Жаңалықтар

Өнегелі жол

Өтеген Сейітов — 100

Белгілі мемлекет қайраткері, өз заманының шоқтығы биік тұлғасы, қазақтан шыққан тұңғыш заңгерлер — Бақытжан Қаратаев, Жақып Ақбаевтардың жолын жалғап, 43 жыл заң саласында еңбек еткен, оның ішінде 18 жыл бойы Қазақ КСР-інің Прокуроры қызметін атқарған Өтеген Сейітовтің туғанына биыл 100 жыл толады. Осыған орай туған топырағы — Шалқар жерінде бірқатар еске алу шаралары ұйымдастырылды.

Өтеген Сейітұлы Ақтоғай ауылында туып, балалық шағы Мұғалжар тауының шығыс сілеміндегі Үшқарасай және Сырлыбай өзендерінің бойында өтті. Әкесі Сейіт Бершүгір шахтасында арба айдаушы болған қарапайым адам екен, соған қарамастан, қуғын-сүргін жылдарында «ескіше оқыған, Құдайға сенетін әрі ауқатты адам» деген желеумен қудалауға түскен. Үй шаруасындағы күнделікті тірлігін, отбасы қамын ғана білетін анасы тағдыр сынағын көтере алмай, ауыр науқасқа ұшырайды.

Өтеген Сейітұлының жастай заң қызметкері болсам деп талпынуына да отбасындағы осы қасірет, әкесіне жасалған әділетсіздіктер әсер еткен секілді. 16 жасында ол Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасына тіркеуші болып жұмысқа орналасқан. Жарты жылдан кейін кеңсе меңгерушісі болып, одан әрі облыстық партия комитетіне қызметке алынған. Алайда кенеттен Ұлы Отан соғысы басталды. Соғыс басталған тұста жасы әлі 18-ге толмаса да, майданға аттануға сұраныпты. Қайта-қайта майданға сұранған бозбала 1941 жылы Ашхабаттағы кіші командирлер дайындайтын училищеге жіберіліпті. 1942 жылдың тамыз айында Сталинград маңайында алғаш рет ұрысқа кіріп, содан соғыстың соңына дейін үш рет жарақат алғанына қарамастан, қолынан қаруын тастамаған.Атқыштар взводының командирі ретінде КСРО аумағынан бөлек, Румыния, Югославия, Австрия елдерін фашист басқыншыларынан азат етуге қатысқан.

Соғыстан оралғаннан кейін Өтеген Сейітовбірден еңбекке араласты. Алдымен ол Оңтүстік Қазақстан облысының Келес және Сарыағаш аудандарында прокуратураның тергеушісі қызметін атқарып, 1949 жылы облыстық прокуратураның аға тергеушісі қызметіне тағайындалған. Сонымен бірге жоғары оқу орнына түсіп, 1953 жылы бітірген.

1951-1959 жылдары ол— республикалық прокуратураның тергеу бөлімінің прокуроры, одан соң Алматы қаласы Совет ауданының прокуроры болып еңбек етті.1961-1962 жылы Алматы облысының прокуроры болып, одан әрі республика прокурорының бірінші орынбасары лауазымына жоғарылады. Ал 1966-1984 жылдарыҚазақ КСР Прокуроры болды, яғни республиканың прокуратура органдарын басқарды.

Қазіргі таңда Ақтөбе, Шалқар қалаларында 1-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген заңгері, республиканың прокуратура органдарының Құрметті қызметкері Өтеген Сейітұлының есімімен аталатын көшелер бар. Облыс орталығындағы қалалық прокуратура ғимаратының алдында оның бюст-ескерткіші қойылған. Сонымен қатар облыстық прокуратура ғимаратында музей ашылған. Соңында ардақ тұтар халқы, ұрпағы барда ел мүддесіне қызмет еткен тұлғалардың есімі ешқашан ұмытылмайды.

Биыл Өтеген Сейітовтіңтуғанына 100 жыл толуына орай еліміздің әр аймағында прокуратура ұйымдарының ұйытқы болуымен ауқымды іс-шаралар өткізіліп жатыр. Туған топырағы да бұл мерейтойды елеусіз қалдырмасы анық еді. Өткен апта Шалқарда Өтеген Сейітов есімін ұлықтауға арналған шаралар ұйымдастырылды. Бұл іс-шараларға прокуратура органдары ардагерлерінің республикалық бірлестігінің төрағасы, 3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі Әсет Малғаждарұлы, облыс прокурорының бірінші орынбасары, аға әділет кеңесшісі Қуандық Рахметов, прокуратура органдарының ардагерлері Рахымжан Жұмағұлов пен Рамазан Қалбаев, т.б. арнайы келіп қатысты.

