Жаңалықтар

Ұйымшылдықпен қатысты

29 сәуір күні ертеңгілік Ақтөбенің орталығындағы Мәңгілік алау ескерткішінің маңына, әдеттегі серуендеушілерден бөлек, қолына күрек, тырма сынды құралдар ұстаған ондаған адам жиналды.

Облыс әкімінің бастамасымен жарияланған екі айлық санитарлық тазалау жұмыстарының аясында осы жерде ұйымдастырылған сенбілікке 8 мемлекеттік мекеменің қызметкерлері қатысты.
Мәңгілік алау ескерткіші орналасқан гүлзар – қаланың көрнекті орындарының бірі. Қазір мұнда жағалай түрлі гүлдер егіліп, кейбірі тіпті бүр аша да бастаған. «Техпром Ақтөбе» ЖШС-ның су тасығыш көлігі ертемен келіп, гүлдерді суарып жүр. Бөртегүлдер де жапырағы жайқалып, шешек атуға таяу.
Ескерткіш айналасындағы ағаш, бұталардың арасынан даламен егіз ұғымға айналған жарықтық жусанның исі аңқиды.
Сенбілікке келгендер әрқайсысы өздеріне бөлінген учаскелерді тынымсыз тырмалап, аз уақытта қураған жапырақ, қоқысқа толы қапшықтар тізіле бастады. Ал бірер сағатта гүлзар іші де тап- тұйнақтай болды.

Сенбілікке қатысушылар қатарында ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің облыстық аумақтық инспекциясының қызметкерлері де бар.
Инспекция басшысының орынбасары Ғұбайдолла Әуелбаев:
– Біздің ұжым екі айлық санитарлық тазалау жұмыстары аясындағы сенбіліктерге белсене қатысып келеді. Әрине, әр адам таза қалада, таза мекенде тұруды қалайды. Бұл – маңдай термен, әрқайсымыздың еңбегімізбен ғана орындалатын тілек. Сондықтан қаланың әр тұрғынының, осындай сенбіліктердегі ұйымшылдықтан бөлек, өз мекеме, өз үйінің айналасын шашпай, таза ұстауы да маңызды, – дейді.
Облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Нұрлыбек Мусиннің айтуынша, орталық қызметкерлері қалалық сенбіліктерге өздері ғана қатысып қоймай, ерікті жастарды тартуға да атсалысып жүр.
– Сенбіліктерге, сондай-ақ жалғызілікті қарттардың ауласын тазалау жұмыстарына әр аптада, шамамен, 100-150 ерікті жас қатысады, – деді ол.
Бұл күні мемлекеттік ұйымдар, басқа да ұжымдар мен жастардың қатысуымен қаланың көп бөлігінде сенбілік өтті .

А.САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button