Бір атаның балалары

Нұрмұханбет ДИЯРОВ,
«Ақтөбе»
Ойтүрткі
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында ма екен, жазушы Мұхтар Мағауиннің «Бір атаның балалары» атты көркем туындысы әдебиет бәйгесінен топ жарып шығып, оқырмандарының ерекше қызығушылығын тудырды.
Бұл туындыда бар баласын соғысқа, ел қорғауға аттандырып, олардан көп ұзамай қара қағаз алып, «шаңырағым шайқалып, отым өшеді» деп отырған Ахмет шал ауылға сырттан паналатуға әкелінген неміс баласы Зигфридті бауырына басады. Оған қазақшалап Зекен Ахметұлы деген атау береді. Сол неміс Зекенді өгейсітпей, жүректегі бар мейірімін төгіп, жақсы адам болып шығуына қамқорлығын жасайды. Оның осы қадамына қарсы шыққандар да аз болмайды. «Өз балаңды өлтірген немістің баласын неге бағасың?» деген де сөз айтылады.
Бұл көркем туынды ұлтқа, нәсілге бөлінудің қажетсіздігін, абзалы адамзатқа ауызбіршілік, бауырмалдық, достық қымбаттығын насихаттайды.
Абзалы, бірігудің жолы қиын да, ажырасудың амалы көп. Бұның бәрі негізінде ақыл мен сабырға келіп тіреледі.
Қазақта «Атасы басқа аттан түс» деген де халық тiршiлiгiнiң салтына айналып кеткендей бір мәтел бар. Осы тұжырымды да әр қилы мағынада пайдалануға болады. Бүгінде қызмет бабында атасы басқаны әрі итеріп, ағайынды айналасына жиып жүрген басшылар да кездесіп қалатыны жасырын емес.
Жақында мынадай әңгімені оқығаным бар.
«Тұманшы деген елде ертеде Түлек атты батыр болыпты. Қазақ-қалмақ арасындағы бiр қақтығыста жеңiлiске ұшырап, Төлек батыр артына ұлын мiнгестiрiп қашып келе жатса, «ағатай, бiздi қалдырма!» деп Есенбай, Құлтан деген iнiлерi алдынан шығыпты. Соңынан дұшпаны өкшелеп, алдынан екi iнiсi шырқыраған Төлек батыр:
Көзiмнен аққан қанды жас,
Атаңды күнде жау қумас,
Әйелдiң ұлы аттан түс,
Құдайым ұлсыз қалдырмас,
Емшектес болған қос бауыр,
Төлекке қайтып табылмас, — деп баласын жауға қалдырып, екi iнiсiн құтқарып қалған екен».
Оқығанда оқиғасы жүрек ауыртады. Бірге туғанның орны бір бөлек, бала — адамның бауыр еті. Сондықтан да бұл мысалды тура мағынасында қабылдаудың қажеті шамалы. Өнегелік жағы «туғаныңды дала, тастама» дегенге саяды ғой деп ойлаймыз.
Ақтөбедегі Жетесовтер отбасын қалың жұртшылық бүгінде жақсы біледі.
Ерлі-зайыпты Өмірхан Жетесов пен Амангүл Ешпанованың 21 баласы бар. Олар өздерінің үш баласына қоса, балалар үйінен 18 баланы бауырына басқан. Олардың арасында басқа ұлт өкілдері де бар.
Амангүл қарындасымыз бірде тіпті құжаттары реттеліп, шетелге кетейін деп жатқан қазақ қызын да асырап алған.
Бір ерекшелігі, қазір бір шаңырақ астындағы балалардың барлығы да қазақтың ұлттық аспаптарын үйреніп, қазақы тәрбиеленген. «Бастапқыда қазақтың баласы бақытты болсын деп ойлайтынмын. Кейіннен өзге ұлт өкілдерінен төрт баланы бауырыма бастым. Бәрін қазақы тәрбиеледім. Бәрі қазақша сөйлейді. Жарқынай деп атап кеткен Александрам жыршы, термеші. Темірхан — Тихон деген ұлым дәстүрлі әнші. Снежана прима-қобызда ойнайды. Өзім де музыка саласында жоғары білім алғанмын. Бірақ қазір балаларымыздың тәрбиесімен айналысамын. Бүгінде шағын ансамбль құрып, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың да қолынан көп нәрсе келетінін дәлелдедім. Олар да адам баласы», — дейді Амангүл Ешпанова.
Жетесовтер отбасындағы бір атаның балаларын Рим папасының Астанаға сапары кезінде байқаған шетелдіктер оларды Ватиканға қонаққа шақырыпты.
Жақсы мағынасында бір атаның балалары болу — бүгінгі күннің талабы. Бөлінгенді бөрі жейді.
Абайша айтсақ,
«Біріңді қазақ, бірің дос,
көрмесең істің бәрі бос»!



