Төраға сайланды, депутаттарға куәлік табысталды

Мәслихат
Кеше облыс әкімдігінде өткен облыстық мәслихаттың сегізінші шақырылымының бірінші сессиясында жаңадан сайланған депутаттарға куәліктер тапсырылып, облыстық мәслихаттың төрағасы сайланды. Сондай-ақ облыстық мәслихаттың екі тұрақты комиссиясының құрамы бекітілді.
Алдымен жиында облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлыбек Жүсіпов облыстық мәслихаттың депутаттарын сайлау қорытындылары туралы баяндама жасады.
Оның айтуынша, биылғы саяси науқанда облыста сайлау процесіне 14 аумақтық, 187 округтік және 525 учаскелік сайлау комиссиясы, жалпы саны 4556 комиссия мүшесі қатысқан. 19 наурызда өткен сайлауда облыстағы сайлаушылардың 58 пайызы дауыс беріп, өз таңдауын жасаған. Соның нәтижесінде «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес облыстық мәслихаттың 34 депутаты аралас сайлау жүйесі (17-сі — партиялық тізім, 17-сі — бірмандатты аумақтық сайлау округтері бойынша) шеңберінде сайланып отыр.
— Облыстық мәслихат депутаттығына 6 саяси партиядан жалпы саны 59 кандидат ұсынылды. Атап айтсақ, Amanat партиясынан — 32, «Ауыл» партиясынан — 9, «Respublica» партиясынан — 2, Қазақстан Халық партиясынан — 5, Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясынан — 6, сондай-ақ «Ақ жол» партиясынан — 5 үміткер. Жалпы сайлау бюллетеніне 5 саяси партия енгізілді. 17 бірмандатты сайлау округі бойынша сайлау бюллетеньдеріне облыстық мәслихат депутаттығына 67 кандидат енгізілді. Нәтижесінде аталған сайлау округтерінен облыстық мәслихатқа 17 депутат сайланды. Бүгін облыстық мәслихаттың сегізінші шақырылымына қатысып отырған депутаттардың 26 пайызы, яғни 9-ы — жетінші шақырылымның депутаты. Ал қалғандары — жаңадан сайланғандар. Жалпы 34 депутаттың ішінде 32-сі — қазақ, екеуі — орыс ұлтының өкілі. Ал депутаттық корпустағылардың 9-ы әйел болса, қалғаны — ер адамдар. Депутаттардың орташа жасы — 49 жас. Ең жас депутат 24 жаста болса, жасы үлкені — 66 жаста, — деген Нұрлыбек Жүсіпов жаңадан сайланған депутаттарға куәліктерін табыстап, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
Бұдан кейін сессияның күн тәртібінде облыстық мәслихаттың төрағасын сайлау мәселесі қаралды. Депутаттар ашық дауыс беру арқылы Гүлқасима Сүйінтаеваның кандидатурасын қолдады.
Отырыста жаңадан сайланған облыстық мәслихат төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева өзіне сенім білдірген депутаттарға ризашылығын жеткізді.
— Маған білдірген сенімдеріңіз үшін алғыс айтқым келеді. Алдағы уақытта сіздермен бірлесіп, бірқатар жұмыстарды атқаратын боламыз. Біріншіден, әлеуметтік әл-ауқат индексін арттыру, екіншіден, сайлаушылардың алдында ашық болу принципін ұстануымыз керек. Біздің басты міндетіміз — халық алдында борышымызды абыроймен атқару, сондықтан халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған жұмыстарды қолға алуымыз керек. Сайлаушылардың депутаттарға қоятын талаптары қашанда жоғары. Сол себепті депутаттық корпус халықпен тығыз байланыста болып, ашықтықты қамтамасыз етіп, сайлаушылармен жақын болуға тиіспіз. Сондай-ақ біз бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен, қоғам белсенділерімен ынтымақтастық орнатып, барлық деңгейдегі әкімдіктер мен мемлекеттік басқару органдарымен тығыз байланыста жұмыс жасауымыз керек. Баршаңыздың қолдауларыңызға алғыс айтамын, алдағы уақытта маған артылған сенімді ақтау үшін барлық тәжірибем мен білімімді сала отырып, абыроймен еңбек етемін, — деді Г.Сүйінтаева.
Одан әрі сессияда депутаттар корпусы облыстық мәслихаттың екі тұрақты комиссиясын құрып, олардың төрағалары мен құрамын бекітті. Атап айтсақ, облыстық мәслихаттың бюджет, өңірлік және салалық даму жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы болып Нұрлан Махамбетов, ал әлеуметтік-мәдени даму, заңдылық, құқық тәртібі және жұртшылықпен жұмыс жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы болып Айгүл Дүйсенова сайланды.
Сондай-ақ отырыста Amanat, «Ауыл» және «Ақ жол» партиясының депутаттық фракциялары тіркеліп, облыстық мәслихаттың 2023 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді.
Сессияда облыс әкімі Ералы Тоғжанов жаңадан сайланған депутаттарға сәттілік тілеп, алда атқарылатын жұмыстарға тоқталып өтті.
— Алдымен сайлауда жеңіске жетіп, облыстық мәслихат депутаты мандатына және халықтың сеніміне ие болған азаматтарды шын жүректен құттықтаймын.
Депутат болу — екінің біріне бұйыра бермейтін үлкен мәртебе, сондай-ақ зор жауапкершілік. Бұқараның пікірімен санаса отырып, олардың мұң-мұқтажына көңіл бөлу, сенімі мен үмітін ақтау, сайлау алдында берген уәделеріңізді орындау, сайлауалды бағдарламаларыңызды жүзеге асыру — сіздердің басты қағидаттарыңыз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Парламенттің сегізінші шақырылымының бірінші сессиясында барлық партиялар сайлауға бірдей жағдайда қатысқандығын және биылғы сайлау науқаны шынайы бәсеке жағдайында, ашық өткендігін айтты. Сондай-ақ Президентіміз бұл отырыста ел экономикасын көтеруге қатысты бірқатар шешуші қадамдарды атап өтті. Оның ішінде кәсіпкерлік, өндірістік салаларды, инфрақұрылымды дамытуға күш салу керектігін, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, адам капиталының сапасын көтеру, әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарға қолдау көрсету, тағы басқа өзекті мәселелерге баса назар аударуды ескертті. Біз Мемлекет басшысының осы тапсырмаларын орындап, облыстың әлеуетін көтеруге тиіспіз.
Өздеріңізге белгілі, биыл облысымызда «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асырылуда. Өзге өңірлерге үлгі болған бұл жоба халықтың табысын арттыруға үлкен серпін береді. Сондай-ақ биыл өңірімізде 770 шақырым жол салынады. Қазір облыстағы бірнеше ауданда су тасқыны болып, тұрғындар зардап шегіп отыр. Біз оларға да қажетті жағдайды жасаймыз. Одан бөлек газбен қамту, экология, жол, көшелерді жөндеу мәселелері де жоспарда бар. Міне, осы проблемалардың шешілу жолдарын сіз бен біз болып қарастыруымыз керек, — деді Ералы Тоғжанов.
Сессия соңында сөз сөйлеген «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігінің Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Келдібай Еспағамбетов жаңадан сайланған депутаттарды халықтың мұң-мұқтажын көтеріп, өңірдің дамуына атсалысуға, сондай-ақ өзекті мәселелерді шешуде ашықтық пен әділдік принциптеріне сүйеніп, шешім шығаруға шақырды.
Данагүл ҚАЗИХАН.