Жаңалықтар

Қалалық мәслихатта енді 32 депутат бар 

Мәслихат

Кеше Ақтөбе қалалық әкімдігі ғимаратында жаңадан сайланған жергілікті мәслихат депутаттарының алғашқы сессиясы өтті.  Онда қалалық мәслихаттың төрағасы анықталып, 5 тұрақты комиссия құрылды.

Vlll шақырылымдағы мәслихаттың бірінші басқосуын қалалық аумақтық сайлау комиссиясының жетекшісі Дина Қалмағамбетова ашып, алдымен 19 наурызда өткен сайлау қорытындысына тоқталды. Оның айтуынша, Ақтөбе қаласы бойынша дауыс беруге 147 мыңнан астам сайлаушы қатысқан. Бұл — тізімдегі адамдардың 44,5 пайызы.

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаттары барлығы 32 бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланды. Яғни 128 кандидаттан 32-сі суырылып алға шықты. Олардың 24-і — Amanat партиясынан, 4-еуі «Ақ жол» партиясынан, 2-уі— «Байтақ» партиясынан, 1-еуі — Қазақстан халық партиясынан, 1-еуі— өзін-өзі ұсынушы.
Депутаттық құрам 60 пайызға жаңарды. Депутаттық корпустың 31 пайызы —әйел адамдар (10 депутат). Ал ең жасы —27-де. Жаңадан сайланғандардың арасында білім беру, денсаулық сақтау, журналистика, кәсіпкерлік, спорт салаларының өкілдері бар.

— Сайлау науқанында 32 округтен 128 кандидат тіркеліп, бәсекелестік өте жоғары болды. Сіздер халықтың сенімінің арқасында жеңіске жетіп, депутат атанып отырсыздар. Бұның ең бірінші кезекте үлкен жауапкершілік екенін ұмытпаңыздар. Сіздермен бірлесе талай жұмыстарды атқаратынымызға сенемін. Алдымызда көптеген міндет тұрғанын, мәселелердің аз еместігін жақсы білесіздер. Басты мақсат — қаламызды дамыту, одан әрі өсіп-өркендеуіне үлес қосу. Соның ішінде тазалықтан бастап, инфрақұрылым жайына мән беру, әлеуметтік нысандар салу, тағы басқа шаруалар жоспарымызда бар. Сайлаушылар алдындағы міндеттемені енді бірге орындайтын боламыз.

1 сәуірден бастап қаланы санитарлық тазалау бойынша екі айлық науқан жарияладым. Соған әр депутат өз округі бойынша халықты жұмылдырып, белсенді атсалысады деп үміттенемін.

Баршаңызды депутаттық мандаттарыңызбен құттықтаймын, — деді Ақтөбе қаласының әкімі Мұрат Жөребеков.
Сондай-ақ сессия барысында ашық дауыс беру нәтижесінде Ақтөбе қалалық мәслихатының төрағасы болып депутат Анар Даржанова сайланды. 5 тұрақты комиссия құрылды. Артынша сайланғандарға депутаттық куәлік пен төсбелгі табысталды.

Мәслихаттың бірінші сессиясына атқарушы билік өкілдері, қоғамдық кеңес мүшелері, журналистер қатысты.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button