ойыл ауданы.

 

  • Зерде

АҚТӨБЕ — ОҚЫРМАН ҚАЛА

Кітапхана оқырманның ой-өрісін кеңітіп, рухани азығын молайтады.Н.Байғанин атындағы облыстық балалар кітапханасында кітап пен кітап оқуды насихаттап, белгілі тұлғалар арқылы оқырмандарды шақыру мақсатында «Ақтөбе — оқырман қала» жобасы жүзеге асырылып жатыр.

Жоба аясында кітапханамыздың тұрақты оқырманы, «Желкен» әдеби клубының мүшесі, М.Құсайынов атындағы Ақтөбе облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатының 8-сынып оқушысы Нартайлы Шаймерден С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап-ғылыми кітапхасының ұйымдастыруымен жүргізіліп жатқан «book.pay.@it» атты облыстық жобасына қатысып жатыр. Жобаның басты мақсаты — әлеуметтік желі арқылы кітапхана оқырмандарының санын арттыру және шығармаларды талдау, таңдау қабілетін дамыту. Жоба барысында бізге берілген тапсырма — ай сайын бір кітапты таңдап алып, кітап және кітап авторы жайлы мәлімет беру, кітаптан дәйексөз ретінде бес үзінді ұсыну, шығарма туралы жарнама түрінде бейнеролик дайындау. Дайындаған ақпараттарымызды әлеуметтік желілер арқылы оқырмандарымызбен бөлісеміз. Қазіргі таңда біз жобаның төртінші айналымына келіп жатырмыз. Алғашқы қаңтар айына ұсынған кітабымыз — Кеңес одағының батыры, жазушы Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» кітабы. Кітапқа автордың балалық шағынан, ес біле бастаған мектеп табалдырығын аттағанға дейінгі өмірі өзек болған. Қазақтың салт-дәстүрі, ғұрпы, ұстанымы, дүниетанымы әсерлі бейнеленген этнографиялық шығарманы оқыған Нартайлы Бауыржан Момышұлының әжесінен тыңдаған ертегілері туралы айтты.

Ақпан айында түрік жазушысы Миясе Сертбаруттың «Сыр жасырған тұман» атты фантастикалық шығармасын талдадық. Кітап шытырман оқиғаға толы, әрі заманымыздың көзі ашық, білімқұмар жасөспірімдерін еріксіз қызықтырады.

Наурыз айында таңдаған туындымыз, ғаламды мойындатқан шығарма —  «Он бес жасар капитан». Авторы атақты француз жазушысы, ғылыми-фантастикалық роман жанрының негізін қалаушылардың бірі — Жюль Верн. Бұл кітапта кит аулаушы «Пилигрим» кемесінің басынан кешкен оқиғалары баяндалады. Қатерге толы мұхит толқынында он бес жасар Дик кемені қиын-қыстау кезде аман алып қалады. «Адам болар жігіттер он бесінде баспын дер» деп келетін қазақ даналығына үндес шығарма оқырманды жастайынан қиындықтардан қорықпай, өмірден жасқанбауға үндейді.

Қазіргі таңда (сәуір айында) халық жазушысы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның «Бір кем дүние» атты кітабын оқып, талдап жатырмыз. Кітапта қазақ халқын дамытуға, түзетуге және  рухани байытуға шақырады. Біздің бұл жұмыстарымыз @baishev_kitapkhanasy және @balalar.kitapkhanasy инстаграм парақшаларында жарияланады. Жоба 2024 жылға дейін жалғасын табады. Жобада оқылған шығармалар арнайы «book.pay.@it» кітап сөресінде жинақталып, жоба соныңда балалар және қарттар үйіне табысталады деп жоспарланған.

Жалпы жоба оқырманмен кітапханашы арасындағы байланысты күшейтуге, оқырманның қандай әдеби жанрларды ұнатып оқитындығын бақылауға, жас оқырманның ойымен бір деңгейде ойлануға, шығармашылық қабілетімізді шыңдауға, ең бастысы, оқырманның кітапқа деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді. Және біздің оқырманымыз Нартайлы Шаймерден бұл жобадағы «ең кішкентай қатысушы» атағымен ерекшеленеді.

 Аяжан АЛДАНАЗАРОВА,

Нұрпейіс Байғанин атындағы облыстық балалар кітапханасының кітапханашысы.

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button