Жаңалықтар

Ералы Тоғжанов: Жер қойнауын пайдаланушылар Темір ауданының ауылдарын абаттандыру бойынша әлеуметтік жобаларға қатысатын болады

Темір ауданына жұмыс сапары барысында Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов бірнеше елді мекенді, оның ішінде Кеңқияқ –мұнайшылар ауылына барды. Мұнда өңір басшысының тұрғындармен кездесуі өтті. 

Оған мемлекеттік органдардың, ауылдық округ аумағында жұмыс істейтін мұнай кәсіпорындарының басшылары да қатысты.

Облыс әкімі бұдан былай Кеңқияқ маңында өнім өндіретін жер қойнауын пайдаланушылар елді мекенді абаттандыруға, көгалдандыруға белсенді қатысатынын атап өтті.

💬«Компаниялар жергілікті халықтың жайлы өмір сүруіне барлық жағдай жасауға міндетті. Өзара міндеттемелер оларға жіберіледі», – деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

Кездесуде тұрғындардың сұрақтарына жауап беруге басымдық берілді.

Биыл Кеңқияқ ауылындағы мектепті күрделі жөндеу, ал 2024 жылы «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында 600 орындық жаңа ғимараттың құрылысы басталады, бұл үш ауысымда оқыту проблемасын жоюға мүмкіндік береді. Ералы Тоғжанов уәкілетті мемлекеттік органдарға құрылысты биыл бастау мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.

Кеңқияқ тұрғындары ауылішілік жолдардың жай-күйіне шағымданды. Осы мәселені шешу мақсатында биылғы жылы 14 көшенің жолдарын жөндеуге қатысты жобалар іске асырылады, жобалардың көпшілігінде көше жарығын орнату да қарастырылған.

Ауыл үшін жаз мезгілінде су қысымының төмендігі, көшедегі қаңғыбас иттер, медициналық мамандардың, атап айтқанда дәрігерлік құрамның кадр тапшылығы, тұрғын үй қорының ескіруі, интернет жылдамдығының төмендігі – өзекті мәселелер.

Ералы Тоғжановтың тапсырмасына сәйкес кездесуде айтылған барлық мәселелер бақылауға алынып, оларды шешу жолдарын анықтау үшін уәкілетті органдар қосымша қарайтын болады.

Сондай-ақ, кездесуде облыс әкімі Кеңқияқ тұрғындарын кәсіпкерлікпен айналысуға, «Ауыл аманаты» жобасы аясында ауыл шаруашылығын дамытуға шақырды.

💬 «Кенқияқ тауық жұмыртқасы және оның етімен шамамен 3%, картоппен 9,9% өзін қамтамасыз етеді. Және бұл тізімді тізе берсе болады.  Яғни, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірудің бағыттары өте көп, бірақ Кенқияқтағы «Ауыл аманаты» жобасы аясында құс шаруашылығы бағытында барлығы 2 жоба, өсімдік шаруашылығы бойынша – 1 жоба бар. Ал, үй маңындағы жеке шаруашылықты дамыту арқылы пайда табуға болады. Мысалы, Ойыл ауданындағы Сапура Мырзағалиева үй маңындағы учаскеде 18 тонна өнім өсіреді, одан орта есеппен 25 миллион теңге табады. Бұл сіздің әрқайсыңыздың қолыңыздан келеді, тек ынта мен жігер қажет»,деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

Кенқияқта барлығы 7 мыңға жуық адам тұрады, олардың 300-ден астамы ресми жұмыссыздар, 13 отбасы АӘК алады.

Облыс әкімі тұрғындарды, әсіресе халықтың әлеуметтік осал топтарына жататындарды «Ауыл аманаты» жобасына тартып,  жұмыстарды күшейтуді тапсырды.

Н.АРМАНҚЫЗЫ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button