Жаңалықтар

Облыстық бюджет нақтыланды

Сессия

Депутаттар облыстық мәслихаттың кезектен тыс екінші сессиясының жалпы отырысында бюджет және«Ақтөбе облысының құрметті азаматы» атағын беру мәселелерін талқылады.

Сессия жұмысына облыс әкімі ЕралыТоғжанов, облыстық мәслихат төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева, тұрақты комиссиялардың төрағалары, депутаттар, облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы қатысты.

Алдымен облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Нұржан Мақсатовтың 2023-2025 жылдарға арналған облыстық бюджетті нақтылау тақырыбындағы баяндамасы тыңдалды.  Облыстық бюджет шығыстары 38 838 493 мың теңгеге ұлғайтылған. Бұл қаражат құрылыс объектілеріне, жөндеу жұмыстарына, елдімекендерде газ, су жүйесін жүргізу және басқа да маңызды мақсаттарға бағытталып отыр. Соның арқасында әлеуметтік сала, білім, денсаулық сақтау, денешынықтыру және спорт, мәдениет салаларында бірнеше ғимарат пайдалануға берілмек. Мысалы, 11 мектептің құрылысы үшін 2,4 млрд теңге қаражат қарастырылды. Сондай-ақ мектептердегі орын тығыздығы мәселесін шешу үшін Ақтөбе қаласындағы 2 мектепке қосымша ғимарат салуға және 2 мектеп құрылысын бастауға жалпы көлемі 1,7 млрд теңге бөлу жоспарланған. М.Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-лицейінің, Хромтау және Байғанин аудандарындағы мектептердің спорт залдарын салуға да қаржат бөлу туралы да шешім бірауыздан қабылданды.

Спорт нысандарын дамыту мақсатында 1,2 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр. Соның арқасында ауылдық елдімекендердегі 14 спорт кешенінің құрылысы аяқталмақ.

«Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша 38 шаруа қожалығына электр және газбен жабдықтау желілері салынады. Бұл мақсатта жоспарланған қаражат — 1,1 млрд теңге. Қомақты қаржы газдандыруға да бөлінеді. Әйтеке би, Мәртөк, Ырғыз, Қарғалы, Мұғалжар жәнеТемір аудандарында жеткізуші және кентішілік газ құбырын салу үшін 4,4 млрд теңге жоспарланып отыр.

Облыс әкімі ЕралыТоғжанов қаражат бірінші кезекте халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталатынын атапөтті.

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы елді мекендерді әлеуметтік-экономикалық дамыту, оларды абаттандыру бойынша бірқатар міндеттер қойды. Біз алға қойған мақсаттарға жету үшін бірлесіп жұмыс істеуіміз керек, — деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

Депутаттар бюджет мәселелерін талқылау барысында баяндамашы мен бағдарлама әкімшілеріне жалға берілетін тұрғын үй беру және жергілікті атқарушы органның резервіне қосымша қаражат бөлу мәселелері бойынша сұрақтар қойды.

Сессия барысында депутат Шахан Жолдасбаев облыс әкіміне мүмкіндігі шектеулі жандарға жағажай ұйымдастыру үшін қалада жер телімін бөлуге жәрдемдесу туралы депутаттық сауал қойды.

— Бұл — өзекті мәселе. Қолдауға лайық жоба. Бұл өңірде туризмді дамытуға да серпін береді, — деді Ералы Тоғжанов.

Депутат Марат Қойлыбаев облыс әкімінен Әбілқайыр хан даңғылының ҚР Тұңғыш Президенті атындағы Орталық мәдениет және демалыс саябағы менТриатлон паркі аумағындағы өткел мәселесін шешуге назар аударуды сұрады.Сондай-ақ Орталық саябақ маңындағы жанар-жағармай бекетінің зияндылығын айтты.

Көтерген қай мәселеңіз де өзекті, — деп растады Ералы Тоғжанов. — Ақтөбеліктер бір саябақтан екінші саябаққа кедергісіз өтуі үшін екі саябақты да байланыстыру қажет. Бұл маңдағы көлік қозғалысына кедергі келтірмей, үздіксіз қатынауына қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік беретін үлкен жоба бар. Бұл бір сәтте, қысқа уақытта шешіп тастайтын мәселе емес. Зерттеуді қажет етеді. Бірігіп, пысықтап, талқылаймыз. Орталық саябақта тазалық пен тәртіпті сақтау да маңызды. Жанар-жағармай бекетінің қауіптілігі туралы да үлкен мәселе көтеріліп отыр. Біз бұл мәселелердің барлығын міндетті түрде шешетін боламыз, ал сіздер, депутаттар, бұл іске атсалысасыздар деп үміттенеміз.

Сессия барысында «Ақтөбе облысының құрметті азаматы» атағын беру мәселесі де қаралды. Бұл туралы депутаттарға облыс әкімі аппараты басшысының міндетін атқарушы Досхан Әмір баяндады.Облыстық мәслихаттың шешімімен экономиканы, әлеуметтік саланы дамытуға қосқан зор үлесі және қоғамдық өмірге белсенді араласқаны үшін еңбек ардагері Бердібек Сапарбаевқа, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Шаңғұтовқа, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің №1 хирургиялық аурулар кафедрасының профессоры Нағашыбай Ақатаевқа және еңбек ардагері Серікбай Рзабаевқа «Ақтөбе облысының құрметті азаматы» атағы берілді.

Сессия жұмысын Ералы Лұқпанұлы түйіндеді.

Бірауыздан маңызды шешімдерді қабылдап жатырмыз. Әлеуметтік нысандардың құрылысына қомақты қаражат бөлінеді. Ата-аналардың өтініш-тілегі орындалды. Яғни 1-4 сынып оқушыларын бөліп-жармай, бастауышта оқитын бар баланы ыстық тамақпен тегін қамту үшін үлкен шешім қабылданып отыр. Өңірдегі жолдарды жөндеу мәселесі күн тәртібінде тұр. Облыста битум өндіру мәселесін шешу қажет. Бұл — жол салу кезінде өте маңызды компонент. Сондай-ақ облыста цемент, газ өңдеу химия зауыттарын салу қажет, — деді облыс әкімі.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button