Жаңалықтар

Amanat депутаттары Жол картасының орындалуын бақылайды

Партияның филиалында облыстық мәслихаттағы Amanat фракциясының кеңейтілген жиналысы өтті. Жиында облыс бойынша партияның Сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасы таныстырылып, оның орындалуына жауапты депутаттар бекітілді. Сондай-ақ қоғамдық кеңестер мен комиссиялар құрамы талқыланып, фракция алдына міндеттер қойылды.
Сайлау науқанын сәтті өткіздік. Облыстық мәслихаттағы фракция мүшелері жаңа шақырылым депутаттары ретінде сайланғандарына 1 айдан астам уақыт өтті. Алдымызда үлкен міндеттер тұр. Ол – сайлауалды үгіт-насихат кезіндегі халыққа берген уәде. Amanat партиясы еліміздегі ең басты саяси күші екенін тағы дәлелдеп, халықтың әл-ауқатын арттыру жолында аянбай жұмыс жасайтындығын көрсетуі керек. Бұл ретте, біздер алдағы 5 жылда Сайлауалды бағдарламамызды орындау жөніндегі Жол картасын толық әрі сапалы орындап, халыққа қызмет етуіміз қажет, – деді партияның облыстық филиалы атқарушы хатшысы Ербол Данағұлов.
Сайлау науқаны кезінде сайлаушылардан облыс бойынша 1080 ұсыныс пен тілек келіп түскен. Олардың барлығы сайлауалды бағдарламаны орындауға арналған Жол картасына енгізілді. Жиында фракцияның барлық мүшелеріне Жол картасының 137 пункті бөлінді. Келесі айдан бастап фракция отырысында Жол картасының орындалу барысы қаралатын болады.
Сондай-ақ фракция алдындағы міндеттердің бірі партиялық жобалардың тиімді жүзеге асуына атсалысу екені белгілі. Осыған орай отырыста «Қарызсыз қоғам»,«Жер аманаты», «Ауыл аманаты» жобаларына ерекше көңіл бөлінді. Мәселен «Жер аманаты» жобасы бойынша, 2022 жылғы жоспар 104,9 пайыз орындалып, 534 мың гектар ауыл шаруашылық жерлері мемлекет меншігіне қайтарылды. Оның 460 мың гектары «Жер Аманаты» партиялық жобасы аясында құрылған партия комиссиясы жұмысының нәтижесі. Биыл Жол картасы бойынша 330 мың гектар жерді қайтару көзделіп отыр. Партия Төрағасы Е.Қошановтың тапсырмасына сәйкес, комиссия жұмысын одан әрі күшейту және жерді мемлекет меншігіне қайтарумен қоса, қайтарылған жерлерді тұрғындар арасында әділетті түрде бөліп беруге атсалысу маңызды.
Ал «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыруға 2022 жылы республикалық бюджеттен 3,0 млрд.тг бөлінсе, 2023 жылы қосымша 3,5 млрд.тг жоспарланған. Несие құс шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы, дәстүрлі емес шаруашылық, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге берілуде. Биыл сәуірге дейін 736 адамнан несиеге өтініш түсіп, 511 өтініш мақұлданды.
«Қарызсыз қоғам» партиялық жобасы аясында елімізде тұрғындардың қаржылық сауаттылық деңгейін арттыруға бағытталған қаржылық білім беру жүйесін құру көзделуде. Өйткені қолжетімді несиелер, қаржы ұйымдарының жоғары пайыздық мөлшерлемелері, ең бастысы, қаржылық сауаттылықтың төмендігі – жыл сайын халықтың қарызының өсуін арттырып отыр. Сондықтан да Amanat партиясы Halyk Bank-пен бірге «Қарызсыз қоғам» жобасын іске қосты. Бұл жобаның алғашқы кезеңі республиканың 8 өңірінде өткізіледі. Ақтөбе облысы бойынша 12000 адамды оқыту жоспарлануда. Оқу 2023 жылғы 2 мамырда басталып, қараша айында аяқталады.
Айта кету керек, фракцияның келесі отырысы маусым айына жоспарланды. Жиында әрбір депутат бекітілген пункттердің орындалу барысы туралы есеп береді.

М.Бектұрғанова.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button