Шебердің этностильдегі сөмкелері

«100 ЖАҢА ЖОБА»: ТАБЫСТЫҢ КІЛТІ — ЕҢБЕКТЕ
Ақтөбе қаласы
«Ауыл аманаты» жобасы аясында ұйымдастырылған «100 жаңа жоба» көрме-жәрмеңкесіне Ақтөбе қаласының тұрғыны, этностильдегі бұйымдар тігетін Алтын Жаманқұловада қатысты.
Мұнда жұрттың көбі этностильдегі рюкзак пен сөмкені ұстап көріп, қызығушылық білдіріп, бағасын сұрап жатты. Расында да, қазақы нақышта безендірілген құрақ сөмке көптің назарын өзіне аударды. Әп-әдемі. Бұл күні қолдан тігілген балаларға арналған этнорюкзак 10 мың теңгеден, қыз-келіншектерге арналған сөмкелер 15 мың теңгеден сатылды.
—Әке-шешеміз өте еңбекқор болды. Әкем бағбан әрі жоқтан барды жасайтын шебер еді. Әдемілікті сүйетін. Өзімнің туып-өскен жерім — Ойыл ауданы Амангелді ауылы. Біздің үйдің ауласында алма ағаштары, жүзім өсетін. Жеміс ағаштары мен көкөністерді егіп, баптайтын еді әкем. Құрдастарым әлі күнге дейін біздің ауланың жеміс-жидекке толы болғанын еске алып отырады. Ата-енем мұғалім кісілер болды.Әкем еңбекқорлыққа тәрбиелесе, енемнен құрақ құрауды үйрендім. Бала тәрбиесімен үйде отырған кезде тігін ісін қолға алдым. 2005 жылдан бастап көрпе тіге бастадым.Әуелі көршілерім, тума-туыс менің көрпе, қыз жасауын тігетінімді бір-бірінен естіп білді, тапсырыстар түсе бастады. Ізденіс үстінде жүріп, 2021 жылы «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының бір бөлігі саналатын «Бастау-Бизнес» жобасына қатысып,кәсіпкерлік негіздері курсын оқып,бизнес-жобамды қорғап, грант жеңіп алдым, —дейді Алтын Жаманқұлова.
Жалқаулыққа жаны қас кейіпкерім көрпесін тіге жүріп кондитерлік іспен де шұғылданғанын айтады. Бәліштер мен тәтті бөлкелер, пирогтар пісіріп, үй маңындағы дүкендерге тапсырған. Сөйтіп жүргенде «Дина» супермаркетіне жұмысқа кіріп, ол жерде де «қарап жүре алмай», жұмыстастарынан қыз жасауына тапсырыс алыпты.
Қолөнер десе ішер асын жерге қоятын тігінші бүгінде қыз жасауға қоса этностильдегі бұйымдар тігуді қолға алыпты.
— Қазір жастар киген киімдері мен ұстаған бұйымдарында қазақы нақышта қандай да бір элемент болғанын қалайды. Бұл — тренд. Нарық сұранысына қарай әйелдердің этностильдегі сөмкелері мен балалар арқалайтын рюкзактарды тігіп жатырмын. Мұндай сөмкелер құрақпен немесе ою-өрнекпен көркем көрінеді. Кейде қыз жасауына қоса құдағи сөмкелерге де тапсырыс беретіндер бар. Мен қыз-келіншектерге арналған сәнді сөмкелерді түр-түсіне қарай «Кербез», «Жауқазын», «Генерал» деп атадым. Сондай-ақ қазір экосөмкелер де сәнде. Әсіресе мұндай сөмкелер жасөспірімдер мен бойжеткендер арасында сұранысқа ие. Мен де тұтынушылар тапсырысына сай осындай шопперлерді ою-өрнекті, қызыл-жасылды дак матасынан тігіп жүрмін. Менің ойымша, әр үйде матадан жасалғаншоппердің екеуі болуға тиіс. Бірін шаруашылық бұйымдарына, екіншісін азық-түлікке арнап қойған жақсы. Дак матасына су жұқпайды. Кем дегенде бес жыл пайдаланасыз. Ластанып кетсе, кір машинаға салып, жуып алуға болады. Пайдаланбаған кезде бос сөмкені бүктеп, жинап қоюға болатындай етіп жасадым. Мұндай экосөмкені 3,5 мың теңгеден сатып жатырмын, — дейді шебер.
Он саусағынан өнері тамған шебер қазіргі заманның талаптарына тез бейімделіп, тұтынушы қалауын да дөп басады. Ісмер тігін ісіне қоса лазерь станогының көмегімен ағашты ойып, күйдіріп, түрлі бұйымдар жасаумен де айналысатындарын айтты. Қытайдан бір миллион теңгеге әкелген лазерь станогының «тілін» жолдасы Нұрлан мен кенже ұлы Нұрсұлтан жақсы біледі.Олар ағаштан шаңырақ пішінін жасап, тапсырыс берушінің жеті атасының есімін ойып жазып, отбасы тұмарын жасайды. Жас спортшылар мен өнерпаздардың медальдарын ілуге арналған жетістіктер бұрышын, кіреберісте тұратын кілт ілгішті де ағаштан жасап беріп жүр.
— Жолдасым Нұрланның да, менің де мамандығым — мұғалім. Бұрын балалардың, қазір немерелердің қасында көбірек болып, соларды тәрбиелеу үшін жеке кәсіпті таңдадық. Екі ұлым, екі келінім бар. Нұрлан мен Зарина бөлек тұрады. Ал Нұрсұлтаным — қолғанатым. Келінім Нұргүл бала тәрбиесімен үйде отырғанымен, қолы қалт еткенде әлеуметтік желіні жүргізеді, оған отбасылық кәсіптің инстапарақшасын жүктеп қойдық, — дейді Алтын Жаманқұлова.
Ұлттық бұйымдарды дәріптеп, заманауи этностильдегі бұйымдарды насихаттап жүрген кәсіпкер қыз жасауы мен шаңырақ тұмарына еліміздің түкпір-түкпірінен тапсырыс түсетінін айтады. Отбасылық кәсіпті одан әрі дамыту үшін ол бүгінде құрақ құрайтын, мақта салатын екі жұмысшыға, сондай-ақ лазерлі станокпен жұмыс жасайтын бір көмекшіге жалақы төлеп отыр.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.



