Жаңалықтар

Бірлікті көздеген «Көңілді старт»

Ақтөбедегі Триатлон паркінде 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған «Көңілді старт» атты жарыс өтті.
Мұнда түрлі конфессиялар өкілдері алты команда болып, эстафеталық жүгіру, асық, садақ ату секілді спорт түрлерінен жарысты. Спорттық шараны, облыстық дін істері басқармасының қолдауымен, «Жарық» ақпараттық-кеңес беру орталығы ұйымдастырды.

Аталмыш орталықтың жетекшісі Аян Задыбекұлы:
– Облысымызда түрлі діни конфессиялардың өкілдері бар. Олар бір-бірін жатырқамай, түсінісіп өмір сүруі үшін, осындай шараларда бас қосып, араласып тұруы керек. Сондықтан біздің орталық түрлі спорттық, мәдени шараларды, киелі жерлер мен музейлерге экскурсияларды жиі ұйымдастырады. Екінші жағынан, осы арқылы жастарға патриоттық тәрбие беруді, салауатты өмір салтын насихаттауды көздейміз, – деді.
Жарысқа облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің командасы да қатысты.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Халқымыздың ынтымақ-бірлігі бұл –тағдырдың бере салған сыйы емес. Бұл – ең алдымен, жұртымыздың күнделікті табанды еңбегінің арқасы екенін дұрыс түсінуіміз керек.

Сондықтан біз бірлігімізді күн сайын нығайтып отыруымыз қажет», – деді. Қоғамдағы татулық әртүрлі дін, әртүрлі ұлт өкілдерінің бір-біріне деген құрметі, сыйластығы арқылы орнайды. Сондықтан біз өзара сыйластықты, бірлікті нығайту мақсатындағы шараларды өз тарапымыздан әрдайым қолдап, лайықты деңгейде өткізуге атсалысамыз, – деді «Нұр Ғасыр» мешіті жастар ісі секторының жетекші маманы Еламан Кәрім.
Жарысқа түрлі жастағы азаматтар қатысты, соның ішінде жастар белсендірек болды. Үздік нәтиже көрсеткен командаларға арнайы сыйлықтар табысталды.

А.САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button