Еңбектегі әріптестік — заң талабы
Лайықты өмір сүру, салауатты және қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау — әр адамның арманы. Бірақ ондай жағдай өздігінен қалыптаспайды, ешкім сыйға тартпайды. Бұл — табиғи құбылыс, өмір заңдылығы.
Еңбек ету тәртіптемесі, оның қауіпсіздігі, еңбекақы төлеу, демалу реттері, басқа да жұмыс беруші мен жұмысшының арасындағы еңбек қарым-қатынастары негізінен әлеуметтік әріптестік жолымен реттелуге тиісті. Себебі, Еңбек кодексіндегі еңбек қатынастарының құқықтық нормаларының 10,0 пайыздан астамы тікелей қолданылады. Олардың қатарына жұмыс уақытының ұзақтығы, үстеме жұмыстардың шекті мөлшері, жыл сайынғы ақылы еңбек және әлеуметтік демалыстар, айлық жалақының ең төменгі мөлшері, еңбек ерекшеліктеріне сәйкес мемлекет тарапынан белгіленген кепілдіктер мен жеңілдіктерге байланысты нормалар кіреді. Ал әлеуметтік-еңбек қатынастары мәселелерінің қалған 80 пайыздай мөлшері ұжымдық шарттар, келісімдер арқылы реттеледі. Бұл қағидалар Кодекстің төрт тараудан тұратын «Еңбек саласындағы әлеуметтік әріптестік және ұжымдық қатынастар» деп аталатын арнаулы бөлімінде белгіленген. Әріптестіктің міндеттері, принциптері, мазмұны, оның республикалық, салалық, өңірлік және ұйымдар деңгейіндегі органдары, нысандары мен тараптары заңмен бекітілген. Демек, әлеуметтік, еңбек және осылармен байланысты экономикалық қатынастарды реттеу үшін ұжымдық шарттар, келісімдер жасау міндеттілігі тараптардың қалауы емес, заң талабы.
Ұжымдық келісім-шарттан жалтаруға болмайды
Дегенмен, облысымыздағы кейбір кәсіпорындарда, ұйымдарда, яғни жұмыс берушілер арасында заңда қаралған мәселелерді таңдау, міндеттемелер қабылдау еркіндігін келісім-шарт жасасу өз еркіміз деп түсінетін қате ұғым басым. Нәтижесінде, ең алдымен, қызметкерлердің, жұмысшылардың заңды мүдделерін қорғау толық қамтамасыз етілмей келеді.
Осындай, әлеуметтік тұрақтылыққа, экономикалық тәуелсіздікке тікелей қатысты маңыздағы заңсыздықтарды жоюға құзыретті мемлекеттік органдар тарапынан алынған шаралардың дәрменсіздігі байқалады. Мысалы, 2009 жылы облыс бойынша ұжымдық шарт, келісім жөніндегі келіссөздерге қатысудан жалтарғаны үшін 2, ұжымдық шартты, келісімді орындамағаны үшін 4 жұмыс берушілердің лауазымды тұлғалары әкімшілік жауаптылыққа тартылса, 2010 жылы осындай құқықбұзушылықтар үшін тек қана 2 тұлғаға әкімшілік айыппұл салынған. Осы кезеңдерде ұжымдық шарт жасаудан негізсіз бас тарту туралы мәселе еш жерде қаралмаған. Ал статистикалық деректерге сәйкес, облыс көлемінде тіркелген сегіз мыңнан астам жұмыс беруші субъектілердің бір мыңнан астамында ғана ұжымдық шарт жасалған.
Әдетте, қызметкерлердің бірден-бір өкілдері кәсіподақтар болып табылады. Бұл ғасырлар бойы шыңдалып, дәлелденген тарихи заңдылық және ол Еңбек кодексінің 1-бабы (60-тармағы) және 264-270 баптары нормаларымен айқындалған.