Олар алдымен Байқадам ауылы маңындағы ұлт-азаттық көтерілістің көрнекті тұлғалары, батыр-әулие Есет-Дәрібай кесенесіне барып, бабалар рухына тағзым етті.

Шалқар қаласындағы №2балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде шағын футболдан Өтеген Сейітовті еске алуға арналған жарыс ұйымдастырылып, оған мемлекеттік, сондай-ақ құқық қорғау, заң саласының қызметкерлері қатысты.

Бұдан кейінгі шаралар орталық саябақта жалғасты. Бұл жерге қала тұрғындары ертемен жиналып, білікті заңгер Өтеген Сейітұлы атындағы мемориалды тақтаның салтанатты ашылу рәсімін асыға күтті. Шалқар ауданының әкімі Жанболат Жидеханов өзінің құттықтау сөзінде туған жерден шыққан белгілі тұлғалардың азаматтық болмысын, қазақ елі үшін атқарған өлшеусіз еңбегін айта келе көрнекті тұлға, әйгілі заңгер Өтеген Сейітовтің аядай ауылдан басталған балалық шағы, өмірі мен қызметіне тоқталды. Мемориалды тақтаның лентасын облыс прокурорының бірінші орынбасары Қуандық Рахметов пен прокуратура органдары ардагерлерінің республикалық бірлестігінің төрағасыӘсет Әділхан  қиды. Арнайы келген қонақтар мен №5 мектеп-лицейінің оқушылары мемориалды тақтаның жанына жас көшеттер отырғызды.

Аудандық прокуратура ғимаратының екінші қабатында Өтеген Сейітовке арналған бұрыш ашылды. Мұнда бар ғұмырын әділет жолына арнаған, еліміздегі заңгерлік мектептің негізін салушылардың бірі ретінде құрметтелетін Өтеген Сейітұлының өнегелі жолын айғақтайтын құнды материалдар топтастырылған. Аудандық прокуратураның прокуроры Марал Наурызова Өтеген Сейітұлының өмірі мен қызметіне қатысты маңызды мәліметтермен бөлісті.

Мерейтойлық шаралар одан әрі аудандық Мәдениет үйінде өткен ғылыми-танымдық конференцияға ұласты. Туған жер тарихы менШалқар өңірінен шыққан белгілі тұлғалар, соның ішінде Өтеген Сейітовтың өмір жолы жөніндеаудан орталығындағы №2 мектеп-гимназияның мұғалімдері Жәнібек Кенжалин мен Қазыгүл Мырзалина баяндады.

Жиында прокуратура органдары ардагерлерінің республикалық бірлестігінің төрағасы Әсет Әділхан да сөз сөйледі:

Өткен жолыңды сараламай, болашағыңды бағдарлау мүмкін емес. Бұған әсіресе қара қылды қақ жарып, әділеттің ақ туын көтерген заң саласының қызметкерлері ерекше мән беруі керек. Мен бүгін киелі Шалқар жеріне келіп, үлкен толқыныспен сөйлеп тұрмын. Себебі сонау 1970 жылдары, жоғарғы оқу орнын жаңа бітірген кезімде мені жылы қабылдап, ағалық қамқорлығын көрсетіп, Алматы облысына қызметке жолдама берген осы ауылдың перзенті Өтеген Сейітов ағамыз еді. Сол кісінің батасымен осы салада ұзақ жылдар абыройлы еңбек еттім. Өтеген Сейітов— күллі қазақ халқына ортақ тұлға. Әділет жолындағы оның ұстанымы ұрпақтарғамәңгілік үлгі-өнеге болуға тиіс, — деді ол.

Сондай-ақ жиында Шалқар ауданының прокуроры Нұрболат Қатуов, ауданның құрметті азаматы Жеткерген Елемес, т.б. баяндама жасады.

Түйіндеп айтқанда, атақты заңгердің 100 жылдығына арналған іс-шараның тағылымды тұстары көп болды.

Мұхтар МЫРЗАЛИН,

Шалқар қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button