Бензин мен дизель отынының бағасы қымбаттайды

Өзекті
Бұл туралы Энергетика министрінің міндетін атқарушы Болат Ақшолақов айтты. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында жанармай нарығындағы ағымдағы жағдай мен жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндаған Б.Ақшолақов елімізде үш мұнай өңдеу зауытында жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін мұнай өңдеу көлемі 3 млн тоннаға өскенін айтты.
Қазір жылына, шамамен, 17 млн тонна шикі мұнай өнделеді. Яғни елімізде соңғы бес жылда бензин шығару көлемі 70 пайызға, дизельдік отын 30 пайызға өскен. Жанармай өндіру көлемі қанша өскенімен, барлық сұранысты толық қамтамасыз ету мүмкін болмай отыр екен. Бензин мен дизель отынының бағасының өсуінің бір себебі — осы:
— Қазіргі төмен бағаларды сақтап отырсақ, біз қанша жанармай өндірсек те, барлық сұранысты қамтамасыз ете алмаймыз.
Өткен жылы дизель отынын шығару бойынша рекордты көрсеткіш — 5,2 млн тоннаға жетсек те, қазіргі жағдайда еліміздің бірқатар өңірлерінде дизель тапшылығы бар. 350 мың тонна көлеміндегі дефицитті (қысқы ДТ қоспағанда) қымбат бағадағы импорттық отынмен жабуға мәжбүр болдық.
Осы орайда экономикаға маңызды өнеркәсіп секторы болып саналатын тау-кен металлургия кешені және теміржол салаларының тұтыну көлемі сол қалпында қалды, яғни өскен жоқ, — деді Б.Ақшолақов.
Оның айтуынша, нарықтағы дизельге сұраныстың тұрақты өсу себебінің негізгі факторларының бірі — транзиттік көлік ағыны, сондай-ақ шетелге экспортқа шығарылуы. Өткен жылы шетелдік транзиттік көлік тұтынған дизель көлемі, шамамен, 150 мың тоннаға жеткен, оған қоса 200 мың тонна отын («IHS Markit» есебі бойынша) экспортқа кеткен.
Болат Ақшолақовтың айтуынша, Қазақстанда дизель отыны тапшылығының басты себебі — бағадағы диспропорция. Отандық отын бағасы көрші елдермен салыстырғанда айтарлықтай арзан. Қазақстан — әлемдегі жанармайы арзан он елдің қатарында. Мысалы, Ресейде дизель бағасы орташа есеппен литріне 345 теңге, бұл біздегі нарық бағасынан 45 пайызға қымбат. Қырғызстандағы баға 64 пайызға жоғары, яғни литріне — 390 теңге, Өзбекстандағы баға бізбен салыстырғанда екі есеге қымбат — литріне 480 теңге, біздің елдегі бағамен салыстырғанда айырмашылық —101 пайыз.
— Қазақстандық дизель отынын түрлі жолдарды пайдаланып, шетелге сатудан түсетін пайда 50 пайыздан 120 пайызға дейін жетеді, жалпы пайда — жылына, шамамен, 140 миллион доллар.
Көрші елдердегі жағдай Қазақстанның ішкі нарығына да әсер етіп отырады. Мысалы, өткен жылдың наурызында Ресейдегі бөлшек саудадағы дизель отынының бағасы Қазақстандағы бағамен теңесіп, арзандаған болатын.
Нәтижесінде біз Ресеймен шекаралас жанармай станцияларында отынды сату көлемі азайғанын байқадық, демек Қазақстаннан жанармай шығару экономикалық тиімсіз болды.
Көрші елдердегі баға күрт көтерілген кезде, біз дизель өндіру көлемін арттырсақ та, күз айларында оның тапшылығын қайта көрдік. Осы жылы да бағадағы айырмашылық сақталып отыр. Өткен жылғы наурыз айымен салыстырғанда тұтыну көлемі 15 пайызға артқанын көріп отырмыз.