Бұл тұрғыда, Елбасы Н. Назарбаев 2008 жылы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі туралы өткен форумда сөйлеген сөзінде, «азаматтық қоғамға ықпал ететін құралдардың бәрінен де кәсіподақтардың рөлі ерекше маңызды. Күшті кәсіподақ ұйымын құра отырып, жұмысшылар жұмыс берушімен тепе-тең сөйлесе алады» деп ресми түрде мәлімдеген болатын. Бірақ осындай қарапайым түрде заң талаптары шеңберінде жасалған бағдарламалық тұжырымдаманың жүзеге асырылуы, жұмсарта айтсақ, ойдағыдай емес.
Жалпы, қандай да болсын мүдделер, әсіресе, ұжымдық мүдделер ұйымдасқан түрде ғана қорғалады, яғни қоғамдық ұйымдар құру арқылы жүргізілмек.
Кәсіподақ ұйымдары қоғамдық бірлестіктер қатарында тиісті мемлекеттік тіркеуден өткізіліп, заңды тұлғалар құзыретін, олардың заңда белгіленген өкілеттілігін иеленеді.
Қазіргі жағдайда, кәсіподақ бастауыш ұйымынан бастап Қазақстан Республикасы Кәсіподақтарының Федерациясына дейін кәсіподақ мүшесінің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғаумен айналысады, Қазақстан Республикасының Үкіметімен және Республикалық жұмыс берушілердің бірлестігімен Бас келісімге қол қойған. Кәсіподақтардың облыстық кеңесі, салалық кәсіподақтарының облыстық комитеттері облысымыздағы осындай өңірлік, салалық келісімдерге, ал жергілікті кәсіподақ ұйымдары кәсіпорындардағы ұжымдық шарттарға қол қойып, сол келісім-шарттардың орындалуын күнделікті бақылау арқылы жұмысшылардың мүдделерін қорғаумен тікелей айналысады. Жәй тілмен айтқанда, кәсіподақ ұйымдары бұрын қалыптасқан пікірдегідей, бір жолғы материалдық жәрдем тарататын немесе жылына бір рет демалуға жолдама бөлетін қайырымдылық қоры емес, жұмысшылардың өздерінің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін құрған тұтас бір тұрлаулы әрі демократиялық ұйым, заңды тұлға, еңбек қатынастарының заңмен бекітілген тарабы. Сол себепті де кәсіподаққа мүше жұмысшылардың артықшылығы осында екені айқын.
Кәсіподақ заңсыздықтан қорғайды
Өткен жылдың қараша айында облысымыздағы шетел компанияларының қатысуымен мұнай-газ өндіруші бірсыпыра кәсіпорындарында бұрғылау жұмыстарын күз-қыс кезеңдерінде тоқтатуға шешім қабылданып, жұмысшыларды жалақысы сақталмайтын демалысқа жіберу басталды. Бірақ кәсіпорындар басшылығы заңда белгіленген және ұжымдық шарттарда қаралған, жұмыс берушінің кінәсінен жұмыстың бос тұрып қалу уақытына жұмысшының орташа жалақысының елу пайызынан кем емес мөлшерде еңбекақы төлеу шартын орындамай, біржақты мүддені көздейтін шешім қабылдаған. Аталған заңсыздықтар жергілікті кәсіподақ комитетінің дер кезінде облыстық кеңеске хабарлап, алынған шұғыл шаралардың нәтижесінде дереу қалпына келтірілді, нәтижесінде мыңға жуық жұмысшылардың құқықтары және олардың отбасы мүшелерінің әлеуметтік мүдделері қорғалды.
Жоғарыда айтылған, өңірдегі қоғамдық әлеуметтік ахуалға кері әсерін тигізетін, жүздеген жұмысшылардың ұжымдық мүдделеріне нұқсан келтіретін оқиғаны жедел жоюға облыс басшылығының және Кәсіподақтарының республикалық федерациясының заңды түрде, әлеуметтік әріптестік келісімдер шеңберінде елеулі ықпал жасағанын айрықша атаған жөн.
