Жаңалықтар

Ақтөбенің «өкпесі» тазара ма?

Экология

Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Досбол Бекмағамбетов Ақтөбе облысына арнайы жұмыс сапарымен келді. Жұмыс сапары барысында Хромтау ауданына барған ол Кеншілер мәдениет үйінде облыс тұрғындарымен кездесті.

Әуелі азаматтарды жеке қабылдап, экологиялық мәселелерге қатысты арыз-шағымдарын тыңдап, ұсыныс-пікірлерін қағазға түртіп алды. Мұнда тек өндірісті аймақ — Хромтау ауданының ғана емес, облыс аумағындағы экологиялық мәселелер де көтерілді. Жеке қабылдаудақоғам белсендісі Сағынғазы Құрманалин Ақтөбе қаласының көше шаңына көміліп, зауыт түтініне тұншығып тұрғанын, соның салдарынан балаларында аллергия өршігенін айтты. Сондай-ақ қала тұрғындары күн санап өсіп жатқанын, осы ретте тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау мәселесі алаңдататынын да тілге тиек етті. Осы ретте облыстық экологиялық департаментінің басшысы Ербол Қуанов Ақтөбе ферроқорытпа зауытына қатысты сүзгі орнату мәселесі үнемі көтерілгенімен, әлі шешімін таппағанын айтты.

—№1 және №2 цехтың қасында тұрған қара түтін — сүзгілер мен шаңсорғыштардың дұрыс жасалмауынан шығып отырған мәселе. Былтыр желтоқсан айында облыс әкімі мен «Қазхром» трансұлттық компаниясы басшысы меморандумға қол қойды. Бұл жағдай енді бірыңғайлануға тиіс, — дейді Ербол Қуанов.

«Қазхром» ТҰК» АҚ-ның экология департаментінің директоры Светлана Мащенконың айтуынша, Ақтөбе ферроқорытпа зауытындағы экологиялық жобалардың бірі— 1943 жылғы салынған цехтар мен қорғаныс құралдарын жаңарту.

— Егер жаңарту жұмыстары жүргізілсе, бұлауаға таралатын зиянды заттарды 40 пайызға төмендетуге тиіс. Алайда ұзақ жыл жұмыс істеп тұрған қондырғыларды бірден жаңарту оңай бола қоймасы анық, — деп түсінік берді С.Мащенко.

Бұрын Ақтөбе атмосфералық ауаның ластануы жөнінен бірінші орында тұрған болса, Досбол Бекмағамбетов қазіргі таңда Ақтөбе облысының орта тұста тұрғанын жеткізді.

— Ақтөбе облысында табиғатты пайдаланушылар ауаны тазарту жөнінде бағдарламаны қолға алды. Бүгінгі таңда елімізде атмосфералық ауаның бүлінуі бойынша ең лас қалалардың көшін Алматы бастап тұр. Одан соң Теміртау мен Астана. Осылардан кейін Ақтөбе тізімнің ортасында тұр, — деп сендірді Досбол Бекмағамбетов.

Хромтау ауданының тұрғыны Серік Орынбасаровжеке қабылдауда аудан тұрғындарына экологиялық үстемеақы төленуі керек екенін, арнайы комиссия құрылып, осы өңірдің экологиялық жағдайын зерттегенін қалайтынын айтты. Көптің көкейінде жүрген бұл сұрақ кездесуде қайта-қайта қойылды. Осы ретте экологияның вице-министрі кез келген экологиялық үстемеақы мамандардың ауаға таралатын зиянды заттардың тұрғындар денсаулығына әсері туралы зерттеуіне негізделуге тиіс екенін түсіндірді. Сондай-ақ оның айтуынша, бұл — экологтардың емес, Денсаулық сақтау министрлігінің құзырындағы шаруа екен.

Кездесуде хромтаулықтар аудан аумағында ағып жатқан Ойсылқара өзенінің бүгінгі жай-күйі алаңдататынын да айтты. Бастауын Мұғалжар тауынан алатын Ор өзеніне құйылатын Ойсылқара жыл сайын көктемде сынған бұта мен қураған ағашқа толып қалатын көрінеді. Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы бөлімінің басшысы Елена Лимешкина көктем басталғалы барлық өзен-көл тазартылатынын, бірақ Ойсылқара өзені бұл тізімде жоғын, алдағы уақытта бақылауға алатынын жеткізді.

Сондай-ақ ғарыштық мониторинг аясында биыл өңірде249 полигон анықталып, оның 221-і, яғни 88 пайызы жойылған. Осы жылдың сәуір айында Ақтөбе қаласында қосымша 17 стихиялық қоқыс үйіндісі анықталды. Тағы бір маңызды мәселенің бірі —  тазарту қондырғыларының жағдайы. Бүгінгі таңда облыстың 8 аудан орталығында кәріз тазарту құрылыстары жоқ.

 Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button