Бұл жағдай сақтала берсе, онсыз да шетел асып отырған қазақстандық дизельдің көлемі арта түсіп, биылдың өзінде 850 мың тонна дефицитке тап болуымыз мүмкін.
Алдыңғы жылдары тапшылықты өндіру көлемін арттыру арқылы жауып отырсақ, қазір отандық мұнай зауыттары максимальді режимде жұмыс жасап тұр. Алдағы алты жылда дизель көлемін бірнеше есе арттыратын мүмкіндік жоқ (Шымкент зауытын кеңейткенше).
Аталған себептерге байланысты Қазақстан арзан отынмен басқа елдердің экономикасын субсидияландырып, өз ұлттық мүддесіне зияны тиіп жатыр деп айтуға толық негіз бар, — деді Болат Ақшолақов.
Осындай себептерге егжей-тегжейлі тоқталған Энергетика министрлігінің басшысы негізгі факторларды қысқаша қорытындылады:
— Ағымдағы төмен бағаларды сақтап отырсақ, біз қанша жанармай өндірсек те, барлық сұранысты қамтамасыз ете алмаймыз, бұл — бір.
Екіншіден, бағалар арасындағы айтарлықтай айырмашылыққа байланысты көрші елдерге «ағын» жалғаса береді, оның көлемі арта түседі. Ешқандай шектеулер нәтиже бермейтіні анық.
Үшіншіден, жанармай бағасындағы диспропорция көлеңкелі нарықты нығайтып, ұлттық экономикаға, мүддеге кері әсерін тигізеді.
Төртіншіден, жанармай бойынша төмен бағаны сақтау мұнай-газ саласына инвестиция тартуға, оны дамытуға, геологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп, ресурстық базаны толықтыруға мүмкіндік бермей отыр, — деді Б.Ақшолақов
Оның айтуынша, ішкі нарықтағы жанармай жағдайын тұрақтандыру үшін Қазақстанның көрші елдермен салыстырғандағы баға бойынша айырмашылығын азайту қажет.
— Бұл қиын, бірақ қажет шешімді қабылдауымыз керек, яғни бөлшек саудадағы жанармай бағасын көтеру қажет. Осы тұрғыда АИ-92 және АИ-93 маркалы бензинге баға литріне 182-187 теңгеден 205 теңгеге дейін жеткізілмек, өсім — 11 пайыз. Дизель отыны литрінің бағасы — 295 теңге, орташа есеппен өсім — 20 пайыз. Қазір өңірге байланысты баға 230 теңгеден 260 теңгеге дейін болып тұр. Осындай бұйрықтың жобасы бүгін жарияланатын болады, — деді Болат Ақшолақов.
Оның айтуынша, баға бойынша айырмашылық мәселесін қазір қолға алмасақ, алдағы уақытта елеулі тапшылық болуы мүмкін. Бұдан басқа Б.Ақшолақов экономикалық маңызды саланы дамыту мүмкіндігінен айрылып, еліміздің энергетикалық қауіпсіздігіне де әсер ету қаупі бар екендігін де жасырмады.
Энергетика министрлігінің басшысы отын тапшылығын төмендету үшін елімізде жанар-жағармай бағасын реттеу шаралары қолға алынғанын атап өтті. Олар: жанармайды теміржол және көлікпен шығаруға тыйым салынады, ресурс иелеріне жанармайды тікелей жанармай станцияларына сатуға міндеттейтін заңнамалық нормалар қабылданды; мұнайды жеткізу және мұнай өнімдерін сату кезіндегі өнімсіз делдалдар алынып тасталды.
— Бұдан басқа, өткен жылдың тамыз айында біз тапшылықты азайту үшін сараланған баға (450 теңге) және лимиттер (300 литрге дейін) енгіздік. Бірақ барлық шектеуге қарамастан, «көлеңкелі экспорт» арқылы отынды шығару мүмкіндіктері табылды. Осыған байланысты тапшылықты болдырмау үшін шұғыл түрде қымбат импорттық отынды сатып алуға мәжбүр болып отырдық, — деді Б.Ақшолақов.
М.ТАБЫН.