Кәсіподақтарының облыстық кеңесінің және облыстық салалық кәсіподақ комитеттерінің қызметінен осындай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Кәсіподақтардың бастауымен заңда қаралған барлық мүмкіндіктерді, жұмысшылар мен жұмыс берушілердің мүдделерін жан-жақты ескере отырып, сауатты да сапалы жасалған ұжымдық шарттардың негізінде білім беру, денсаулық сақтау мекемелерінің, өндіріс, құрылыс, басқа да салалардың мыңдаған қызметкерлерінің әлеуметтік еңбек құқықтары, әсіресе, еңбек қауіпсіздігі, жалақы төлеу жөніндегі кепілдіктердің сақталуы жүзеге асырылады.
Кәсіподақ ұйымдарының еңбек қатынастарынан туындаған жеке және ұжымдық еңбек дауларының заңды тәртіппен қаралуын қамтамасыз етуде белсенділіктері артып келеді.
Қазіргі кезеңде, республика бойынша Кәсіподақтар федерациясының ұйымдастыруымен прокуратура және өкілетті мемлекеттік органдарымен бірлескен, еңбекшілердің еңбекақы алажақтарын өндіруге бағытталған жаппай шаралар өткізілуде.
Еңбек кодексінің тағы бір маңызды тарауы — еңбек заңнамасының сақталуын бақылау. Заңда бақылау үш салада: мемлекеттік, ішкі және кәсіподақ ұйымдарымен жүзеге асырылатын қоғамдық бақылауды жүзеге асырудың тәртіптері, өкілеттіктері толық айқындалған. Олардың ішінде, қоғамдық бақылау тиісті дәрежеде ұйымдастырылған жағдайда тыйымдылығымен ерекшеленеді. Себебі, мемлекеттік бақылау белгілі кезеңдерде жоспарлы түрде немесе түскен шағымдарға, хабарламаларға сәйкес жүргізілсе, ішкі бақылау ведомствалық бағыныштылық көлемінде өткізіледі. Ал қоғамдық бақылауды кәсіподақ ұйымдары белгілеген немесе жұмысшылардың жалпы жиналысында сайланған қоғамдық инспекторлар жүзеге асырады. Олардың кәсіпорындардағы өндірістік процестерге тікелей араласа жүріп, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау ережелері талаптарының сақталуын уақытында анықтау мүмкіндігі мол. Соған байланысты, жазатайым оқиғалардың алдын ала отырып, жұмысшы мен жұмыс берушінің мүдделерін бірдей қорғай алады.
Кәсіподақтарының облыстық кеңесі 119045 мүшелері бар 9 облыстық (салалық), қалалық кәсіподақ комитеттерін, 27 аудандық және оларға теңестірілген кәсіподақ комитеттерін және 1181 бастауыш және бірлескен кәсіподақ ұйымдарын біріктіреді. Кәсіподақ мүшелерінің 84 пайызы — жұмысшылар, 48 пайызы — әйелдер, 33 пайызы — жастар. Соңғы жылдары кәсіподақтардың бастауыш ұйымдары және мүшелерінің саны өсіп келеді.
Алайда кейбір ұжымдарда жергілікті кәсіподақ ұйымдары қызметіне жұмысшылар тарапынан сындар айтылатыны да жасырын емес. Жүргізілген талдаудан, бұл сындардың басым бөлігі әділетті екені көрінеді. Оның басты себебі кәсіподақ ұйымының сайланбалы қызметкерлерінің төмен белсенділігі немесе кәсіби біліктілігінің жеткіліксіздігі болса, қайсыбір орындарда атқарылған жұмыстардың, яғни шешілген мәселелердің және объективті себептермен шешімі табылмаған жайлардың ұйым мүшелеріне уақытында мәлімделмеуінен болады.
Қорыта айтқанда, кәсіподақ ұйымдарына сенім арту үшін сол ұйымдарды сайлауға әрбір жұмысшылар мен қызметкерлер үлкен жауапкершілікпен мұқият қатынасып, сайланбалы лайықты мүшелерін дұрыс таңдауы қажет.
Селбай ҚОЖЫҚОВ,
кәсіподақтары облыстық кеңесінің
құқықтық мәселелер жөніндегі бас маманы.



